Шымкент қаласындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі рухани-мәдени құндылықтарды қалыптастыру және насихаттауда тынымсыз жұмыс істеп келе жатқан мекеме.
Мәдениет мекемесі өткен жылы модернизациядан өтіп, жаңа кейіпке енді. Көненің көзі, тарихтың өзіне айналған музейде сақталған құжаттар саны жылдан жылға артып келеді. Мамандардың айтуынша, музейдегі 16 480 іс-құжат папкасы әлі де толықтырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз», – деген еді Қазақстан Президенті. Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия 10 бағытта жұмыс істеп келеді. Солардың ішінде, музей қызметкерлері дәстүрлі дін өкілдерінің ақталу мәселесін қолға алған.
ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Г.Серікбаеваның айтуынша, өңірде жалпы қуғын-сүргіне ұшыраған адамдардың саны – 7277. Солардың ішінен атылғандардың нақты тізімін жасалған. Атылғандар – 2450 адам. Олардың аты-жөні толық белгілі болған.Бүгінде мамандар бұл мәліметтерді де қайта қарап, зерделеуде.
– Кеңестік қуғын-сүргін кезеңіндегі дін өкілдері, солар туралы ақиқат әлі де толық айтылған жоқ. Бұл – өте күрделі, тереңдете зерттеуді қажет ететін тақырып. Өткен жылы 8 мыңнан астам құжат зерделенді. Ендігі ретте «Халық жады» деген кітап шығару жоспарланған. Өз бағытымыз бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен сұхбаттасып, оны бейнетаспаға түсіру, дайындау жұмыстарына қызу кірісіп кеттік. Бұл кітапты шығарудың мақсаты – халықтың жадындағы естеліктерді сөйлету. Қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтары әлі де бар. Ұлы, қызы болмаған жағдайда немерелері арқылы сұқбаттасамыз. Бұл тарихи құндылықтар алдағы уақытта жарық көретін жаңа кітапқа арқау болады, - деді жауапты басшы.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының соңғы отырысында белгілі болғандай, мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман еңбек еткен. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды.
Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізген. Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленген. Саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ары қарай жалғастырады.