Шымкент қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов – тарих және тұлға» атты ғылыми-теориялық конференция өтті.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-да өткен іс-шарада алдымен оқу ордасында ұлт тұлғасының құрметіне мемориалды тақта және «Н.Оңдасынов атындағы оқу залы» салтанатты түрде ашылды.
Н.Оңдасыновтың мәңгілік мұрасын жаңғыртып, ұлттың дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конференцияға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Зауытбек Тұрысбеков, Оразкүл Асанғазы, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалы, «Нұртас Оңдасынов Қоғамдық қоры» Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев, өңірдің зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студент-жастар қатысты.
Ғылыми конференцияда университеттің Басқарма Төрағасы-ректордың м.у.а. Ғ. Бесбаев Нұртас Дәндібайұлының Әуезов университетінің тарихында үлкен орны бар азамат екенін атап өтті: «1943 жылы қиын-қыстау уақытта Шымкент технология институты жабылғанда, Нұртас атамыз шұғыл шешім қабылдап, Мәскеудегі Сталинге кіріп, табандылығының арқасында оқу ордасын сақтап қалды. Алдағы уақытта жас ғалымдарымыздың тарапынан тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасы жаңа дәуірде ғылыми зерттеулеріне өзек болады деп айта аламыз» - деді оқу залының ашылу салтанатында. Оқу кабинетінің лентасын Зауытбек Тұрысбеков, Оразкүл Асанғазы, Орынбай Рахманбердиев кесті.
Қазақстан ғылымында қайраткердің еңбегі мен артында қалдырған мұрасы орасан. Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы бағытын атап, құттықтау-жеделхатында «Нұртас Оңдасынов Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанның ,ылым академиясының дербес құрылуына бастамашы болып, қайраткерлік көрсеткен тұлға ретінде жақсы білеміз. Бүгінде Нұртас Дәндібайұлының тікелей басшылығымен құрылған Ғылым ордасы қазақстандық қоғамның әлеуметтік, мәдени, рухани және экономикалық дамуына, еліміздің өндіріс күштерінің едәуір алға жылжуына үлес қосып келеді. Сонымен қатар, Нұртас Дәндібайұлы өмірінің соңғы 25 жылын ғылыми жұмысқа арнап, артында 4 томдық өшпес мұра қалдырды. Белсенді азаматтың ұстанымының арқасында философиялық ойының тереңдігімен ерекшеленіп жазылған әрбір шығармасы еліміздің ғана емес, шығыс халқының, парсы және араб әлемдері мәдениетінің ғылыми еңбектеріне айналды. Тілші ғалымның елге сіңірген еңбектерін өскелең ұрпаққа насихаттау жолында көлемді іс-шаралар мен жобалар іске асады деп сенемін» деген.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында бастау алған Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арнаған конференцияға арнайы құттықтау жолданғанын атап өтті. Сонымен қатар Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың:
– Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған конференцияның ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Н.Оңдасынов еліміздің тарихында өшпес із қалдырған, көптеген игілікті істердің бастамашысы болған, қиын-қыстау заманда ұлт мүддесі үшін батыл қадамдарға бара алған ұлы тұлға. Ұлтына қалтқысыз еңбек еткен Нұртас Оңдасыновтың өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұлы тұлғаның өнегелі өмірі мен халқына жасаған қалтқысыз қызметін насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің міндетіміз, деген құттықтауын жеткізді.
1904 жылы 26 қазанда қазіргі Түркістан облысы, Түркістан ауданы «Үшқайық» ауылында (қазіргі Нұртас ауылы) кедей шаруа отбасында дүниеге келген Нұртас Оңдасыновтың туған кезі қазақ халқының ғасырлар бойы туған елін қасық қаны қалғанша, бодандықтың ауыр қамыты еңсесін езген кезге дөп келді. Әке-шешеден ерте жетім қалады. «Осыған қарамастан Н.Оңдасынов зерек болып, соның арқасында терең білім алған. Бала кезімізде ауыл қариялары Нұртас сияқты білім алыңдар деп жиі айтатын» деп естелігімен бөлісті қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов конференцияда.
–Нұртас Дәндібайұлы – мемлекетті ұлғайтуға зор үлес қосқан тарихи тұлға. Ол ширек ғасыр бойы өте қиын кезеңдерде республиканың тағдыры үшін ерекше маңызды шараларды жүзеге асырды. Жастайынан зерек болып өсті. 6 жасынан ауылдағы молданың екі жылдық білімін алып, зейнетке шыққанда сол білімін негізге алып, қазақша-арабша-парсыша сөздік және өзге де ғылыми кітаптар жазып, артына мұра қалдырды. Ол кісінің мықтылығы ұстаздарынан деп ойлаймын. Ұлтымыздың ұлылары Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ғани Мұратбаев, Мұхтар Әуезовтен дәріс алған. Нұртас Оңдасынов билікте басшылық қызмет еткен жылдарында мал шаруашылығында үлкен өзгерістер орын алды. Сауатсыздықты жойды. Еліміздің мұнай-газ саласын игеру, Қазақ Ғылым академиясы, қыздар педагогика институты, Абай атындағы Опера және балет театры, консерватория тағы өзге нысандардың ашылуына ұйытқы болды, - деді Қуаныш Айтаханов.
Қайраткер тұлға жас кезінен көшбасшылық қасиетімен дараланған. Еңбек жолын 1927-1928 жылдары Қызылорда Су шаруашылығында статист болып бастаған. 1928 жылы Талас-Ассы су көздерін іздестіру мекемесінің, 1928-1930 жылдары Шымкент Су шаруашылығында техник маман ретінде қызмет атқарған. 934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында басшылық қызметте болған. 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, осы аталған жылдың ортасында Совнарком (Үкімет) төрағасы болып тағайындалған. 1938-1951 жылдар аралығында Қазақстан Үкіметін басқарып, елдің дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Өзін Оңдасынов шәкіртімін деп санайтын мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев өз кітабында: «Нұртас Оңдасыновтың мектебінен өттім. Сол кісіден алған тәжірибемнің арқасында осындай биікке жеттім» деп жазғаны да бар екен. Зауытбек Тұрысбеков шаң басқан архивтерді ақтарып, Нұртас Оңдасынов туралы құнды деректерді іздестіруге ұйытқы болып, оны дәріптеп жүрген азамат.
– Нұртас Оңдасыновтың қазақ елінің жарқын болашағы үшін жасаған игілікті істерін тарихтан жақсы білеміз. Мен ұлы тұлға туралы алғашқы мәліметті қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтан естідім. Ол кісімен қызмет барысымен Қазақстан мен Өзбекстан жерін бес күн аралап жүрдім. Өзбекәлі Жәнібековпен Түлкібас станциясында бір күн отырдым. Соның жарты күнінде Нұртас атамыз туралы деректерге қанықтым. Мәскеу архивінде отырып, көптеген құжаттар жинап, 2010 жылы алғаш рет Нұртас Дәндібайұлы туралы деректі фильм түсірілді. Бүгінгі ғылыми-теориялық конференция жастарға керек. Ұлтының тарихы, ұлт қайраткерлерінің ерлігі, өрлігі, мұрасын жас ұрпақ білуі тиіс, -деді баяндамасында Зауытбек Тұрысбеков.
«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» Ұлт қайраткері үш қағидаты бүгінгі әрбір жанға үлгі болуы тиіс сөздер. Көзкөргендер, қызмет жасасқан замандастары, артынан мұндай қасиеті туралы естеліктерін жиі айтады.
–Ол кісіні өзімсініп, Түркістанда 20 аудан бар. Сол аудандардың біріне басшылыққа жіберсеңізші деп әзіл-шыны аралас айттым. Даусы қатқылданып шығып, «Жаһанжан мені ондай шаруаға салма. Өзімнің әкем Оңдасын тіріліп келсе де, мұндай істі істемеймін деген болатын» деді көзін көрген қария Жарылқасын Әзбергенұлы естелігімен бөлісіп. Ол Оңдасыновтың әділдігін, тазалығын, пенделіктен ада екенін жеткізді.
Нұртас Оңдасынов Қазақстанның барлық саласының дамуына ерекше үлес қосқан үлкен жүректі азамат деп нық сеніммен айта аламыз. Оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалы 30 жасынан бері ұлы тұлғаның өмірін, шығармашылығын тынбай зерттеп жүр. Ерлігі мен өрлігін, мұрасын, ұлт үшін жасаған ұлы істерін насихаттауда ғы еңбегі ерен.
