Жайықтың суын Ресеймен бірлесіп пайдалану келісімдерінің жағдайы қалай болып жатыр? Бұл сұраққа Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілістегі Үкімет сағатында жауап берді.
— 2023 жылдан бері трансшекаралық өзендердің мәселесіне арналған 80-нен астам кездесу өткізсек, соның 22-сі Ресей тарабымен жүрді. 2016 жылы сол кездегі Экология және табиғи ресурстар министрлігі ресейлік әріптестерімен арнайы келісімшартқа қол қойған. 2019 және 2024 жылдары осы келісімшарттың мерзімін ұзарту бойынша келісімдер жасалды. Бірақ 18 тармақтан тұратын келісімшарттағы мәселенің бәрі экологияға ғана байланысты болған. 2024 жылдың желтоқсан айында осы келісімшартты тағы 5 жылға ұзарттық, — деді ол депутат сауалына жауап бере отырып.
Айтуынша, Ресей тарабы кей жылы Қазақстанға тиесілі судың тең жартысын беріп келген.
— Су көлеміне келсек, 2019 жылы Жайық өзенінен ең төмен көлемде су берілген. Жалпы келісім бойынша жыл сайын ең кем дегенде 7,8 млрд текше метр су алуымыз керек. Ал 2019 жылы 3,5 млрд текше метр ғана су алдық. Сондықтан мемлекет басшылары тапсырма беріп, арнайы жол картасы әзірленген. Жол картасының аясында Жайықтың бойындағы су қоймалары мен бөгеттерін түгендеу керек. Ол жол картасының да мерзімі ұзартылды, — деді министр.