«Мен ешқашан ұлттық, елдік мүддені өзімнің жеке мүддеме айырбастаған жан емеспін. Маған сатылудан өлу – әлдеқайда жеңіл». Бұл ұлт ақыны, ғасыр тұлғасы Мұхтар Шахановтың биік ұстанымы. Қазақ тілінің тағдырына ерекше алаңдаған жан.
Ғашықтық ғаламатында біреуді бақытқа бөлеп, біреуді мұңға батырған махаббаттың құдіреттілігін баяндап, асау жырларымен талайды тамсандырған Қазақстанның халық жазушысы, ғасыр тұлғасы Мұхтар Шаханов Шымкенттік жастармен кездесті.
Шығармашылық кеш М.Әуезов атындағы ОҚУ -де өтті. Қаланың зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студент жастармен кездесуге бар ынтасымен қатысты.
Іс-шарада еліміз үшін көп еңбек сіңіріп, қоғам өмірі мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың түрлі қасиетін өз өлеңдеріне арқау еткен ақынның өлеңдері оқылды. Ақынды жұрт сағынып қалыпты. Жиналған қауымға ақын жайында ақпардан бұрын, өлең оқығаны таңсық. Басқосуда сөз сөйлеп, ақ батасын берген Шаханов жастардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі кеңестермен бөлісті. Егеменді еліміздің, жалпы қарға тамырлы қазақ қоғамына еңбегі сіңген азамат азаттықтың мәніне кеңінен тоқталып, ақындық жолдың ауыр екенін еске салды. Сондықтан, ақын деген атқа лайық болу, оны қорғау керектігі айтылды.
– Шындық биігінен көрінуді мақсат тұтпаған адамды мен еркек деп, әйелді әйел деп есептемеймін. Себебі адамдар тек шындық жерде ғана бақытты өмір сүреді. Ал, бүгінгі жастар сол биікте көрінсе деймін, – дейді «Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы, Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы…деп жырлаған ақын.
Әуезов университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен Мұхтар Шахановқа оқу ордасының «Құрметті профессоры» атағы берілді.
Шығармашылық кеште Әуезов жастары бірінен соңы бірі ақынға деген жалындаған арнау жырларын арнап, ұлтжандылыққа, ар-намысқа үндейтін өлеңдері мен поэмаларын жан тебірене оқыды. Мұхтар атамыз жауқазын буынның қазақ әдебиетіне, өз жырларына деген шексіз махабатына ризашылығын білдіріп, «Өлең құрау» өлеңін оқып берді.
Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма деген студенттің сауалына, Мұхтар аға әдемі жауап берді. Ол өз сөзінде жастар әр қилы дейді.
Кеш соңында жиналған көпшілік ақынның сөзіне жазылған «Арыстың жағасында» әнін бірге шырқады. Берері мол бас қосуда Шахановтың кітаптарынан көрме қойылған. Сондай-ақ, ақынның қолтаңбасымен жаңа кітаптары да ұсынылды. Ұлт руханиятының рухты тұлғасының шығармашылығымен сусындаған кештің жастарға берер тәрбиесі орасан, тағылымы мол болды.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында ұстаздардың тәжірибе алмасу семинары аясында қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов атындағы кабинет ашылды. Бұл іс-шара қазақ әдебиетінде айрықша орны бар Шахановтың шығармашылығын дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды. Оның өлеңдеріндегі шыншылдық, ұлттық рух, қайсарлық және философиялық ойлары жастарға үлгі болып табылады. Жаңадан ашылған кабинетте ақынның кітаптары мен өлеңдері көрмеге қойылды. Алдағы уақытта бұл жерде оқушылар «Көркемсөз» үйірмесіне қатысып, ақынның мұрасымен тереңірек танысатын болады.
Кабинеттің ашылу салтанатына Мұхтар Шахановтың өзі арнайы қатысып, оқырмандарымен кездесіп, алғысын білдірді. Ақын өз шығармашылығынан өлеңдер оқып, жастарға батасын беріп, салтанатты шара одан әрі еркін сұхбат форматында жалғасын тапты. Ұстаздар мен оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ақынмен жақын қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды. М.Шаханов атындағы кабинеттің ашылуымен жалғасты. Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған Шахановтың шығармашылығы жастарға өнеге. Оның өлеңдерінен шыншылдық, ұлттық рух пен өжеттік мінез анық байқалады. Философиялық мәні бар түйдек-түйдек ойлары, байламдары әлемдік деңгейде жоғары бағаланған ақынның бұл кабинетінде кітаптары мен өлеңдері қойылған. Алдағы уақытта бұл жерде оқушылар «Көркемсөз» үйірмесіне қатысатын болады.
Айта кетейік, Мұхтар Шахановтың әдебиетке, ұлт руханиятына, түркі ынтымағына сіңірген еңбегі ескеріліп, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілген болатын.