Шымкент қаласында мемлекеттік мекемелерде тілдік ахуал тұрақты. Бұл туралы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б.Орынтаев атап өтті.
«Басқарма тарапынан қалалық басқармалар мен аумақтық мекемелердің (департаменттер, инспекциялар) ішкі құжат айналымына тоқсан сайын мониторинг жасалады» дейді басшы. 2024 жылғы 6 айдың қорытындысымен шығыс құжат айналамындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдарда 94 пайызды, оларға бағынысты мекемелерде 95 пайызды құраған.
– Қаладағы Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бақылау-касса машиналарын мемлекеттік немесе орыс тіліне ауыстыру функциясы бойынша семинарлар мен сауда-саттық орындарында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1839 бақылау-касса машиналарының 67,6%-ы мемлекеттік тілге ауыстырылды. Көрнекі ақпараттар мен маңдайшалардағы заң бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда тілдік кемсітушіліктерге жол бермеу мақсатында «Тіл ұлтаралық қатынас құралы» тақырыбында республикалық конференция ұйымдастырылды, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Атап өтейік, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Солардың бірі жуырда өткен – «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» қалалық байқауы. Байқауға жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлер, мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандар және жарнама агенттіктері белсенді қатысып, мемлекеттің тілдің мәртебесін көтерді. Байқаудың мақсаты –мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қадағалау жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру, - дейді орталық мамандары.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар, алғысхаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.