Қаныш Сәтпаев жайында жаңа кітап жарық көрді

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы авторларының бірі Санжар Керімбаймен кездесу болып өтті.

Screenshot_25.jpg

Жиынды тарих ғылымдарының кандидаты, университеттің тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Қайрат Анарбаев жүргізіп отырды.

Автордың айтуынша бұл кітапты жазуға екі жағдай түрткі болған. Оның біріншісі бүгінгі қоғамда білімсіздіктің белең алуы. Әсіресе жас буын өкілдері надақтың шұңқырына құлады деген пікір білдірді автор. Осы тұста С.Керімбай мынадай мәлімет келтірді, 1950-1990 жылдар аралығында кеңестер одағы тұсында 15 одақтас республика ішінде ең білімді, оқымысты қазақтар болған. Тіпті пайызбен шаққанда қазақтар орыстардан да алға озып кеткен екен. Ал қазір керісінше арада 30 жыл өткенде қазақтар білім деңгейі төмен, кітап оқымайтын ұлттар деңгейіне қалды. Бұл қалай болды дегенге автор былай деп жауап берді. Ғылым сөзі арабтың сөзі. Мағынасы білу. Әу баста арабтар жолда адасып кетпеу үшін арнайы белгілер қоятын болған. Соны ғылым деп атаған. Мәселен жолайрыққа келгенде елді мекенге баратын жолды көрсету үшін арнайы белгілер қойылған. Бірақ кейін Құран түсіп, Ислам діні тараған кезде ғылым сөзіне басқаша мағына үстеп, ол қазіргі түсінікке ие болған. Исламға дейін ғылымның қарама-қарсы сөзі жаһылдықты яғни білместік пен надандықты сол жолайрықтағы белгіден шатасып, бір жерді шиырлап адасып қалған адамды атаған. Кейін Құран түскен соң оның да түсінігі өзгеріп басқаша мағынада айта бастаған. Ғылымның анықтамасы адамды туылғаннан өлгенге дейін адастырмай жақсы жолға бастап тұратын жарық нұр. Адам өмірде аяғын шалыс баспаса, әртүрлі жаман әдеттерге бой алдырмай, қылмыс, бұзақылық жасамай тура жолмен жүріп өтсе, демек оған ғылымның пайда бергені. Әсіресе адам баласының ең бағалы кезеңі жастық шағын күл талқан етіп алмай, қайта сол күш-қуаты толысқан кезді халыққа пайда әкелетін жақтарға жұмсаған болса, ол да ғылымның үлкен пайдасы боп саналады. Міне осы анықтамалар автордың айтуынша кітаптің негізгі мазмұнына енгізіліпті. 

Сонымен кітапты жазуға түрткі болған екінші себеп, ол С.Керімбайдың «Қазақтың Қанышы» деген кітаптың авторымен кездесуі. С.Керімбайдың айтуынша Қазақстанның ел болып қалыптасуы, зауыт-фабрикалардың салынып, инфрақұрылымдардың тартылып, халықтың таза ауыз су ішіп отыруы Қаныш Сәтпаевтың ерлігінің арқасы. Ғалым бар ғұмырын қазақтың болашағына арнаған. Сол үшін күндіз-түні тынбай еңбек еткен. Автор «Қазақтың Қанышы» кітабын оқып отырып, ғалымның өлермендігіне, еңбекқорлығына таң қалған. Сөйтіп осы кітаптың авторымен жолығуды армандаған. Тағдыр нәсіп қылып 2022 жылы С.Керімбай Астана қаласына барғанда біреулер арқылы хабарласып кітапты жазған кісі Медеу Сәрсекемен жолығудың сәті түседі. Үйіне кіргенде немере келіні қарсы алып, автормен жолықтырады. Медеу Сәрсеке сексеннен асып қалған қария. «Қазақтың Қанышы» кітабының 2023 жылы шығатын соңғы нұсқасын редакциялап отыр екен. Амандық-саулықтан соң қария С.Керімбайға ғалым туралы тарихты тереңінен қозғап, сол арадағы әңгіме екі жарым сағатқа созылады. Содан С.Керімбай қазақтың ғылымнан ажырап қалуының себебі, біріншіден, Қаныш Сәтпаевтың өмірден өтуімен байланысты болса, екіншіден ғылымға жол сілтейтін бағыттардың болмауынан жоғарыда аталғандай жаһылдыққа ұрынып, бір орында шиырлап қалдық деген ой түйгенін айтты. Негізінде бұл кітап 1975 жылы шығу керек болған. Алайда оның басылуына түрлі кедергілер жол бермеген. Медеу Сәрсеке отызға жағын шағында Қаныш туралы зерттеуді бастап содан 85 жасқа дейін, былайша айтқанда бүкіл ғұмырын ғалымның өмірін насихаттауға арнаған кісі. Осы кітапты шығару үшін талай рет жоғары жаққа өтініш қылған. Сөйтіп «Қазақтың Қанышы» мың тиражбен басылып шығады. С.Керімбай бұл тираж кітаптың кең таралып, ғалымның насихатталуына өте аз. Қарияның осы жолдағы ендігі міндетін жастар арқалау керек деп өзіне үлкен жауапкершілік жүктегенін айтты. Қаныш Сәтпаевты қудалау 1951 жылдың басынан басталыпты. Ол кезде Мәскеу қыспаққа алса, 1955 жылдан бастап Қазақстанның Орталық комитеті ңалымның мәселесін май шаммен қарауға көшеді. Өйткені оның даңқы одақтан асып, бүкіл дүние жүзін шарлап кеткен еді. Ғалым Мәскеудегі кез келген министрлікке немесе түрлі басшылыққа ескертусіз, алдын ала жазылмай-ақ кіре беретін. Бұл әрине жергілікті билікке онша ұнай қойған жоқ. Сондықтан қудалауға себеп болған негізінен бір-ақ нәрсе ол қарапайым ғана көреалмаушылық еді деген пікір айтты С.Керімбай. Тіпті Қазақстан экономикасына қатысты көп мәселелерді ғалым бір ғана телефон арқылы шешетін болған. Қаныш Сәтбаев басқарған ғылым академиясын жергілікті билік қаржылай қысып көреді. Бірақ ғалым одан да жол тауып, жеке байланыстары арқылы қаржылық түйткілдерді айналып өтеді. Осылайша аяқтан шалса да құлата алмаған Орталық комитет ақырында ғалым өмірден озған соң көрсететінді көрсетеді. Ғұламаның туған күн тойлайтпайды, ол туралы түсірілген деректі фильм, жазылған кітаптарды бастырмай, жойып жіберуге әрекет жасаған. Кездесуде С.Керімбай Медеу Сәрсекенің бір естелігін айтып берді. 1976 жылы оған Қаныш Сәтпаевтың қызы хабарласып анасының жылдам жетуін өтінеді. Барса ғалымның әйелі Таисия жеңгеміз қатты ауырып жатыр екен. Жүрегін ауыртпайын деп кітап өртеліп кетсе де шығатын болды, әріп қателері тексеріліп жатыр деп алдаусыратпақ болады. Бірақ оның бәрі өтірік екенін білген Таисия апамыз: «Бізде бұл кітап басылмайды. Оны тек Мәскеуден шығара аласың» деп төрт кісінің төлефон нөмірін ұсынады. Олардың бәрі үлкен лауазымды министрлердің телефондары еді. Хабарласуға біраз уақыт бата алмай жүреді. Сөйтіп біраз уақыт өткенде ағамыз Нива автокөліміне аңға шығып үлкен арлан қасқыр атып алады. Оны дереу жақсылыққа ырымдап, түбі осы кітап жарық көреді деп өзіне сенім бүгінгі тілмен айтқанда мотвация алып өзінің кітабын бар білген орысшасымен орыс тіліне аударады. Кейін оны Семейдегі тіл білетін бір орыс маманына тексертіп, редакциялаған. Міне осылай деп кітап тарихымен, Қаныш Сәтбаев жайында естеліктерімен бөліскен қария екі апта өткен дүниеден озады. С.Керімбай әрі қарайғы бұл миссияны өзі алғанын, бұдан кейін өкшесін басып келе жатқан кейінгі толқын жастардың мойнына бұл парыз жүктелетінін тарих тізбегі осылай үзілмей жалғасатынын айтып, керемет ой тастады.

«Ғылымда Тәңірлік мотивация деген ұғым бар. Ол халқың үшін өмір сүріп, сол үшін басты бәйгеге тігу. Бірақ оны жасау үшін Тәңірлік азапты арқалауға дайын болуың керек. Қаныш Сәтпаев атамыз ғылыммен халқын өрге сүйреуді мақсат тұтып, сол жолда Тәңірлік азапты арқалап өткен адам. Егер жастар сол міндетті жақсы түсінсе, онда бүгінгі жастар қоғамында қазіргідей тоқырау болмас еді. Алайда мұны түсінетін ата-ана қайда. Баласын елі үшін тәрбиелеудің орнына қорғаштап өледі. Балабақшадан бастап, мектеп бітіргенше баласының ортасына тым еркелетіп жіберген. Қазіргі ата-аналардың басты мақсаты ол баласының ҰБТ-да ең жоғары балл алу. Бала да осы міндетті орындаса өмірде ең үлкен жетістікке жеткендей қуана мәз болып, өзін әрі қарай босаңсытып жібереді. Негізінде әрбір жаста тау қопарып жіберетіндей күш, потенциал болады екен. Бірақ ол іске қосылу үшін жоғарыда айтқанымдай Тәңірлік мотивация керек. Егер оны жастық шағында пайдаланбайтын болса кейінгі өмірі жанбай қалған көмір сияқты бықсыған күйі өтіп кетеді. Жастар елдің қамын жеу, халықтың болашағы үшін күресу деген аманатты мойындарына жүктемейінше ешқашан тау қопаратын күш-потенциалдарын пайдалана алмайды. Ал іштегі буырқанған күш өкінішке қарай уақыт өте келе әлсіреп, азая бастайды. Ғалым Қаныш Сәтпаев атамыздың заманындағы қазақтың қамын жеп өткен біртуар азаматтар бойларындағы сол бұла күшті оята білгендер. Бір өкініштісі бүгінгі жастардың өмірдегі бар арманы ҰБТ-дан жақсы балл жисам, қандай жолмен болса да дүние тауып бай болсам деген ой-қиялдан әрі аса алмай тұр. Дегенмен ешнәрсе де кеш емес. Жастар осы бастан ғылымға бет бұрып, өздеріне Тәңірлік мотивацияны басты қозғаушы күш етіп алса ешкім де оларға қой дей алмайды. Сондықтан жастар, оянатын, басты көтеретін кез келді» деді С.Керімбай сөзінің соңында. 

Кездесуде кітап авторы Өзбекәлі Жәнібековтің «Қазақтың Қанышы» кітабының кеңестер одағы тарқайтын соңғы кезеңдерде басылып шығуына үлкен білдіргенін, бүгінде Қазақстандағы оқу орындарының, көшелердің ғалымның атымен аталуына мәдениет майталманы көп еңбек сіңіргенін атап өтті. Айта кету керек бұл С.Керімбайдың университет ұстаздарымен, студенттерімен осымен екінші кездесуі. Бұдан бұрын автор «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітаптың таныстырылуында жоғары оқу орнының ұжым, шәкірттерімен жүздескен болатын.              

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Белгілі қаламгер шығармалары дәріптелді
  • Ұлттық киімді насихаттады
  • Баршаның басын қосқан «Қазақ дастарханы»
  • Қаныш Сәтпаев жайында жаңа кітап жарық көрді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер