Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ-да «Тұлға дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының ұйымдастыруымен «Мен қазақша сөйлеймін» атты акция өтті.
Акцияның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, жастар арасында тілге деген құрметті арттыру болып табылады.
– Бүгін біз осында бір шаңырақ астында жиналып, ортақ құндылықтарымызды дәріптеп, бірлігімізді нығайтуға бағытталған маңызды «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына жиналып отырмыз. Акцияның бастамасы – еліміздегі тілге деген құрметтің, мәдениетімізге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Біздің ұлы даламыз түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен достығының ордасы болса, қазақ тілі – осы татулықтың символы әрі алтын көпірі. Бұл бастама арқылы біз тіл үйренуге деген ынтамызды көрсетіп қана қоймай, еліміздегі әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеруіне қолдау білдіреміз, - деді іс-шараның ашылуында сөз алған орталық басшысы Гүлнар Жанысбекова.
«Тіл – ұлттың айнасы. Қазақ тілі – біздің болмысымыз, мәдениетіміз және тарихымыз. Бүгінгі шарада түрлі ұлт өкілдерінің студент-жастаыр қазақ тілінде еркін сөйлеуді үйреніп, оны құрметтеуді бір-біріне дәріптеді.
«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық, атап өткен болатын Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Іс-шарада жастардан құралған «Алтын Орда» және «Бірлік» командасы «Тіл білгірі» викторинасында салт-дәстүріміз бен мемлекеттік тілге қатысты сауалдарға жауап берді. «Сөз мергені» ойынында ұлттық киімдеріміз бен ұлттық аспаптар жайында білімін сарапқа салды. ал «Өнер» жарысында Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері жатқа оқыды. Сайысқа университеттің Тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Ақтолқын Жамантаева, «Филология» факультеті «Журналистика және қазақ тілі» кафедрасының п.ғ.к.,доценті Жанар Жамашева, доцент-аға оқытушы Толқын Сариева қазылық жасап, үздік команданы анықтады.
Қорытындысында «Алтын орда» командасы үздік деп танылды. Қатысушылардың барлығына сертификат табысталды.