Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Халық мұрасы – халық қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Өскелең ұрпаққа аса бай мұраны дәріптейтін шараның жастарға берері көп.
Себебі, бұл бастама жастарды ұлттық өнерді ұлықтауға үндейді. Осыны мақсат тұтқан шара кезінде қолөнершілер өз білгендерімен бөлісті. Ұйымдастырушылар берері мол көрменің алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын айтуда. Бұл шараның негізгі мақсаты – ұлттық қолөнерді дәріптеп, халықпен етене жақын таныстыру, қолөнершілерге өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік беру, сондай-ақ өскелең ұрпаққа ұлттық мәдениет пен өнерді насихаттау.
Қазақ халқы ертеден-ақ зергерлік өнерді кәсіп етіп, ұрпақтан ұрпаққа дамытып келе жатыр. Ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің бір бөлшегі десек қателеспейміз. Адам баласы ертеден-ақ өзінің жағдайына, талғамына, тұрмысына сай киініп, табиғи сұлулығын, көркемдігін көркейтіп, түрлендіріп көрсететіндей әдемі зергерлік бұйымдарды орнымен пайдалана да білген. Оған күні бүгінге дейін табылып жатқан біздің көне мұраларымыз бен музейлерде сақталған экспонаттар куә. Ол ерте дүниеден бері бір ұрпақтан, бір- ұрпаққа ауысып, әр дәуірде, әр қоғамда әртүрлі сипат алып, күні бүгінге дейін жетіп отыр. Ұлттық мәдениетіміздің тарихында зергерлік өнер ерекше орын алады. Зергерлік өте ертеден келе жатқан көркемдік өнердің түрі. Көрмеде зергерлік бұйыцмдардың түр-түрі қойылған. Көздің жауын алады. көрмеге келушілерді тек бұйымның өзі ғана қызықтырмады, олардың тарихы мен берер мәні де толғандырды.
– Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланысты. Әртүрлі сәндік бұйымдар, асыл тастардан жасалған қымбат заттар шеберлер қалдырған халық мұрасы. Әйел адамның әшекейлерінің ішінде ертеден келе жатқан және күні бүгінге дейін кең қолданылатын әсемдік өнердің бірі-білезік. «Білезік» сөзінің шығу төркіні-білек пен жүзік сөз тіркесінен құралған немесе оны білекке салынған жүзік деуге де болады. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де салған. Білезік көбіне күмістен, кейде таза алтыннан да жасалған. Қазақ ұғымында білезік тағу тек әйелдерге ғана тән нәрсе. Бұрынырақта оны бақуат адамдар тапсырыс беріп жасатқан болса, бүгіндері ол басқаша сипат алады. Зергерлер оларды металдан, оның ішінде темірден, мыстан, күмістен, алтыннан жасаған. Білезіктер «Бес білезік», «Тасты білезік», «Топсалы білезік», «Жұмыр білезік», «Жалпақ білезік», «Көзді білезік», «Құйма білезік», «Қос білезік», «Қолқа білезік» деген түрлерге бөлінеді. Оның үлкен-кішілігі, ауыр-жеңілдігі әркімнің қалауынша әртүрлі бола береді және аталу түрлеріне қарай білезік бетіне жүргізілетін ою- өрнектер де сан алуан болып келеді. Түйе табан ою, өсімдік тектес ою, әр қилы геометриялық фигуралар, үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, ромб, қошқар мүйіз ою, сыңар өкше, жүрекше, ирек шимай, құс қанаты ою-өрнектері білезік көркін аша түседі. Ерекше білезіктің бір түрі - бес білезік. Бес білезікке екі жерінен ілгіш топса салынған. Ол тойнақпен бекітіліп, оған жалғанған үзбеге шынжырлармен үш сақина байланған. Білезіктің бетіне тамшы тәріздес бедер түскен, айналасына геометриялық үшбұрыш пішіндегі нүктелер жиынтығынан құралған бедерлер түскен. Білезіктің ені жалпақ келген. Бесбілезіктің тойнағы шаңырақ тәріздес жасалған. Тойнақтың бетіне гүл тәріздес өрнек түскен. Айналасына үшбұрышты пішіндегі нүктелі бедерлер түскен. Ал, сақиналарының екеуі жалпақ дөңгелек, біреуі отау түрінде томпақ етіп жасалынған. Жалпақ дөңгелек сақиналардың қақ ортасындағы дөңес дөңгелектің айналасы майда жапырақшалармен қоршалған, яғни бетіне түскен бедерлер күнбағыстың гүліне ұқсайды. Ал, отау тәрізді сақинаның үстінен қарағанда гүл шоғырына ұқсайды. Яғни ортасындағы дөңес дөңгелектің айналасын майда дөңгелек бедерлер қоршап тұр. Оның айналасын қоршай таяқша тәрізді майда бедер түскен. Білезігінің екі жеріне топса салынған, үзбесі алып-салуға ыңғайлы болатындай етіп жасалған,– деген болатын «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің Қорларды ғылыми-зерттеушілік қамтамассыз ету бөлімінің қор сақтаушысы Г.Расулова.
Бұл бір білезіктің құндылығы, ал, қазақ қызы сәні мен салтанаты келіскен түрлі әшекейді пайдаланған. Оның әрқайсысының мәні бөлек.
Қолөнер – халқымыздың ежелден келе жатқан бай мұрасы. Бұл өнер ата-бабамыздан мирас болып қалған және қазіргі уақытта заман талабына сай дамып келеді. Бүгінде қолөнер көптеген адамдар үшін бос уақытты өткізудің жолы ғана емес, табыс көзіне айналған. Осыны ескере отырып, жыл сайын дәстүрлі түрде қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында ұйымдастырылатын бұл көрме үлкен маңызға ие.
Іс-шараның ашылуында Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы қолөнер жәрмеңкесіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Шара барысында келушілерге теріден, ағаштан, қыштан, киізден, темірден жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, ұлттық нақыштағы киімдер мен үй жабдықтары кең ассортиментте ұсынылды. Қазақ халқының зергерлік әшекей бұйымдары ата-бабаларымыздың ұлттық қолөнер мәдениетін паш ететін асыл мұрасы, биік шыңы, ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің айнасы.