Кітап-ұлттық құндылықтарымыздың алтын діңгегі. Білім мен тәрбиесі ғажап түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, рухани азық саналатын кітап оқу үрдісін жетілдіруіміз шарт.
«Адам іздеп жүрмін», «Жүректегі жазулар», біздің дәуірдің қолдан-қолға тимей оқылған кіттаптар. Қаламымен оқырманын баураған жазушының Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Темір генерал» кітабының және Ғалымжан Битұрсынның «Өмірді сүй. Адамды құрметте» атты жинағының тұсаукесері рәсімі өтті.
Оқырмандар мен кітап жанашырларының басы қосылған жиын рухани, мәдени кешпен ұласты. Әуелі жыр жинақтары таныстырылып, көпшілікке үлестірілген соң, Ә.Ысқақтың сөзіне жазылған әндер жанды дауыста шырқалды.
Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Әкім Ысқақтың «Темір генерал» кітабы Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан Кеңестер Одағының Батыры, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасынан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов жайында жазылған. Күркіреп өткен соғыстың аяқталғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, келмеске кеткен Кеңес Одағы кезінде бұл майданда қазақ сарбаздарының қайталанбас ерлік көрсеткені тарих беттерінен мәлім. Кеңес Одағының батыры деген өшпес есімге лайық қазақ батырлары туралы әңгіме көп. Бірақ соның бірі әрі бірегейі Сабыр Рақымов туралы аз айтылады. Жазушының кітабы батырдың ерлігін ашқан құнды дүние.
Ал, заңгер, ғалым, қаламгер, Тәшенев университетінің проректоры Ғалымжан Битұрсынның кітабы ізгілікке, өмірге деген құштарлыққа бағытталған.
«Кітапхана екінші үйім тәрізді. Жиі келемін. Кітапхана қоры жаңа кітаптармен толысып жатқанына қуаныштымын. Жай отырмай қос кітаптың мазмұнымен таныстым. Адам өмір бойы ізгілікке, қуанышқа ұмтылады. Өмір жеңісіне жетсем дейді. Кітап өмір құндылығына жетелейтін ізгі кездесулер, шығармашылық жұмыстар, адамдар арасындағы сыйластық, тілеулестік көңілге арналады. Екі кітап та қалың көпшілікке арналған екен. Жаңа кітаппен толыққаны қуантады» дейді оқырмандар.
Әкім Ысқақтың бұған дейінгі «Тұңғыш генерал» кітабы жаңа материалдарымен толықтырылып, екінші кітап «Темір генерал» деген атпен жарияланған. Қазақ пен өзбекке тел өскен батыр туралы ұзақ жылдар бойғы зерттеулерімен қоса жаңа ізденістерін оқырмандарымен шынайы ой бөліседі. Батырлығына, қайтпастығына байланысты «Темір генерал» деген атты Сталиннің өзі қойған. Кітаптың «Жатқа кеткен жампоздар» атты бөлімінде Сабырдан бөлек өзге ұлтқа телініп кеткен Кеңес Одағының батыры атанған қандастарымыз туралы да жазылған.