95 жылдық мекрейтойын атап өткелі отырған Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры еліміздегі ең алғашқы "Кәсіби мамандар театры" болғанымен тарих бетіне алтын әріппен жазылып қала бермек.
"Кәсіби маман" сөзі бүгінде қалыпты жайтқа айналғанымен, өткен ғасыр басында тың мамандықтың "тұңғышы" болу екінің-біріне бұйырмаған бақыт болатын. Жұмат Шанин - қазақ театрының негізін қалаған реформаторы болса, Халел Шәженов – ресейдің мойындалған әйгілі оқу орнында режиссер дипломын алған қазақтан шыққан алғашқы қарлығаш болып қазақ театрының тарихына енді.
Х.Шаженов 1908 жылы 25 наурызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Алғашқы кездері өзінің туған аулында мұғалімдік қызмет атқарған Халелдің 1932 – 34 жылдары ҚазПИ-дің тіл-әдебиеті факультетінде оқып жүрген кезінде әдеби іс-шараларды басқарып, кішігірім сахналық қойылымдарға қатысып, театр өнеріне деген қызығушылығы оянады. Табиғи шыншыл ойынымен театр мамандарының назарына іліккен Х.Шаженовке 1936 жылы Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік сахна өнері техникумінің қазақ студиясынан білім алуға аттанғалы тұрған алғашқы өнер қарлығаштарының тобын бастап баруды тапсырады. Аттары әлемге әйгілі театр тарландары В.В.Меркурьев пен И.В.Мейерхольдтан білімін ұштап жүріп алғашқы тырнақалды қойылымдарын кәсіби деңгеймен ойнай бастаған қазақ жастары 1937 жылы «Мазасыз қонақ», «Ұрылар» спектакльдерімен өздерінің шығармашылық қабілетін байқау мақсатында Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларын аралап, ұстаздарының назарына ілігеді.
Керемет түр-келбетімен, ашқы дауысымен, сахналық таза тілімен, музыкалық-ритмдік, пластикалық ерекшелігімен Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» драмасында мансапқордың өктемшілдігі мен күш-қайратын актерлік шеберлігімен нанымды жеткізген Х.Шаженовтің билікте үстем болуды армандайтын, өз мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын, қаймықпайтын жігерлі де ерікті Президентті нәшіне жеткізе білгені жайында қатарласы Малғаджар Жүсіпов:"...Өз көрсетілген типтерін театрымыздың актерлері: Төкебаев, Шәженов, Дүйсеков, Абдуллина, Бөкеева, Сейтхожина, Сыздықов, Бәйкенов, Қасенов секілді қаулап өсіп келе жатқан таланты бар екенін көрсете білгенінде сөз жоқ. Бұлардың соңғы 6 айдың ішінде-ақ актерлікке бейімді, шеберлік көрсеткендігі байқалып та отыр. Бұл ролдерді меңгеріп алуда театрдың жас артистеріне үлкен алғыс айтамыз"./Малғаджар Жүсіпов. "Шиллер пьесасындағы типтер". 1936 жыл/- деп қалам тартады.
Ленинградта оқып жүріп, Оңтүстіктен аттанған бір топ жастардың арасындағы жас актриса Жұмабике Серікбаевамен отау құрған Х.Шәженов жайлы Қазақстанның халық артисі Әмина Өмірзақова өз естелігінде; «Пойыз бірінші Алматыға жеткенде, аңырап жылап қоя бердім. Халел Шаженов деген жетекшіміз бар еді. Ол мені бауырына басып, көз жасымды сүртіп, қанаттандырып қояды. Туған ағамдай болып отырған ол, Бикешке (Қаз.Халық артисі Жұмабике Серікбаева) қырындай бастаған...» - деп естелік айтады. (Түркістан газеті, «Адамгершілік – бәрінен биік мұрат» Е.Кәпқызы)
Студияда оқып жүрген қазақ жастары, өздерінің өнерге даген ынтызарлығын К.Гальдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясын ойнау кезінде дәлелдеп үлгереді. Х.Шаженов, табиғат сыйлаған талантымен қоса адами опалы қасиетімен дараланған тұлға екендігі жайында; «Халел, ештеңеден қорықпайтын өжет еді. 1937-ші жылы бізбен бірге актерлік шеберлігін шыңдап жатқан Мусинді (Хадиша Бөкееваның алғашқы күйеуі)қылышынан қаны сорғалаған НКВД сұраққа алады. Мусин, Ленинградтағы қазақ Алаш комитетінің жиналысына жиі барады екен. Ел шетінде жүрсе де НКВД-дан қаймықпаған Халел Шаженов, жанкештілікпен Мусиннің саясатқа еш қатысы жоқтығын дәлелдеп, қамаудан аман алып қалғанымен, екі актерді НКВД қармағынан аман алып қала алмағанына өкінумен өтті. Қалғандарын елге аман-есен жеткізді" деп еске алған өмірлік жары Жұмабике Серікбаева екеуінің тұңғышы Мэлс, Ленинградта дүниеге келеді.
1938 жылы арнайы білім алған мамандарды бөлу кезінде, Халел мен Жұмабике екеуі Шымкент театрын таңдайды.
Кең диапазонды,саңқылдай шығатын ашық дауысымен қойылымдардағы күллі бас кейіпкерлерді; Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» - Президет, Д.Фурмановтың «Чапаевында» - Чапаев, Гальдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде» - Панталоне, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқтысында» - Ақан серіні ойнап жүрген Х.Шаженов, режиссураны қолға алуға бел байлап, ресейлік майталман режиссерлардан алған тәлімін қазақ сахнасында қолдануға білексыбана кірісіп кетеді.
"...Ленин қаласындағы театр кадрларын әзірлейтін учелищені бітіріп келгендердің арасынан өзінің үздік таланты, бейімі нәтижесінде озып шығып, коллективтің көмегі арқасында өзіне тапсырылған режиссерлық міндетті жақсы атқарып келе жатқан Шәженов жолдасты атап айтып кетуге болады. Шәженов жолдастың режиссорлық етуімен коллективіміз кейінгі жылдар ішінде "Еңлік-Кебек","Айман-Шолпан","Отан үшін", "Алуан-алуан" постановкаларын даярлап шығарды. Қазір қазақ қалқының даңқты батырының тұлғасын бейнелейтін "Исатай-Махамбет" атты постановканы қоюға даярлықты бітіріп отыр"/Мәдіқожаев. Бастауыш комсомол ұйымының секретары
Камалов. Профсоюздың жергілікті комитетінің председателі.
"Коллектив арасындағы саяси-көпшілік жұмыстары". "Ленин жолы". 1 июнь 1941ж. №127 (941)/ деген мақаладан Шәженов шығармашылығымен жақын таныса түсеміз.
Шығармашылық жолы сүбелі ролдермен шыңдала түскен Х.Шәженовтің Әуезовтің "Түнгі сарын" дармасындағы актерлік шеберлігі жайлы: "... Тәнекенің рөлін атқарған актор Шаженов жолдас өзінің рөлін қалыққа таныта алды, қазақ қалқының кейбір өткір картиналарының мінездерін жаңа ел бастаған даналық әдеттерін,табандылығын тамаша көрсетті, меніңше Шәженов жолдастың осы жасаған образы толық жеткілікті."/Қасымқанов С. – қалалық комсомолдар комитетінің саяси оқу бөлімінің бастығы. "Акторлар әлде де ширай түсуі керек". "Оңтүстік Қазақстан". 1938 жылдың 26 декабрі. №295 (1092)/ - деп жазған мақалада пікірі қымбат көрермен өз ойын ортаға тастаса, қойылым жайлы Халел Шәженовтің өзі;"...Дегенімен біздің актерларымыздың көпшілігі қазақ халқының тұрмысын, салт, сана әдет ғұрпын жеткілікті білмеушілігі қазақтың бұрынғы ескі тұрмыстарына таныстығының аздығы байқалды. Коллектив Ленинград қаласында 4-5 жылдай оқып орыс, Европалық қалықтарының әдет ғұрыптарымен күнделікті сабақтар арқылы танысып отырдыда, қазақтың өз өмірлері, тұрмыс өзгешеліктері жөнінде аз дайындық жасады. Соңғы кезде Қазақстанда өсіп жетілген құнды әдебиет жаңа театрдың жақсы шығармалар мен оларда берген жұртшылық сындарымен коллектив ойдағыдай таныса алмады. Ал "Түнгі сарын" пьессасын қоюда бөлінген бір жарым ай уақыт қазақ тұрмысының ескі қалдықтарын толық меңгеріп кетуге аздық етті. Мұның үстіне қазақтың өз таза киімдері, үй саймандары түскиіз, желбау, кісен, қамшы, жеткіліксіз болды. Міне осындай ұзақ нәрселердің жоқтығы пиессаның кейбір уақыттарда нашар болып көрінуіне себеп болды. Екінші – үлкен бір кемшілік жалпы массовка жоқ, кісі жетімсіз, құрал аз болды. Шынында бұл айтылғандарпиессада үлкен орын алатын заттар еді. Бізге актерлардың образын қалай жасау жөнінде зрителдердің байымды, анық пікірлері керек. Мәселен: картина жабылар алдында мұғалімнің қимылынан келешекте жеңу бар екенін зрителдер байқай аларлықтай волдыма, міне осыған пікір-алысу керек болып отыр. Мұқтар мұнда өйездің жана Нұрханның алдында мұғалім сөйлетіп қойып, сахнаны жапқызады. Біз өйез бен Нұрханды қашып құтылып кеткен Тәнеке мен бой берместі қуғызып сахнадан шығарып отырмыз, міне бұл қалай болар екен деп. Мұқтардың айтуы бойынша Қыдырбайды сахнаның сыртында Тәнекеге өлтіртеді, біз оның сахнада алыстырып Тәнегеке жеңгізіп, пышақтатып өлтіріп отырмыз. Бұл қалай болар екен, осы жағына сіздердің пікірлеріңізді күтеміз. Бұл алдағы күнде біздің ойдағыдай жұмыс істеуімізге толық жәрдем болады ғой деп сенемін./Шәженов. (постановщик жәрдемшісі)"Түнгі сарын" постановкасына қалай әзірлендік". "Оңтүстік Қазақстан" 1938 жылдың 26 декабрі, №295 (1092)/ - деп, сонау алыста қалған жылдардың өз қиындығын тілге тиек етеді. Актерлік пен режиссураның қос тізгінін қатарынан ұстаған Халел Шәженовтің қажыр-жігері театр сахнасында шыңдалып, театрды өз әлеміне айналдырады.
1940 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегін» режиссерлік сахналаумен қатар Бекежанның ролін өзі ойнайды. Қойылым жайлы:"...Пьесада басты рольдің бірі Бекежандікі. Оны дұрыс шығару үшін ойнаушыға да көп ізденіп, ойлануы керек етеді. Ал, егер бір тентектің типін берсе Бекежан болады десе, әрине ол қате болған болар еді. Оны тиісті жерінде батыр да, жүректі де, епті де етіп бере білу керек. Осы жағынан қарағанда Шаженов жолдас алдына қойған міндеттің бір сыпырасын ойдағыдай шешкен деуге болады. Әсіресе оның аяқ астынан тулап, күтпеген жерден бұрық-сарық болып ашулануы өте лайықты. Сосын Бегежанның көз қарасын да дұрыс келтірген."/З.Жарқынбаев "Қыз Жібек" туралы бір-екі сөз" Ленин жолы.7.06.1941ж. №132/ деген мақаламен танысып отырып Х.Шәженовтің режиссерлігімен қоса актерлік ойынын көрерменнің жылы қабылдағанын көреміз.
Халел Шәженов Шымкент қаласы шеңберінде қалып қоймай, театрды іргелес Қызылорда еліне гастрольдік сапарға алып шығады. Қойылымдар табысты өтіп, көрермен көзайымына айналған театр, бірнеше концерттік бағдарламалар да береді. Қызылорда сапары жайында:"...Оңтүстік Қазақстан облыстық (Шымкент) театры Қызылорда қаласына келгелі бері искусство істерінің облыстық бөлімінің инитиативасы бойынша Шымкент қазақ театрының коллективі мен Қызылордадағы корей театрының коллективі мүшелерінің екі рет творчестволық кездесуі өткізілді. Бірінші кездесу майдың 9 күні пионерлер үйінде болды,онда жоғарыда аталған театрлардың екеуінің де коллективі және қоғам ұйымдарының өкілдері бас қосты. Мәжілісте искусство бөлімі өкілінің және Шымкент театрының басшысы Шаженов /Шаженов/ жолдас пен корей театрының көркемөнер жөніндегі басшысы Цай жолдастың қысқаша мазмұндамалары болды.Олар өз сөздерінде мәжіліске қатысып отырғандарға өз творчестволық пландары туралы айта келіп, оларды келешекте көркемдік жағынан жоғары сапалы және көркем спектаклььдер қою ісіне бар күшті жұмсауға шақырды."/Таласов. 20 май 1941 ж. №116 (930)/ деп жергілікті баспа беттерінде жылы лебізге ие болады.
"...1938 жылы осы театр коллективі Ленинградтағы мектепті бітіргеннен кейін, үкімет пен партияның қаулысы бойынша, Шымкент театрының тұрақты кадрлары етіліп бекітілді. Бұдан кейін театрдың творчестволық жаңа дәуірі басталды деуге болады. Жас коллектив өздерінің бұл істерін жұртшылыққа қалай көрсетуді, әр жақты жанрлармен таныстыруға репертуарын мына түрде құрастырды; орыс, Батыс Европа классиктерінің таңдамалы шығармаларынан, қазақтың классикалық эпостарынан, азамат соғысының, 1916 жылғы қазақ көтерілісінің оқиғаларынан жана осы дәуірдегі темадан алынған құнды пиессаларын қоя бастады. Біздің коллектив кино искусствосына да көрнекті еңбек сіңірді, студент болып жүргенде де көбінесе көпшіліктің қатынасатын сахналарда оқиғаға дұрыс реаксия жасаумен "Аманкелді" филмысына біздің жігіттер көзге түсерлік еңбектер істеді. Онан кейін бүкіл әлемде әйгілі Петр филмысында талантты артист Қ.Қарсақбаев, Абдырахман секілді тарихтан орын алған елеулі бір характерді тамаша ойнап еді. Әрине бұл біздің кадрымыз қазақ киносының екінші рет шығарылуында Ауезовтың ссенариясы бойынша "Райхан" кино филмысында Райхан рөлін тамаша атқарған Хадиша Бөкеева болса, бұл да біздің кадрымыз.
С.М.Киров өмірін бейнелейтін "Ұлы азамат" филмысында 1-ІІ сериясы қазақ қазақ тілінде аударылып шығуда қысқа мерзімде көрнекті қызметімен қатар бейімділіктерін дәлелдегендей болды. Дубләж қатарындағы жұмыстың ең бағалысы деген атақ алды. Осы жұмыстың нәтижесінде Бөкеева Х., Серікбаева Б., Ерғалиева Б., Мадыхожаев Т. Жолдастар Қазақ ССР Ұлы Советі Президумының құрмет грамотасын алды. Коллектив әліде болса мастанбайды. Күн сайын, сағат сайын өнер қызметінің ең жоғарғы сатысына қол созуға жұмыла тырысуы сөзсіз, партия мен үкіметтің нұсқауы бойынша келешек табыстарға, шындық мағынасына жетуге ұмтыла бермек./Режиссер Қ.Шаженов. Директор Березчук. "Театрдың творчестволық өсу жолы". "Ленин жолы". 1 июнь 1941 жыл №127 (941) Бұл - бір қарағанға қарапайым көрінетін Х.Шәженовтің өз қолымен жазған, өнебойынан шығармашылық жолдың ащы-тұщысы есіп тұрған мақала театр актерлерінің сахнамен қатар кино әлеміне аяқ басқанын жайлы Шанин театрының маңызды шежіресі болып қала бермек.
Таланты ұшталып, биікке самғай бастаған шығармашылық арманын 1941 жылы басталған Ұлы отан соғысы талқандағанына қарамастан Х.Шәженов рухты қойылымдарға өшіге кірісіп, М.Ақынжановтың «Исатай - Махамбет» пьесасы сахналайды. Көрерменнің патриоттық рухын асқақтататын табысты спектакль болып, көпшіліктің ықыласына бөленген қойылымда Истай мен Махамбет бейнелері батырлықтың, батылдықтың сиволына айналып, фашизмге қарсы күрестің жаршысы болады. Махамбеттің өлеңдеріндегі поэтикалық сарын мен кейіпкерлердің ұлттық нақыштағы костюмдері режиссер идеясын айқындайтыны жайлы: "...Режиссер пьесаның "қосымша авторы" болып есептеледі. Искусстволық өнердің осы тұрғысынан қарағанда "Исатай-Махамбет" пьесасын қоюдағы театрдың постановщик-режиссеры Шаженов жолдастың еңбегі едәуір. Ол пьесаның жанды қызықты шығуы үшін көп еңбек сіңіре білген пьесадағы көп монологты қысқартқан, соғыстың көпшілігін сахнаның сыртына шығарып, өте маңызды жерлерін сахнанң ішіне енгізген. Бірақ бұл тым оғаш та емес, сондайлық шеберлікпен, көп ойланумен шебер істелген пьесаның компазициялық құрылысына, уақиғаның өрбу барысына ешқандай кемшілік келтірмеген, кейбір қысқартылған жерлердің жалғасымен байланыстырылуы уақиғаның о бастағы жанды өзегіндей болып, арасындағы "үзіліс"-тің барлығы сезбестік болып шыққан."/Оңтүстік Қазақстан" №228 (2927) 26 сентябрь 1941 жыл/- Х.Шәженовтің режиссер ретінде батыл қадам жасаған шығармашылық жолын айғақтап түскендей.
Соңғы рет Ғ.Мүсіреповтің "Ақан сері- Ақтоқтысын" сахналаған біртуар режиссер Ақан серіні – өзі, Ақтоқтыны аяулы жары Ж.Серікбаеваға ойнатады. Қос ғашық сахнада кейіпкерлері болып қоштасқанын білмеді. Премьерадан соң театрдың 11 актерін бастап Ұлы Отан соғысына аттанған Халел Шәженов, араға 6 ай салып, Харьков түбінде қаза тапты. Қазақстанның халық артисі Ж.Серікбаева сүйікті жары Халел қойған Ақтоқтыдан соң да араға бірнеше жыл салып Ақтоқтыны ойнайды.
"Мен Ақтоқтыны 1942 жылғы маусымда қойылғанда да ойнағанмын, осымен жұртшылық менің атқаруымда Ақтоқтыны театр сахнасынан екінші рет көріп отыр. Арада өткен төрт жылда қаншалықты өскендігімді мен осы Ақтоқты ролін екінші рет қолыма алып жасап, жұртшылық алдында ойнауымнан байқағандаймын. Бұрын беуақытта бір көрген бейтаныс Ақтоқтымен енді ғана қол алысып, сырлас дос болғандай болдым. Ойлап қарасам, ана бір кезде Ақтоқтыны толық, шын мағынада түсіне де алмаған сыяқтымын. Өз сезуімде енді ғана Ақтоқтының сүйе білетіндігін, сүйгені үшін өз махаббатын қорғай білетіндігін, асқан қайраттылығын, құдалықтың құрығына мойын ұсынбай, "бар азапқа басын байлап" ерікті махаббат үшін күрескен, сол кездегі қара түнек заманда әділеттің саңлауын іздеп, жаңалыққа талпынған ел аузындағы ардақты қыздардың бірі екендігін көріп, білдім. Осы ойымды, трактовкамды қаншалықты жүзеге асыра алдым, оны жұртшылық өзі айтсын./Бикеш Серікбаева. Театрдың артисі. "Оңтүстік Қазақстан" 1957 жыл/ деп, сүйікті жарының қасында Ақтоқты болып тұрып "Кейіпкер Ақтоқтының" ішкі зарын кейін... Халелінен айырылған кезде сезінгенін осылай тебірене жеткізеді.
Қысқа ғұмырында жасындай жарқ еткен Халел Шәженовтің аты күңгірттенгенімен, "Қазақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері" ретінде Театр шежіресінде қалатына күмән жоқ.
Сая Қасымбек,
Театрдың әдебиет бөлім меңгерушісі, драматург