Мыңнан аса көне жәдігерді сақтаған

Шымкентте көпқабатты үйдің ауласы ұлттық кілем-алашалардың ою-өрнектерімен безендірілген аула көпшілікті сүйсінтіп жүр. Ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген ауланың әсемдігі көздің жауын алады.

Screenshot_13.jpg

Кілемнің 40-тан астам түрі бейнеленген ауладағы туындыларды  салуға суретшілер бір айдан астам уақыт жұмсапты. Бұл идеяның авторы  шымкентіктерге таныс есім, осы аулада тұратын ұлттық өнерді дәріптеп жүрген – Дана Бектаева. Ауладағы жертөлені Дана мұражайға айналдырған орында қолдан тоқылған 1000-нан астам кілем сақталған.  

Дана Ерікқызы қолдан жасалған қазақ ұлттық кілемдерін он бес жылға уақыттан бері жинап келеді. Түкті және түксіз, алашалар, намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем сияқты сан тарауға бөлінетін тұрмыстық бұйым туралы Дана барлық деректермен таныстырудан жалықпайды. Оның коллекциясында аталған кілемдерді табуға болады. Дананың коллекциясындағы құндылығы аса жоғары бұйым — Абылайхан заманынан қалған кілем. «Мұндай Қазақстанда 7-8 ғана кілем кездеседі. Олардың әрқайсысы өте қымбатқа бағаланады.

Кілемнің бетінде шаянның белгісі бар. Шаян – биліктің символы», деп түсіндірді жәдігерді сақтаушы.

Сонша кілемнің арасынан бір жағы ашық, екінші жағы күңгірт түсті кілем көзге ерекше түседі. «Бұл өмір ақ пен қара түстен тұрады, түн күнмен алмасады. Мұны тоқыған шеберлер соларды меңзеген болуы мүмкін. Шеберлердің айтуынша,  дәстүрімізде бір қайғылы жағдай орын алып немесе туыстарынан бір адам қайтыс болса, онда жұмысты қырық күнге шегеріп, кейіннен жалғастырған кезде жабық сұрқай түстерді таңдалған екен» деп түсіндірді бұл кілемнің түрін. Сондай-ақ, оның шеберханасында ескі сандықтар да кездеседі, басқұр – киіз үйді безендіруге, сыртындағы уықтар мен керегені қысып бууға арналып өрнектелген тоқыма бау. Мұндай байлықтың бәрі коллекциянер-зерттеуші Қазақстанның түкпір-түкпірінен жинаған. Кілем тоқу өнерінің нағыз жауһарларын іздеп Қызылорда, Атырау, Алматы, Түркістан облыстарының ең шалғай деген елдімекендеріне барып, көнекөз қолөнершілермен жүздесіп, деректер де жинаған.

Дана Бектаеваның жинаған коллекциясындағы әрбір кілемге қарап отырып, сол заманның тарихын, тыныс-тіршілігін көруге болады. 

Бүгінде ұлттық байлығымызды халыққа кеңінен насихаттап жүрген Дана кілем мұражайын ашуды көптен бері армандап жүр. Ұлттық қолөнерді ұлықтап, кілем тоқу өнерін өшірмей, кереметтілігін халыққа жеткізген кейіпкерімізге мұражай ашуға қолдау көрсетілсе, туристердің де назарын аударуға болар еді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тарихи өзегін сақтап қалған «ескі қалашық»
  • Ең көне сәулет ескерткіші мемлекет қорғауында
  • Жастарды кітап оқуға ынталандыратын жоба басталды
  • Шымкенттегі ел игілігіне қайтарылған нысан тарихи кескінін сақтап қалады
  • Мерейтой аясында қос кітап оқырманға жол тартты
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер