Шымкентте ұлттық өнерді ұлықтап, қолөнер бұйымдарын жаңғыртып жүрген Фарида Бакиева атты ұлт жанашыры бар. Жуырда Фарида Бакиева «Qazaq Qazynasy» атты қазақы қол кілемдері цехын салтанатты түрде ашты. Цехта кілем тоқу және киіз басу өнері жаңғыртылып, қолөнершілер жастарға үйретеді.
Расында бүгінде киіз басып, кілем тоқып жатқандар некен-саяқ. Өнердің қыр-сырын білетін ақ жаулықты аналар мен әжелердің қатары сиреді. Сондықтан болса керек төрде ілінетін көздің жауын алатын қол кілем мен аяқ астында жататын сан оюмен ерекшеленетін текеметті көрмеден не мұражайдан көретін болдық. Үйдің сәнін беретін, денсаулыққа пайдалы саналатын тұрмыстық бұйымдар бүгінде сәндік бұйымға айналып үлгерді. Үйде жүн түтіп, текемет басатын, тоқпақты пайдаланып кілем тоқу дәстүрі ұмытылып бара жатқанда Фарида Бакиева ұлтымыздың ұлттық өнерін мен тәлім-тәрбиесін насихаттауы қуантады. Асыл өнерді жаңғыртқан жанның цехтағы ашудағы тағы бір мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету. «Қазақстан қашанда өзін әлеуметтік бағдарлы мемлекет ретінде танытып келеді. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді түрде араласып, білім алып, өнер және кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуде мен де өз үлесімді қосып, осындай жобаны қолға алдым» - дейді өнер жанашыры.
- «Арман Әлемі» заңды тұлғалары бірлесіп, бизнес инкубатор жобасын іске асырдық. Цех ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар, мүгедектігі бар қыз-келіншектерге арналған. Олар да қоғамнан қалыс қалмай, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге, қолөнер бұйымдарымызды сақтап қалуға, оны кіші буынға үйретуге өз үлестерін қосады. Цехта келушілер тегін оқу курстарына қатысып, кілем тоқу, киіз басу бойынша жұмыс жасай алады. Қазір бес қыз-келіншектен құралған екі топ жұмыс істеп жатыр. Кілем тоқумен қатар киіз басумен де айналысады. 4 кілем тоқу құрылғысы бар. Ниет білдірушілердің санына қарай оны 10 данаға дейін көбейту жоспарда бар дейді, - Ф.Бакиева.
Елімізде, ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар мемлекет назарында. Оларға медициналық, әлеуметтік-психологиялық қолдауда көрсетіліп, бұл бағытта «Кедергісіз келешек», «Тең мүмкіндіктер әлемі», «Арман әлемі» деген қоғамдық қауымдастықтар жоспарлы түрде үлес қосып жүр. Ортақ мақсаты біреу, ол – ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды қоғамнан тыс қалдырмау және сол балаға күтім жасайтын ата-аналар да жұмыссыздық мәселесін шешу. Фарида Бакиева ерекше күтімді қажет ететіндерге қолдаумен қатар, ұлттық мәдениетті дәріптеудегі еңбегін қоса алып жүруі көпшілліке үлгі боларлық іс екен.