Ел боламын десең, бесігіңді түзе

Әр ұлттың қай кезеңде болсын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ізін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Халқымыз қай кезде болмасын ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, елдің болашағы, халықтың келешегі деп білген.

Screenshot_15.jpg

«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сол секілді өскелең буын, жас ұрпаққа да тәрбиені бала кезден беру керек. Ал, балам жақсы болсын десең, ең әуелі өзіңді түзеп, өз мініңді түзетіп, балаға жақсы үлгі көрсете алуың керек. 

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Ел анасы» тақырыбында семинар-тренингі өтті. Семинарға 50-ден астам аналар қатысты. Мұндағы мақсат – аналардың еліміздің дамуына қосқан үлесі мен олардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жеткен жетістігін көпшілікке таныту. 

Қазіргі қоғамда әйел – тек отбасының береке-бірлігін сақтайтын тұлға ғана емес, мемлекеттің өміріне және саяси мәселесіне белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі. Әйел әрқашан халықтың ар-ожданы, ізгіліктің, нәзіктіктің және дархан көңілдің көрінісі болып келді, солай болып қалмақ. Шығыс даналығында «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген керемет сөз бар.

Семинарды Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Г.Сүгірбаева ашып, жүргізді.

Қазақ тарихында елдің бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ғазиз аналарымыз бен ерлік жолында есе бермеген қайсар қыздарымыз аз болмаған. Бұл жөнінде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ.

Жиында кеңес мүшесі, «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының төрайымы Г.Төлепова «Ел Аналарына құрмет» тақырыбында, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ проректоры, қоғамдық кеңес мүшесі Б.Исабек «Алжир азабын тартқан аналар тарихы» тақырыбында сөз сөйледі. Кәсіби психолог Г.Айтжанова «Құндылық құны» тақырыбында психотерапиялық тренинг өткізді.

– «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, ұлтымыздың болашағы тәрбиелі ұрпақ қолында» десек, әрбір жас баланы тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келекшекте Отанымызды қорғай алатын азамат болып өсуіне ықпал жасауымыз қажет. Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адами қасиеті мол, терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз, – дейді Баршагүл Исабек. 

Жиын соңында еліміздің өсіп-өркендеуіне атсалысып, жас буынды тәрбиелеу ісіне сүбелі үлес қосқан ардақты аналарға Алғыс хаттар мен естелік кәдесыйлар табысталды.

Айта кетейік, Аналар кеңесі – отбасы институтын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қалалық ассамблея жанында қоғамдық негізде әрекет етеді. Жас буын мен олардың ата-аналарын ұлттың тілі мен дәстүрін, тарихын бойына сіңірген мәдениетті тұлға етіп тәрбиелеуге бағыттауда аналар кеңесінің атқарар қызметі мол. 

Ұрпақ тәрбиесі – баршамызға ортақ. Бала біздің болашағымыз, еліміздің кемел келешегі.

Сондықтан «Тәртіпке бағынған құл болмайды»,- деген қазағымның қанатты сөзін естен шығармай, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге тәлімді тәрбие беріп, оларды қоғамға жат әрекеттен бойларын аулақ салуға баршамыз жұмылайық. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең- бесігіңді», – түзе деген ұлағатты сөзі ұлтымыздың санасынан шықпауы керек. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады» деген. Тәрбие барысында ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз еліміздің әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне бейімделе алады деуге болады.

Айта кетейік, аналар кеңестері жыл басынан бері 20-дан астам іс-шаралар өткізді. Білім мекемелері мен тұрғын алаптарда 12 кездесуге қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олардың басым көпшілігі ұлттық тәрбиеге негізделген. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Қазақ халқының ырымдары мен нанымдары
  • Асық – үлкен халықтық тәрбие
  • Олардың ерлік рухы мәңгі ұмытылмайды
  • «Ешкім де ұмтылмайды, ешкім де ұмтылмақ емес!»: Шымкент аумағында ұжымдастыру науқаны қалай жүрді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер