Шымкентте Жеңіс күнін жақындатқан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Мереке қарсаңында мәслихат депутаттары Ұлы Отан соғысының ардагерлері М.Төлепбергенұлы мен Н.Масунованың шаңырағында болып, мейраммен құттықтады.
Ардагерлерімізбен сұхбаттасып, ақ тілектерін білдіріп, қос ардагерге шапан жауып, лайықты сый-құрмет жасады. Майдангер қарттар өз кезегінде батасын беріп, бейбіт күніміз, берекелі тыныштығымыз мәңгі болсын деген тілегін айтты. Ардагерлер ауласын театр әртістері майданда жауынгерлерге рух берген әндерді орындап, естелікке толтырды.
Соғыста ерлікпен көзге түскен батырлардың бірі – Мұраталы Төлепбергенұлы. Бейбіт елдің бүгінгі ұрпағы жеңіс сыйлаған майдангерге сый-құрмет көрсетті. Мереке қарсаңында мерейін үстем етіп, иығына шапан жапты.
– Ардагерлердің зұлмат соғыс жылдарындағы Отан қорғаудағы ерліктері, ұрыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіруге қосқан зор үлестері мәңгілік есімізде сақталады. Азаттық жолындағы қаһармандығы мен батылдығы өскелең ұрпаққа үлгі, зор мақтаныш,– деді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
Қос ардагер де қарттыққа бой алдырмаған. Ойлары жинақы, сөз саптаулары жақсы. Салауатты өмір салтын ұстанғандықтан әлі тың. Құтты болсын айтып келгендердің ықыласын жоғары бағалап, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді. Аспанымыз ашық болып, елімізді одан әрі өркендетуге ақ жол тіледі.