Қазақтың тұңғыш педагогика және психология саласын зерттеуші, профессоры, белгілі ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаевқа Шымкент қаласының көрнекті жерінен ескерткіш-бюсті ашылды.
Саналы ғұмырын қазақтың дамуына арнаған, өткен ғасырдың басында дүние есігін ашып, кеңестік дәуірдің барлық қиын кезеңдерін басынан кешіріп, артында өлмес ғылыми мұра қалдырып кеткен қазақтың көрнекті қайраткеріне қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайды.
Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, сөз сөйледі.
– Қазақ топырағынан шыққан жарық жұлдыздарымызды ұлықтап, оларға лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз. Бұл ескерткіштің Шымқаланың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз, – дейді Сәрсен Абайұлы.
Мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев ғалымның қазақ еліне сіңірген еңбектеріне тоқталды.
– Көзі қарақты қауымға Төлеген Тәжібаевты таныстырып жату артықтау көрінеді. Отызында республика Халық ағарту министрі, отыздан сәл асқанда Республика үкіметі төрағасының орынбасары, әлі қырыққа толмаған кезінде Сыртқы істер министрлігін өз қолымен құрып, оған басшылық етуі, елдің бас оқу орны – Ұлттық университеттің ректоры болуы көптің емес, ілуде біреудің ғана маңдайына жазылатын сәттер. Оның жолы даңғыл болған жоқ, аяқтан шалушылар көбейген. Оған Мәскеу де араласып, сүріндірген, құлатқан да кезі болған. Көбіне құлаған адамның тұруы, қайта биікке көтерілуі қиын. Ал Төлеген Тәжібаев қайта көтерілген адам. Қайтадан үкімет төрағасының орынбасары болып, мәдениет министрінің қызметін қоса атқарған. Академик болып сайланды. Ғылымды да ұмытпай, республикада психология ғылымының негізін қалады,– дейді қоғам қайраткері.
Шара Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де конференцияға ұласты. Конференцияда Төлеген Тәжібаевтың төл шәкірті, қырық жыл Тәжібаевтың еңбегін зерттеуге арнаған Жолмахан Түркпенов сөз сөйлеп, ғалымның өлмейтін мұрасынан тың деректер келтірді.