Баршаның басын қосқан «Қазақ дастарханы»

Шымкентте биыл тағы да жылдағы дәстүрмен «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер үлес қосты.

Screenshot_26.jpg

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы, ҚХА жанындағы ақсақалдар, аналар кеңесі қоғамдық ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен қоғам белсенділері осы фестивальге қонақ ретінде шақырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша этнос өкілдерін қоғамдық бастамаларға ұйыстырып, сол арқылы оларды мемлекет құ¬рау¬шы қазақ халқының маңайына топтастыру, әрі ұлтымыздың қонақжайлылық дәстүрін дәріптеу осы аталған іс-шараның негізгі көздеген мақсаты болған екен. 

Өткен жылдары этнос өкілдері ет асудан, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуден, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан өзара сайысқа түскен еді. Этномәдени бірлестік мүшелері биыл да сол дәстүрді жалғастырып, кең дастархан жайды, оған қазақтың ұлттық тағамдарын қойды. Келген қонақтар жайнап тұрған сол дастарханды көріп қызыға тамашалады. Үлкен қазанға ет асылып, үстел басындағы қонақтарға табақ тартылды, түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Осылайша этнос өкілдері қазақтың қонақ күту дәстүрін, ұлттық тағамдарын әзірлеуді жап-жақсы  меңгергендерін жұртшылыққа паш етті.

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ә.Жұмағұлова құттықтау сөз арнап, аталған іс-шараның жалпыұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ жадында жаңғыртуға септігі мол әрі этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, маңызды құндылықтарды дәріптеген бұл фестивальдің мазмұны терең екенін айтты.

«Өткеніміз бен бүгінімізді салыстырған жанға бүгінгі іс-шараның мәнін ұғыну аса қиын емес шығар деп ойлаймын. Бәріміздің басымызды қосып отырған ол қазақтың берекелді дастарханы. Кезінде кеңестік өкіметтің солақай саясатының салдарынан қазақ даласына талай ұлт пен ұлыс жер аударылғаны белгілі. Бірақ қазақ халқының пейіліндей кең дастарханы бәрін аштықтан аман алып қалды. Сондықтан сыйластық, достық, қонақжайлылық секілді ұғымдар барша Қазақстан азаматының дүниетанымы мен өмір салты болуы тиіс. Бұл біздің баға жетпес құндылығымыз. Ол барда ортақ үйіміз – Қазақстанда бейбітшілік пен қоғамдық келісім мәңгі жасай береді» деді сала жетекшісі. 

Дастархан басында бата берген қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев: ««Қазақ дастарханы» фестивалінің мақсаты – ас ішіп, аяқ босату емес. Бәлки осы елдің әрбір азаматының қарашаңырағы болған Қазақстанда барша халықтың бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын көпке білдіру. Бір қазаннан ас ішіп, бір дастарханда басқосып, өзара сыйластықтың, татулықтың туын жықпай келе жатқанымызды дүйім жұртқа көрсету» деді .

Фестиваль барысында қалалық «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының» мамандары қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Биыл сондай-ақ осы іс-шараға алғаш рет қатысқан қалалық «Ассамблея жастары»  ұйымының өкілі Нурали Гусейнов  «Қазақ дастарханы» фестивалінен керемет әсер алғанын жасырмады.

– Үлкен атамыз қазақ халқын құрметтеп жүріңдер деп құлағымызға құйып отыратын. Жарықтық, айтқан әрбір әңгімесінде қазақ даласына қалай күштеп көшірілгенін, жапан түзде қалып қойғанда қазақтардың жатсынбай бауырына жақын тартып, дастарханындағы нан, құртымен бөліскенін еске түсіріп, көзіне жас алып қалатын. Жейтін тамақ таппай қиналғанда қазақ ағайын шаңырағына шақырып, мата дастарханын ашып жіберетін де  ішінен әрқайсымыз бір-бір құрт, бір үзім наннан алып жүрек жалғап басымыз бақыттан айналатын дейтін. Расында қазақтың дастарханы – берекенің бастауы ғой шіркін. Себебі, қаншама ұлт пен ұлыс осы дастарханның киесінің арқасында аман қалды. Ал өзі жарымаса да, қолындағы барымен бөлісу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені анық. Бірақ та қазақ халқы нағыз адами қасиеттің үлгісін көрсетті. Даласы қандай кең болса көңілі де сондай дархан екенін дәлелдеп берді. Сондықтан өз басым қазақ еліне, оның берекелді дастарханы мен кең пейіліне шексіз ризамын, әрі атам өсиеттегендей Қазақстанға әрдайым қызмет етіп өтемін» деді ассамблея жастары ұйымының жетекшісі.

Айта кету керек,  Қазақстан халқы ассамблеясының «Қазақтану» жобасының аясында қолға алынған «Қазақ дастарханы» фестивалі алғаш рет 2015 жылы Шымкентте бастау алған болатын. Жыл сайын қалалық ассамблеяның ұйытқы болуымен түрлі мазмұнда өтетін фестиваль биыл осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • «Алтын Орда - Жошы ұлысының негізгі тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
  • Ұлттық құндылық – тәрбиенің сара жолы
  • 2200 жыл: Ескі де жаңа шаһардың құрылысы қалай дамыды?
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер