Рухани құндылықтармен рухтандыратын зерттеу орталығы

Шымкентке табан тіреген әдебиет, мәдениетіміз, өнеріміз бен руханият  саласының әрбір өкілі М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың  «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығына соқпай кетпейді. 

Screenshot_2.jpg

Орталықтағы халқымыздың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезовтің құнды шығармалары мен жәдігерлері, ғалымдардың жазушы туралы тың зерттеулері ұлтымыздың рухани құндылықтарын қалыптастыруда,  оның ұрпақ бойында патриоттық сезімін оятудағы орны ерекше.  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Ұлтымыз Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық идеяларын басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. ...жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек» деп атап өткен болатын.  «Мұх¬тар¬тану» ғылыми-зерттеу орталығы мамандары Президент атап өткен рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Орталықтың бас маманы, PhD доктор, «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының гран-при иегері, абайтанушы Әзімхан Исабек «Әуезовтану» әлеміне ден қою арқылы Ұлттық кодымыз Абайдан бастау алар тәрбие өзегі өрісін кеңге жаяды. Абайдай тұлғамызды күллі әлемге танытқан Мұхтар Әуезовті қанша білдік дегенімізбен, зерттеуді қажет ететін дүниелер әлі деп көп дегенді алға тартты. 

– 80 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі «Мұхтартану ғылыми-зерттеу орталығы 2018 жылы ашылды. Негізгі міндеті – Абайтану, мұхтартану салаларының арнасын кеңейтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру. Міне содан бері, орталық ұлттық деңгейде ірі ғылыми жаңалық¬тардың жаршысына айналды. «Мұхтартану» зерттеу орталығында Түркі халқына ортақ тұлға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, абайтанушы – Мекемтас Мырзахметұлы, филология ғылымдарының кандидаты, елімізге белгілі әдебиеттанушы, мұхтартанушы ғалым – Ақжол Қалшабек, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі тұрартанушы ғалым – Ордалы Қоңыратбаев еңбек етеді. Елімізге белгілі ғалымдарымыздың 2018 жылдан бері әдебиетіміз бен тарихымызды танытуда іргелі зерттеулері жарық көрді, - деп атап өтті Ә.Исабек орталықтың тарихына тоқталып. 

Атап өтсек, профессор М.Мырзахметұлының 2020 жылдың «Абайдың «Толық адам» ілімі» монографиясы мен «Абайтану» атты 10 томдық еңбегі жарық көрген. «Толық адам» ілімінің шығу тарихы, даму төркіні өте тереңде екені даусыз. 

Бұған қоса тағы бір үлкен ғылыми жаңалық – орталықтың аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабектің жетекшілік етуімен, Әзімхан Исабек қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының транскрипциясын жасап шықты. Транскрипция Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына сүйеніп жасалды. Осы еңбектің нәтижесінде ғалымдар «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», «Абай. Китаб тасдиқ» атты қос ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Бұдан бөлек ғалымдар «Китаб тасдиқтың» 500-ге жуық арнайы араб-парсы сөздігін даярлаған.

Орталық ғалымдарының тыңға түрен салған тағы бір жаңалығы – Шымкент қаласында жерленген Абай ұрпақтарына қатысты. 1934 жылы Шымкентте қайтыс болып және осында жерленген хакім Абайдың Әйгерімнен туған перзенті Тұрағұл Ибраһимұлы мен өзге де ұрпақтарына қатысты ерекше жәдігердің табылғандағын атап өту керек.

«Мұхтартану» зерттеу орта¬лы¬ғы қызметкерлері А.Қалшабек пен Ә.Исабектің ғылыми ізденісі¬нің нәтижесінде, Абай Құнанбайұлы ұрпақ-тарының есімі, қайтыс болған мерзімі мен жерленген орындары көрсетілген ерекше мемориалды тақтаның табылғанды¬ғы абайтану ғылымындағы тың жаңалық болды. 

– Мемориалды тақта 30 жылға жуық «Химфарм» зауытының арнайы бөлімінде өте ұқыпты сақталып келген. Жәдігер бүгінде  «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығындағы құнды экспонаттың біріне айналған. Бұл мемориалды тақтаның тарихы тым тереңде жатыр. Алаш зиялысы Тұрағұл Ибраһимұлы 1934 жылы Шымкентте тұратын қызы Мәкеннің қолында дүние салған. Кей деректерге сүйенсек, Тұрағұлдың сүйегі сол кезде мұсылмандар зиратына жерленіп, кейіннен ол жерге «Химфарм» зауыты салынып, ақыры мәйіті сол мекеменің астында қалып қойған деген пікірлер айтылып келді. Ал шындық мүлде басқа болып шықты. Фармацевтикалық кәсіпорын 1882 жылдары салынған. Яғни мәйіттің дәрі-дәрмек сақтайтын мекеменің астында қалып қоюы шындыққа жанаспай¬ды. Бұл мәрмәртасты Абайдың немересі Мәкен Турағұлқызының тапсырысымен «Химфарм» зауыты жасатқан, - деп дерекпен бөлісті жас ғалым.

«Мұхтартану» орталығының ғалымдары Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек 2022 жылы М.Әуезовтің 125 жылдығына орай «Әуезовтің Оңтүстікке сапары» атты кітапты жарыққа шығарды. Әуезовтің Оңтүстікке сапары мұхтартану ғылымының ең өзекті бағыттарының бірі. Бұл тақырып осы күнге дейін өз алдына зерттеу объектісі болмаған. Ғалымдар Мұхтар Омарханұлының Оңтүстікке жасаған сапарларын терең зерделеп, архивтік материалдармен қоса өзге де жарияланбаған құжаттарды жарыққа шығарды. Аталмыш еңбекте Әуезовтің Ташкенмен байланысы да терең қаузалған. 

2019 жылы Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Ордалы Қоңыратбаевтың «Тұрар және Түркістан» атты монографиясы жарық көрген. Тұрартанушы Ордалы Молдалыұлының бұл еңбегі бүгінде тарихшылар арасында жоғары бағасын алып, ЖОО-да тарих пәнінен арнайы дәріс ретінде оқытылуда. Сондай-ақ ғалым Ордалы Қоңыратбаевтың биылғы жылы Қабылбек Сарымолдаев туралы ғылыми жинағы жарық көріп, жастар арасында кеңінен дәріптелуде.

Орталықтың аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабектің қаламынан туған «Әдебиеттану ғылымына кіріспе оқулығы бүгінде еліміздің ЖОО-да «Әдебиеттану» пәндері бойынша арнайы дәріс ретінде оқытылуда және ғалымның 2021 жылы шыққа «Елдік сұлбасы немесе ұлттық рух жайлы толғаныс» кітабы оқырман қызығушылығын арттырып, ұлттық кодымыздың өркендеуіне қызмет етіп отырған жайы бар. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Страницы истории шымкентского городского драматического театра
  • Русский драматический театр Шымкента: источник знаний и нравственных ценностей
  • Кошкар ата: целебные родники древнего мавзолея
  • Маршрут по «пушкинским местам» Шымкента
  • Городище Шымкент: частичка древней истории посреди мегаполиса
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер