Әлемнің үздік шахматшы қыздары жарысқа түсті

Шымкентте KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) және Freedom Holding Corp компаниясының қолдауымен әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы ФИДЕ гран-приінің 2-ші кезеңі басталды. 

Screenshot_24.jpg

Бұл белді турнирге қатысу үшін әлемнің мықты 10 шахматшы қызы Шымкентке жиналды. Олардың арасында Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы – 45-ші шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева да бар. Турнир 8 қарашаға дейін жалғасады. Ал жарыстың ашылу салтанаты 29 қазанда Rixos Khadisha Shymkent қонақ үйінің салтанат залында өтті. Ресми ашылу жиынында ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов сөз сөйлеп, турнирге қатысушы барлық үміткерлерге табыс тіледі.  

«Халықаралық шахмат федерациясы әйелдер арасындағы беделді турнирдің қазақ жерінде, республиканың көрікті қаласы Шымкентте өткізуін өте құп көрді. Қазақстанда әлемдік ірі жарыс ұйымдастыру қазіргі таңда керемет жақсы дәстүрге айналып келеді. Біз осы елде шахмат спортын дамытуға Президенттен бастап,  федерация мен бизнес өкілдеріне дейін мүдделі екендерін көріп, ерекше шабыт алдық әрі қазақ елінің осылайша қолдау көрсетіп жатқанын өте жоғары бағалаймыз. Жарысқа түскен әрбір қатысушыға сәттілік тілейміз. Және әр партияның тамаша өтуіне тілектеспіз» деді А.Дворкович. 

15 жылдық тарихы бар классикалық шахматтан әйелдер Гран-приінде жалпы есепте екі жеңімпаз келесі әлемдік шахмат тәжінен үміткерлер турниріне (FIDE Women’s Candidates 2026) қатысуға мүмкіндік алады. 2024-25 жылғы турнир сериясына қатысып отырған  әлемнің ең мықты 20 шахматшысы 6 кезеңде бақ сынасады. Аталмыш кезеңдердің біріншісі тамыз айында Тбилисиде өтсе, Шымкенттегі 2-ші кезең турнирінде осы жиырмалықтың он үміткері өзара кім мықтыны анықтайды. Олар Тань Чжунъи (Қытай, 2551), Александра Горячкина (FIDE, 2533), Хампи Конеру (Үндістан, 2530), Катерина Лагно (FIDE, 2527) және Элизабет Петц (Германия, 2458), халықаралық шеберлер Дивья Дешмух (Үндістан, 2501), Бибісара Асаубаева (Қазақстан, 2487), Ставрула Цолакиду (Грекия, 2439), Нургюл Салимова (Болгария, 2405) және Батхуягийн Монгонтуул (Моңғолия, 2344). Бұлардың бәрі де гроссмейстерлер, яғни шахмат ойының аса білікті шеберлері. Жарысты ұйымдастырушылар үміткерлердің барлығы да өте тәжірибелі ойыншылар, талай шахмат додаларында жеңіске жеткен мықтылар екенін айтады. Сондықтан бұл жолы да гран-придің екінші сериясы алдыңғысындай қызықты әрі тартысқа толы болғалы тұр. 

«Шахматтың тамаша дәстүрі бар Шымкент қаласы әлемдік деңгейдегі жарысты өткізуге өте жоғары деңгейдегі дайындықпен келіпті. Біз бұған өте ерекше қуанып отырмыз. Шахмат деген бөлек бір құдыретті әлем ғой. Оның өзіндік қалыптасқан дәстүр, үрдістері бар.  Әйелдер Гран-приінің екінші кезеңін елордада өткізуге де болар еді. Бірақ  аймақта ұйымдастыра алу Қазақстан шахмат федерациясы үшін үлкен мәртебе боп саналады. Әрі федерацияға зор жауапкершіліктерді де жүктейді. Жалпы мұндай айтулы іс-шара Қазақстандағы шахмат қозғалысының дамуына тың серпін береді деген ойдамыз. Сонымен бірге әлемдік  шахмат қауымдастығының алдында еліміздің беделі арта түсетініне сенімдіміз» деді журналистерге берген сұхбатында KazChess президенті Тимур Турлов.

Жарыстың салтанатты ашылуында атақты қазақстандық дизайнер Аида Қауменованың биылғы турнирге арнап тіккен жаңа киімдер топтамасының көрсетілімі болды. Ісмерлік өнер шеберін мұндай іске «Айнаның ішкі жағына саяхаттаған Алиса» фильмі шабыттандырыпты. «Шахмат деген жұмбақ бір әлем, ойындағы жүрістер шынайы өмірде жеңіске жетуіңе көмектесіп, қиялыңдағы арманыңды орындауға, қиындықты жеңіп жеңіске жетуіңе итермелей түседі» дейді дизайнер. Жанкүйерлер алдына өздерін таныстыруға шыққан атақты шахматшы қыздардың үстінде қазақ модельерінің қолымен дайындалған ұлттық үлгідегі әдемі қамзолдар болды. Үміткерлер осы киіммен ерекше сәнге бөленіп, нәзік сұлу арудай ажарлана түсті.    

Сонымен әйелдер арасындағы ФИДЕ гран-приінің тағы бір артықшылығы ол оның ақшалай жүлдесінің қомақты екенінде болып тұр.  Әр кезеңнің жүлде қоры 80 000 АҚШ долларын құрайды, ал оның 18 000 доллары бірінші орын алған шахматшыға табыс етіледі. Бүкіл серияның жалпы жүлде қоры рекордтық 600 000 долларға тең екен. Соның  120 000 доллары жалпы есепте үздік он ойыншыға үлестіріледі. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Шымкенттегі турнир 8 қарашаға дейін жалғасады. Жанкүйерлер шахмат жарысының барысын және барлық жаңалықтарды онлайн-платформалар арқылы сондай-ақ KazChess пен ФИДЕ парақшаларынан көре алады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер