Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа танытатын және баяндайтын тарихи ескерткіштеріміз. Еліміздің үшінші мегаполисі, 2200 жылдан астам тарихы бар Шымкент қаласы тарихи ескерткіштерге бай.
Олардың күтіп-ұсталуы, қорғалуы жауапты мекмелер тарапынан қолға алынып, нақты жұмыстар атқаралып келеді. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәліметінше, шаһар аумағында жалпы 180-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектілері бар. Олардың 30-ы археологиялық, 121-і монументтік өнер құрылыстары, 11 қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, 2-еуі киелі ескерткіштер. Оның ішінде 7-еуі республикалық, 8-і жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің қатарында.
– Ескерткіштер әрбір ұлттың тарихы мен өткенінен сыр шертетін байлығымыз. Ол елдің өткені мен бүгінін саралайды. Ұлттық мәдени құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау баршаға ортақ міндетіміз. Өйткені, оның келер ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі маңызы зор. Осы мақсатта, Шымкентте осы жылдың бірінші тоқсанында, республикалық және жергілікті маңызы бар 15 тарихи және мәдениет ескерткіштің жай-күйін бақылау мақсатында арнайы мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мамандардың жұмыс нәтижесінде белгілі болғандай қаламыздағы республикалық маңызы бар Қожа Салық кесенесінің қабырғалары мүжіліп, құзданып жатқанына байланысты қайта жөндеу жұмыстарын қажет ететіні анықталды. Бүгінгі күні кесенені жауын-шашыннан қорғау үшін сыртын жарты беліне дейін кленкамен орап қойған. Кесене Қаратау ауданы әкімдігіне қарайды.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алу, қорғау және мемлекеттік тізімге алуда тарихи-мәдени сараптама дайындалады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің жинағын құрастыру жоспарланды, - деп атап өтті қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б.Орынтаев.
Атап өтсек, реставрация жүргізілетін Қожа Салық кесенесі Мәртөбеге баратын жолдың бойындаорналасқан. Көне ғимаратты Сұлтан Мансұр тұрғызған. Төрт қырлы кесене кірпіштен салынған, нысанның ішінде жоғары көтерілетін баспалдағы бар. Дерекке сүйенсек, алғашқы кесене VI-ыншы, енді бір деректерде ХІ ғасырда салынған дейді. Бірақ тарихшылар қазіргі ғимарат ХІХ ғасырдың ортасында тұрғызылған дейді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында кесенеге жөнделіп, 1980 жылдары мемлекет қорғауына алынған. Соңғы рет тарихи нысанға 1990 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстарынан өткен.