Биыл Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы 65 жасқа толды. Жазушының мерейтойы аясында қалада бірқатар іс-шаралар ұйымдастырлды.
ымкенттегі орыс драма театрында Момбек Әбдіәкімұлының 65 жасқа толу мерейтойы салтанатты түрде өтіп, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөзімен ашып берді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан арнайы барған Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаты мен Момбек Әбдіәкімұлына қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Қазақстанның Құрметті жазушысы» куәлігін тапсырды. Мерейтой кешіне Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қоғам қайраткерлері Бекет Тұрғараев, Еркін Сатқан¬баев, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, жазушы Захардин Қыстаубаев және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, жазушының өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды.
Момбек Әбдіәкімұлы 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетін тәмәмдаған жазушы тарихи тақырыптарда қалам тербеді. ҚР Журналистер одағының, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше ғылыми еңбектің авторы, 20-ға жуық төсбелгі және медальмен марапатталған жазушы бірқатар кітаптың авторы. Оның «Зобалаң», «Дүрбелең», «Қараман қарақшы», «Разборщиктің жан сыры», «Сүлеймен қарақшы» сынды кітаптары оқырманға таныс.
– Момбек оңтүстік өлкесінің өткені мен бүгінгісін зерттеп, ақиқатын кітапқа арқау еткен жазушы Бүгінгі күні Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Ташкент облыстарында өмір сүрген қазақтардың соңғы үш-төрт ғасырда басынан өткен тарихи оқиғаларды зерттеп жүр. Зерттеуіндегі әрбір құжаттағы цифрларды сөйлетіп, деректерге жан бітіріп, мәліметтерді көркем шығармаға айналдыра білетін жазушы, – деді замандасы Қасымхан Бегман.
Жуырда Момбек Әбдіәкімұлының «Күн тұтылған мезет», «Жаманқара батыр» атты тарихи хикаяттары оқырманға жол тартты. Тарихи туындыларда Шымкент қаласының тарихына тұтастай шолу жасап, өткен ғасырларда орын алған барлық тарихи оқиғаларды молынан баяндаған.