Ұлттық киім мақтанышымыз

Қазақтың ұлттық киімі – қазақ мәдениетінің маңызды және ажырамас атрибуты. Қазақ халқының  киімі  басқа ұлттардан өзгеше өзіндік қасиетке толы. Мұның басты себебі: қазақ халқының табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуімен байланысты. 

Screenshot_29.jpg

Қазақтың ұлттық киімдері негізінен ертедегі көшпенділер киімдерін еске түсіреді. 

Ұмыт бола бастаған киімдерді заманауи үлгіде тігу, қазақы ою-өрнекпен безендіру – бүгінгі мақалаға арқау болғалы отырған кейіпкеріміздің негізгі мақсаты.   

Үлкен жеңіс кішкентай қадамнан басталады. Сол сияқты қарапайым үй тұрмысында қолданылатын ине мен жіп адамның жұмысына деген махаббатын оятып, үлкен тігін шеберханасын ашуға жетеледі. Эльмира Әзиева заманауи ұлттық нақышта киім тігудің жаңа бағытын ашып, білім беру орталығын кеңейтуді жоспарлаған. Өз кәсібін бастау үшін жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік грант конкурсына өтінім берген болатын. Байқау ашық конкурс есебінде өтіп, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алды.

Бұл жолы ұлттық стильде киім тігіп, әлемге әйгілі дизайнер болуды мақсат еткен Эльмира Расұлқызы туралы баяндамақпыз. Ол өтеусіз гранттан 1 225 200 теңге ұтып, өзінің армандап жүрген «Altyn jip» атты тігін шеберханасын ашты. Бүгінде мұнда айына 10-ға жуық ұлттық киім тігіп шығарады. Шыққаны сол-ақ екен, тұрғындар бір сәтте таласып-тармасып сатып алады екен.

Шымкенттік Эльмира Әзиева бұл өнер анасынан дарығанын айтты. Эльмираның анасы бұл істі бастапқыда хобби ретінде айналысып, кейін табыс көзіне айналдыра білген.

– Анам үй шаруасымен қатар тігін тігумен айналысып жүрді. Оның қасында әрдайым жүріп, майда-шүйде тірліктеріне көмектесіп жүретінмін. Бірде оның тігіп жатқан көйлектеріне қызығып, өзімнің де киім тіккім келді. Анам үйде жоқта бір қолыма қайшы, екінші қолыма ине-жіп алып, қалған маталардан киім тіктім. Алғашқы тігісім болғандықтан, өзіме қатты ұнады. Шамасы анама да ұнаған болу керек, сол уақыттан бері шалбардың балағын тігуді маған тапсырды. Бірнеше айдан кейін қолым икемделіп, тігін тігуге жарап қалдым, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің өмірінде өзі ойламаған өзгерістер болды. Ол 11 сыныпты бітірерде «Мен журналист боламын» деп әдебиет пен қазақ тілі пәніне көп көңіл бөліп дайындалып жүрді. Тіпті оқитын университетіне дейін таңдап қойған. Бірақ бұл қалауы орындалмады. Оның себебін ол былай жеткізді:

– «Адамның емес, Алланың қалауы болады» деген осы шығар. Он бірінші сынып оқып жүргенде, сыныптастарым оқу бітіргенде киетін көйлекті «Басқа біреуді қаржыландырғанша, өз танысымызға берейік» деп маған тапсырды. Содан не керек, 11 қызға көйлекті өзім тіктім. Көйлектерді шын ниетіммен, махаббатымды салып тігіп жатқанымды байқап, менің жан дүнием нені қалайтынын сол кезде сезіндім. Ойымды түбегейлі өзгертіп, тігінші боламын деп шештім. Киім тіккенде де, тарихи кітаптарды көп оқығаннан ба, ұлттық киім тігемін деп шештім. Дегенмен тек ұлттық қана емес, заманауи киімдерге тапсырыс көп, – дейді кейіпкеріміз.

Эльмирамен сұхбатымыз оның тігін шеберханасында жалғасты. Барған сәтімде жас қыздарға шеберлік сабағын өткізіп жатқан жерінен дөп түстім. Содан олар туралы сұрастыра бастадым.

– Бұл қыздар менен шеберлік дәрісін алуға келген ынталы жастар. Бұл оқиғаның қалай басталғанын айтып берейін. Қазіргі таңда әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой. Тіпті сол арқылы табыс тапсаң да болады. Басында өзім тігіп жүрген көйлектерімді инстаграм желісіне жүктеп жүрдім. Оқырман саны көбейіп, қыздар қауымынан «шеберлік дәрісін өткізіңізші» деген ұсыныстар түсті. Мен қатты қуанып кеттім. Неге өтпеске деп өз ісімді осылай бастап кеттім. Басында әрине оңай болған жоқ. Келуші саны аз, кететін шығын көп. Десе де бұған мойымай, тек алға қарай ұмтылуды тоқтатпадым, – дейді ол.

Бүгінде базарға барып, өзіңе ұнаған киімді табу қиын. Біресе өлшемі дұрыс келмейді, ұнаса қалтаңдағы ақшаң көтермейді. Өзіңе ұнаған көйлекке қол жеткізудің ең тиімді жолы тігін курсына қатысып, үйреніп алу шығар. Есесіне арзан әрі көңілің толады. Эльмира да тойына киетін көйлекті өзі тігіпті. Бар-жоғы матаға ғана 16 мың теңге жұмсаған. Ал салондарда той көйлегін жалға алу үшін 100 000 – 300 000 төлеуге тура келеді.

Эльмира Расулқызы 1 жылдың ішінде 300-ден астам шәкіртке тігіннің қыр-сырын үйреткен. Ең үлкен қатысушысы 68 жаста болса, кішісі 14 жаста. Білім алған үйренушілерінің бірі өзінің құрақ көрпе тігетін цехын ашып, енді бірі онлайн тапсырыс қабылдайды екен.

– Шеберлік сабағын өткізуді енді бастағанда екі-үш адамнан артық келмейтін. Уақыт өте келе келуші қыздар саны арта бастады. Оларға арналған тігін машинасы жетпей қалып, біраз әуре-сарсаңға түстім. Жетіспеушіліктің салдарынан осы ісімді қоя саламын деген ой да келді. Содан аяқ астынан «Бастау бизнес» жобасы ойыма сап ете түсті. Аталған жобаға бірінші жылы дайындығым аз болып, грантқа іліне алмадым. Екінші жылы білек сыбанып дайындалып, грантты ұттым,– дейді Эльмира Әзиева.

Бизнес бастау әр адамның қолынан келеді. Бірақ оны ары қарай алып кету кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Кейде қолайсыз жағдайлар да туындауы мүмкін. Мысалы, бір адам саған сеніп тапсырған дүниесін оның ойындағыдай істей алмай қалаған жағдайда, Эльмира қалай шығу керек екенін айтып берді.

– Менің басымнан бір оқиға өтті. Ең алғаш онлайн тапсырыс алдым. Яғни, инстаграм желісінен бір әйел «шалбар тігіп беріңізші» деп тапсырыс берді. Мен матаның ақшасын және тапсырыс берушінің өлшемін сұрап алдым. «Еңбек ақымды шалбарды тігіп берген соң бересіз» дедім. Былай қарап тұрсам, бәрі ойдағыдай болды. Тіккен шалбарым өзімнің көңілімнен шықты. Шалбарыңыз дайын деп өз еңбек ақымды алып, шалбарды жеткізу таксиіне салып жібердім. Бір уақытта тапсырыс берген адам «шалбар маған тура келмейді» деп айтты. Ол «өз өлшемін дұрыс бермеді ме, әлде мен дұрыс тікпедім бе?» деп сан мәрте ойландым. Содан ұялғанымнан матасының ақшасын да, еңбек ақымды да қайтарып бердім. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды, – деді ол.

Қазірігі таңда ұлттық киімге сұраныстың артқанын байқадық. Тіпті күнделікті киіп жүретін көйлектің өзі қазақи нақышта тігілуде. Яғни әр адам өз брендін қалыптастыруға мүмкіндігі зор.

– Студент болып жүргенде-ақ ұлттық киімді ұлықтап жүретінмін. Сол мақсатымның орындалуы жолында талмай еңбектенудемін. Басында тәжірибе жинау үшін көптеген шеберханада тегін жұмыс істедім. Қазір кез келген ателье мен шеберханада шапан, сәукеле мен тақия көптеп тігіледі. Ою-өрнекті материалға желімдеу арқылы бұл киімдерді күнде киіп жүру ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті олар, негізінен, Наурыз мейрамында немесе мерейтойларда ғана сұранысқа ие болып жатады. Ұлттық киімдерді қанша дәріптесек те, әлемдік сән үлгісіне тосқауыл бола алмасымыз анық. Сондықтан мен бұл мәселеге жаңа қырынан келдім. Яғни, күнделікті және кеңсе киімінің жалпы стилін сақтай отыра, ұлттық дәстүрдің элементтерін енгізуді қолға алдым. Үйреніп алған соң «Самал» баздарынан кішкентай ғана бутикті жалға алып, өзім киімдер тіге бастадым. Осылайша жылдан-жылға тапсырыс берушілер саны арта бастады. Ал үлкен тігін шеберханасын ашу, бала күтімінде жүргенде пайда болды. Күйеуім бұл ойымды құптап, маған өз көмегін берді, – дейді кейіпкеріміз.

Эльмира Әзиеваның айтуынша, әлемдік бренд тауарларға айналуға қазақи элементтердің де мүмкіндігі бар. Ал қазақи нақыштағы оюларды неге өзіміз брендке айналдыра алмай жатырмыз деген сұрағыма мынадай жауап алдым:

– Оңтүстік мақтаның Отаны болғанымен ақ алтынды игеру көңілдегідей емес. Тігін цехына керекті иірілген жіпті шетелден тасымалдап жатқан кәсіпкерлеріміз көп. Дайын өнімге керекті сапалы маталар өзімізде тоқылып жатса Отандық өндіріс үлкен қарқын алар еді. Мысалы, «Louis Vuitton» брендің алып қарасақ, қазақи оюларды байқауға болады. Ал оның қалай брендке айналғанына келер болсақ, олар өз-өзін жақсы бағалайды. Тауарлары жеңілдікпен сатпайды. Өтпей қалған даналарын бірден өртеп, тек бренд үшін жұмыс істейді, – дейді ол.

Қаламызда жыл сайын «Жібек жолы айшықтары», «Түркістан сыры» атты сән апталығы өтеді. Эльмира бірде-бір байқауды қалт жібермей, өз өнерін көрсетіп келеді. Соңғы жылдары алты конкурсқа қатысып, төртеуінен бас жүлдені жеңіп алды. Онда «Авангард» және «кэжуал» стиліндегі киім үлгісін көрсетті.

Сұхбатымыз аяқталғаннан кейін «Altyn jip» шеберханасымен танысып шықтық.

– Біздің шеберханада «Jack» маркалы кәсіби тігін машинасынан төртеу бар. Бұл құрал жылдам әрі 24 сағат тоқтамай жұмыс істеуге дайын. Ал тұрмыстық машинасынан 8 дана бар. Ол енді ғана үйреніп келе жатқан тігінші қыздарға ыңғайлы болғандықтан тұр. Мен матаны «Алаш» базарынан аламын. Ұлттық шапанға велюр, бархат матасын қолдансам, қазақша көйлекке шифон матасын аламын. Кэжуал мен этно стиліндегі элементтерді біріктіріп ұлттық киім жасап шығарамын, – деді ол.

Апта ішінде жалғыз өзі бір көйлек тіге алатын ол тапсырыс берушіден 150 000-500 000 теңге аралығында ақша алатынын айтты.

– Шымкент қаласында тігін саласын үйрететін эксперттер санаулы. Мен көйлектерімді Медина Сақтағанова, «Нұр Шах» деген дизайнерлердің стиліне ұқсатып тіккім келеді. Өзім Шымкент қаласындағы Гүлжан Тастанованың тігін курсына бардым. Одан бөлек түрлі онлайн курстарды оқыған болатынмын. Сол білімімді қазір қолданып жүрмін. Бүгінде тігін шеберханамда 3 тігінші қыз жұмыс істейді. Тағы бір қызды тапсырыс түскенде ғана шақырамын. Себебі, ол бала күтіміне байланысты таңнан кешке дейін жұмыста отыра алмайды. Осы сияқты бала күтімінде отырған әйелдерге тігін саласымен айналысуды ұсынар едім. Себебі, бұл салада табыстың көп екенін айтқым келеді, – деді Эльмира Расұлқызы.

Түйін: Эльмира бала күтіміндегі және үйде отырған қыз-келіншектерге жұмыс көптігін айтып отыр. Иә, қалауын тапса бәрі де болатынын аңғардық.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер