Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихында ерекше орны бар қайраткерлердің мерейтойларын жоғарғы деңгейде атап өту – жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын маңызды қадам екенін атап өтті.
Ақын, публицист, журналист, қазақ әдебиеті мен руханиятында орны бөлек талант иесі, ағартушы, көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 130 жыл толды. Ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойын бүкіл ел болып атап өтіп жатырмыз. Сәкеннің өмірі мен шығармашылығы тек әдебиетшілер мен тарихшыларға ғана емес, жас ұрпақтың санасына сіңіруде өте маңызды . Сәкен, Ілияс, Бейімбет тағдырларында ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының трагедиясын көреміз. Олар халыққа адал қызмет етті. Бірақ тоталитарлық режимнің құрбаны болды. Олардың өмірі мен шығармашылығы мемлекет пен оның институттарын қалыптастыруға, білім беру мен экономиканы, ауылшаруашылығын дамытуға, халқының бай мәдениетін зерттеуге арналды. Олай болса, мемлекетіміздің әр азаматы осындай тұлғалардың өмірі мен әдеби мұрасын білуі тиіс, рухын асқақтатуға міндетті.
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің «Механика және машина жасау» кафедрасында қазақ поэзиясының классигі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Сәкен – жырдың сарқылмас дариясы» деп аталатын әдеби-сазды кеш тақырыбында ашық тәлімгерлік сағат өтті. ММГ-24-14к, ММГ-24-2к, ММГ-24-5р топтарының 1 курс студенттерінің атсалысуымен өткен тәлімгерлік сағатқа «Механика және мұнай газ ісі» факультетінің деканы Райымберді Рысдаулетов, «Механика және машина жасау» кафедрасының меңгерушісі Дархан Мырзалиев, топтардың тәлімгерлері Г. Қазтуғанова, А.Молдағалиев, А.Сейтханов, кафедра оқытушылары және 1 курс студенттері қатысты.
Ашық сабақтың мақсаты – қазақ зиялысы, XX ғасырдағы қазақ поэзиясын жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан ақиық ақын, ірі мемлекет қайраткері, сарабдал жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі, республика қаламгерлерінің бетке ұстар беделді серкесі, осыларға сал-серілігімен сирек ұшырасатын сымбаттылығы қосылып, көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған Сәкен Сейфуллин жайлы студенттерге мағлұмат беру, жас ұрпақты еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен, Алаштың ардақтысының өмірі мен шығармаларын оқып білуге баулу, ақын шығармаларының өміршеңдігін көпшілікке таныту. Сондай-ақ, ақынның өз заманындағы саяси-қоғамдық көзқарасын таныту, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.
«Механика және мұнай газ ісі» факультетінің деканы Райымберді Аманұлы Сәкен Сейфуллиннің тұлғалық қасиеті және ұлтының жарқын болашағы жолындағы қайраткерлігіне тоқталып, әдеби кештің маңыздылығын атап өтті. Студент-жастар С.Сейфулиннің мұраларын насихаттап, өлеңдерін оқыды, өмір жолынан сахналқ көрініс көрсетіп, деректі фильмді тамашалады.