–Өмірінің соңғы жылдарында өзі туралы барлық деректерді қолыма ұстатты. Жүрегімнің дауламағанын жасырмаймын. Соны сезді ма, маған қарап: «мен туралы ұялмай жаза аласың» деді. Содан бері қаншама жыл өтті. Ол кісі туралы зерттеулерімнің кезінде бірде-бір рет артық сөз естімедім. Нұртас Оңдасынов туралы зерттеуді қажет ететін қырлары өте көп. Жастар осыған назар аударса, - дегені тілегін жеткізді Гүлсім Оразалы.
Ғылыми басқосуда қатысушылар ғалымның өмірі мен еңбек жолындағы осындай естеліктерімен бөлісіп, ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы мектеп бағдарламасындағы ана тілі және әдебиет оқулықтарына мұрасын енгізу туралы ұсыныстарын да жеткізді.
Нұртас Дәндібайұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін 1962-1989 жылдары аралығында шығармашылықпен айналысып, 6 кітап жазған. Оның 3 томы «Қазақ-араб» және «Қазақ-парсы» сөздіктері. Біреуі «Араб текті қазақ есімдері», «Шығыс халықтарының мақал-мәтелдері» және түрік сатиригі Мехмед Теуфиктің «Бұ адам» кітабын қазақ тіліне аударған. Ол үш рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медельдармен, Құрмет грамоталармен марапатталған.
Елі мен жері үшін күрескен, қазақ жері саудаға түскенде, қасқайып қарсы тұлға білген тұлғалардың есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпаққа басты парыз. «Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда бұл міндет аса маңызды екенін ұмытпаған жөн» деп атап өтті Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
Биыл Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдық мерейтойы республика көлемінде барлық өңірлерде аталып өтіп жатыр. «Аймақтарда өтіп жатқан ғылыми конференцияның мақсаты – тұлғаның өмірін, еңбек жолын, шығармашылығын жаңаша сараптау», - деген «Нұртас Оңдасынов Қоғамдық қоры» Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев тарихта бір рет өмірге келетін тұлғаның қасиеттерін атап өтті. «Нұртас Оңдасынов мемлекеттік қызметші болудың үздік үлгісі. Мемлекеттік қайраткер болудың өнегелі өлшемі. Ол саясаттың сынынан сүрінген жоқ. Топалаң жылдарда түңілген жоқ. Ұлтын ұмытпады, жұртын жоғалтпады. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қаһарлы жылдардан аман-есен өтті. Халқын тығырықтан алып шықты. Оңдасынов ұлтын шексіз сүйді.Үкімет билігіндегі барлық шешімдері ұлт мүддесінен туындады. Барлық жобалары өміршең болды. Қайраткер халықты соңынан ерте білді. Ол қай кезде де қарапайымдылығымен танылды» деді Серік Тәукебаев.
Елі үшін туған арда азаматтың халықтың игілігіне арнаған істері шексіз. Тіпті соғыс кезінде Өзбекстанға көшкелі тұрған «Мосфильм» мен «Ленфильмді» Қазақстанға алып қалған. Үкімет тарапынан қолдау білдірген. Міне, соның арқасында бүгінгі «Қазақфильмнің» негізі қаланған. Тарих, деректер, мұралар бүгінде деректі фильмге арқау болды. Халқына қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін танытқан ірі қайраткер Нұртас Оңдасынов туралы «Биліктен биік тұлға» деректі фильмнің Зауытбек Тұрысбек ағамыздың қолдауымен көрерменге жол тартты. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Алматыфильм» киностудиясымен бірлесе тағы бір деректі дүние өмірге келді. Гүлсім Оразалиеваның «Нұртас Оңдасынов» атты кітабының желісі бойынша түсірілген фильмде, Қазақстан Үкіметін ең ауыр жылдарда (1938-1951) 13 жыл табан аудармай басқарған Республикамыздың экономикасы мен өнеркәсібінің, мәдениеті мен ғылым-білімінің дамуына ұланғайыр үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, біртуар тұлға Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың өмірі мен қызметі баяндалады.
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығын атап өту – тек тарихи тұлғаны еске алу емес, сонымен қатар оның мұрасын насихаттау, жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлттық рухты көтеруді мақсат етіп отыр. Бүгінгі күні елі үшін туған ұлы тұлғаның еңбектері мен идеяларын насихаттау маңызды. Оның ұлтқа үлгі болатын өнеге-қасиеті мен шығармаларын жастарға таныстыру арқылы біз қазақ мәдениетін, ұлттық құндылықтарды дамытуға үлес қоса аламыз.