2200 жылдық тарихы бар шаһар жайлы ежелгі жазбалар

Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихының барын дәлелдеу – отандық тарих және археология ғылымының елеулі жетістіктерінің бірі. Қала тарихын зерттеп жүрген ғалымдар бұдан үлкен еңбектің арқасында қол жеткізді.

Screenshot_6.jpg

Бұл бағыттағы ғалымдар Д.Тыныбаев, М.Аяпов, Н.Наумов, Ә.Исмайлов зерттеу кітаптар жазса, Н.Попова, Б.Алтаев, М.Міразов, Б.Байтанаев, Б.Айтаев секілді ғалымдар қалаға қатысты ғылыми мақалаларды дүниеге әкелді. Осы тұста, қала жайлы ежелгі деректерді ұсынуды жөн көрдік.

Біз әдетте Шымкенттің бір ғана атауын білеміз. Осы атау¬ды да бастапқыда кейбір зерттеушілер Ташкент – «тас қала» үлгісінде пайда болған урбоним, яғни «шымнан салынған қала» деп қате түсіндіріп келді. Шымкент урбонимі «шымнан көтерілген қала» деген мағынаны білдірмейді, оның «жасыл қала», «шым жерде орналасқан қала» екенін кейінгі ғылыми еңбектерде жер атау¬ларын зерттейтін бір топ маман дәлелдеді.

1800 жылы тау инженерлері Поспелов пен Бурнашев Тәшкенге барар жолда Шымкентке соғады. Олардың жазбасында «Тәшкент жолында бірінші, шамамен 700 үйден тұратын Чеменгель қаласы кездесті. Алатау сілемінің бір саласына таяу, Шыршық өзені аңғарындағы тау етегінде онға тарту үлкен ауылдар бар. Ондағы үйлердің бәрі аса қалың емес, қыш қабырғалардан соғылған әрі көптеу бөлігі биіктеу жерлерге орын тепкен» деген жолдар бар.

1813 жылдың жазында шымкент арқылы өткен жеке Сібір корпусының тілмашы Ф.Назаров былай деп хабарлады: «Шымкент Бадам өзені бойындағы биік жерге салынған, өте биік қабырғалармен тұрғызылған қала. Қалаға өзен жағынан сыңар ат жүретін тар соқпақ арқылы кіресіз, қабырғадағы терезешелер төгілген өзен суы әлдебір диірменнің қала арқылы өтетін арық-арнасын толтыра түседі. Күйдірілмеген кірпіштен Қытай үлгісімен салынған үйлердің терезелері жоқ, сондықтан да бөлмелерге жарыұ түсу үшін көшеге қараған есіктердің бәрі ашық тұрады».

Ал 1830 жылы Шымкентке келген Потанин мынаны айтады: «Чемкеть қаласы Бадам өзенінің жайылма тұсына, деңгейі биік жерлерге, шағын қорған (тәшкенттіктер тілінде «орда») түрінде салынған. Айналасы лайдан тұрғызылған биік дуал, оның өзен жағынан кіретін есігі бар... Чемкетте 600-дей үй, бір мешіт бар, көшелері өте тар және ретсіз үйлері Шолаққорған мекініндегідей болып салынғанымен, бірен-саран тәртіпті тұрғызылғандары да кездеседі. Тұрғындардың басым көпшілігі егіншілікпен айналысады, бір бөлігі көшіп-қонып жүрген Үлкен Орда қырғыздарымен сауда-саттық жасайды».

Мысалы, 1866 жылы Шымкентте болған жазушы А.К. Гейнс қаланы былай сипаттайды: «Шымкенттің сыртқы көрінісі өте қызық... Әрбір үй айналасына ағаштар егілген. Олар шарбақ сыртына шығып көше бойы арнайы отырғызылған аллея сияқты. Кейбір көшелерде биік теректердің, сәмбіталдардан түскен қою көлеңке үнемі болатын сияқты. Шымкентті аралап шығып талы, ағашы жоқ бірде бір ауланы кездестірмедім». 

Одан бір жыл кейін келген атақты суретші В.В. Верещагин қала туралы мынадай жазба қалдырған: «Шымкент баулардың астында қалған. Алыстан тек ағаш теңізі және жартылай бұзылған қамал басы көрінеді».

Араға жылдар салғанда, яғни 1876 жылы келген А.П.Хорошкин өз жазбасында: «Шымкент-Орынбор мен Тәшкен жолындағы Орта Азияның екінші қаласы. Шайқастардың талайынан жапа шеккен, тау қоршаған қала тас қамал секілді. Қамалға кіретін жол базардан басталып, айналма соқпақ арқылы көтеріледі. Қала базары ретке келтірілген. Орыс слободкасы тәртіпті орналасқан; сөрелерінен әлденелер сатып алуға болады» деп жазады.

1915 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінде Зәкір Ғайсин деген зиялы азамат Шымкенттің егінге, бау-бақшаға жайлы екенін қызыға жазады: «Шымкент қаласы – ауасының тазалығы, жерінің егіске қолайлылығымен Сырдария облысында бірінші жер. Қаланың оңтүстік жағында үш шақырым шамасында Қошқар ата дейтін әулиенің зираты бар. Соның түбінен аққан күмістей жылтыраған таза бұлақ суы бұралып қаланың тап ортасынан жарып өтеді. Құдайдың адам балалары үшін тегіс пайда көріп, бау бақша өсіріп, қаланы безендіріп көркейткен халық – орыстар, одан кейін сарт бауырларымыз екен. Ал біз мұнда 25 февральда болып едік. Қаланың сырт жағына шығып жүрдік. Жер жүзі түрлі шөптер бәйшешектермен қапталып, масатыдай құлпырған. Аспанға қарасаң түрлі-түрлі әнге басқан құстар. Мұның бәрі бізге май айын еске түсірді»

«Шығыстың шынары» деп әнге қосып айтатын Шымкент қаласының тарихы тым әріде, кем дегенде, 2200 жылды құрайтыны ғылыми негізде анықталды. Археолог Бауыржан Байтанаев жетекшілігімен Шымкентте жүргізілген қазба жұмыстары барысында көнелігіне осындай айғақтар табылды. Бұл біздің археологиямыздың үлкен табысы деп білеміз. Қазба материалдарымен шегенделген бұл қаланың «өмір жасы» әлі де ұзара түсуі мүмкін» - дейді тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа.

Тарихы терең қаланың ашылмаған қаншама тарихы бар.  Отандық ғалымдар қазіргі таңда археологиялық қазба жұмыстарын жалғастырып, шет елдік мұрағаттарды ақтаруда үлкен еңбек етіп жатыр. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер