Шымқала туралы алғашқы жазба Шарафаддин Иаздидің Ақсақ Темір жорықтары туралы жазған «Зафар-наме» (Жеңіс кітабы) атты еңбегінде кездеседі. Ол еңбекте Ақсақ Темір 1365-66 жылдары Моғолстанға бара жатқан жорығында алдында жүріп кеткен әскері мен жүк артылған көліктерін Сайрам маңындағы Шымқала деген қоныста кездестірді деп жазады.
Ал, археологиялық қазба жұмыстары кезінде Шымкенттің 9 ғасырға дейін мәдени, сауда-саттығы дамыған қала болғаны анықталып отыр. Қытайдың атақты саяхатшысы Сюаньцзан сол заманда айналасындағы кішігірім қалалардың Шымкентке бағынатынын жазған. Ол Испиджабтың іргесіндегі қала Шымкент болуы мүмкін деген болжам айтады.
Бірақ археологиялық қазбалар Шымкенттің Шарафаддин Иазди жазған уақыттан көп бұрын пайда болған қала екенін дәлелдеп жатыр. Мысалы, өткен ғасырдың басында қаланың бұрынғы қамалының орнынан табылған бір еркек пен бір әйелдің мәйіттері зороастралық дәстүрмен жерленгені анықталды. Осындай анықтамалардан кейін ғалымдар бұл мәйіттің иелері осыдан 1500 жыл бұрын жасаған адамдар екенін мойындаған. Демек, заманымыздың V ғасырында бұл жер адамдардың үлкен қауымы тұрған қоныс болған. Басқа бір археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қолға түскен заттай айғақтар Шымкент аумағында адамдар V ғасырдан әлдеқайда бұрын тұрғанын әйгілейді. Бір кездері бұрынғы «Фосфор» зауыты маңайынан және қаладағы қазіргі «Май» комбинаты тұрған жерден табылған керамикалық бұйымдар заманымыздан ІІ мың жыл бұрынғы, яғни Андронов мәдениеті кезеңінің заттары екені анықталған. Ал «Химфарм» зауытының жанынан табылған қола қанжар б.з. мың жыл бұрынғы Сақ дәуіріне жататыны дәлелденген.
Археолог, ғалым Бауыржан Байтанаевтың зерттеуінде айтылғандай, тоғызыншы ғасырдан кейін Исфиджаб алдыңғы орынға шықты. Қала мың жылға жуық уақыт Исфиджабтың көлеңкесінде қалып қойды. 18 ғасырдан бастап Сайрамның дамуы құлдырады, енді Шымкент жетекші қалаға айналды. Шымкент жазба деректерде Шарафаддин Иездидің Ақсақ темірдің жорықтары туралы жазған «Жеңіс кітабында» ұшырасады. Кітапта жалайыр тайпасынан шыққан қолбасшы Бахрамның Жетісуға кетіп қалғаны, ал қару-жарақтары мен арбаларының Шымкенттен табылғаны жазылған.
Мыңдаған жылдар бойы бірге дамыған, Орталық Азиядағы өзіндік мәдениеті, өзіндік орны бар қос қала –Шымкент пен Сайрам қазір бір мегаполистің аумағында жатыр. «Сансыз баптардың мекені» атанған Сайрам да Шымкенттің туристік әлеуетін дамытуға зор серпін берерін анық.
Бүгінде ескі қала орнында орналасқан көне қалашық та туристер көп келетін жер.
“Сайрамның көне тарихы аңыздармен өрілген. Алайда біздің міндетіміз осы аңыз бен ақиқатты ажырату. Сайрамның 3 мың жылдық тарихы бар деген пікірмен ғылыми тұрғыдан келісу қиын. Қазба жұмыстары кезінде қаланың бірнеше жерінен мәдени ошақтар табылды. Тоғызыншы ғасырдан оның мәдени өрлеуі басталады» деген ғалымдар, Исфиджаб Қазақстанда ислам дінін қабылдаған алғашқы қалалардың бірі дейді.
Ол мұсылман дінін таратушылардың негізгі тірек-қамалы болған. Тарихи деректерде қала қорғанының өте мықты екендігі, «олар қала сыртында ешкі сияқты, ал қамал ішінде жолбарысқа ұқсайды» деген сипаттама берілген.
Аз сөзбен айтар болсақ, Шымкент – Қазақстандағы өзінің тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қала. Ескі қалашықта аспан асты музейін салу арқылы еліміздің тарихи мақтаныштарының біріне айналдыру туралы шешім қабылданғаннан кейін бұл жерде жұмыс қыз-қыз қайнай түсті. Археологтардың бірлесе күш салуының арқасында келешек көрнекі жердің сегіз мың шаршы метр аумағында аршу жұмыстары жүргізілуі керек-тін. Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитаделдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін реставраторлар да қосылды. Құжат қабырғалар мен мұнараны, қырғын кезіндегі және бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге жол ашты.