Ғ.Мүсірепов театры «Ұлпан» қойылымын сахналады

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ІХ Халықаралық фестивальде ерекше өнерімен көрерменді тәнті етті.

Screenshot_23.jpg

Алматыдан келген өнер ұжымы әйгілі "Ұлпан" романын сахналап, қазақ әдебиетінің классикалық шығармасын жаңаша интерпретацияда көрермен назарына ұсынды. Бұл қойылым қазақ халқының ұлттық болмысы мен құндылықтарын, әйел бейнесіндегі батырлық пен мейірімділікті, әділдік пен қайсарлықты көрсетуге бағытталған.

"Ұлпан" – қазақ әдебиетінің інжу-маржандарының бірі, ол қайсар, дана әрі жанашыр әйел – Ұлпан бейнесі арқылы елдің тарихын, ұлттың тағдырын ашып көрсетеді. Қойылымда осы образ арқылы дәстүр мен жаңашылдық, махаббат пен тағдыр қақтығысы көркем түрде бейнеленген. Спектакльдің режиссері Ұлпан рөлін терең эмоционалдық әрі психологиялық деңгейде ашуға тырысып, көрермендерге шынайы өмірлік драманы сезінуге мүмкіндік берді.

Қойылымда пайдаланылған ұлттық музыка, киімдер мен декорациялар спектакльдің көркемдік деңгейін арттырып, көрермендерді өткен ғасырдағы қазақ ауылына жетеледі. Театр ұжымы шығарманы қазақ мәдениетіне лайықты дәрежеде жаңаша қырынан көрсету үшін тың тәсілдер мен креативті шешімдер қолданған.

Бұл қойылым көрермендер арасында ерекше ықыласпен қабылданып, ұлттық театр өнеріне деген құрметті күшейтті. "Ұлпан" спектаклі тек тарихи драма ғана емес, сонымен қатар бүгінгі қоғамға бағытталған маңызды ойлар мен құндылықтарды қамтыды. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының бұл шығармашылық қадамы қазақ әдебиетінің алтын қорындағы туындыларды жас ұрпаққа жеткізу жолында үлкен маңызға ие. «Ұлпан» шығармасын 27 жылдан кейін жаңаша форматта  қайта сахналанған театр ұжымы өткен мен бүгіннің байланысын сақтаған. Шығармадағы кейіпкерлердің образы тек автордың суреттеуімен шектелмей, режиссер әр детальға мән беріп, әр көрініске жан бітірген. Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған, қазақ әдебиетінің інжу-маржаны Ұлпанның жас кезін Рабина Белгібаева сомдаса, есейген шағын - Толқын Нұрбекова алып шықты. 

Ал, қоюшы режиссер - Мәскеудегі Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпеисова. Шетелден арнайы шақыртылған маманның өзгеше көзқарасына труппа алғашында қарсы да болыпты. 

- Өйткені, сол заманның еншісіндегі дүниені бүгінгімен байланыстыруды қабылдамадық. Бұл актерлар мен көрермен үшін перформанска толы болғанын жасармаймыз. Себебі, спекталь заманауи форматта сахналанды. Мәселен, бетперде киген, ролик тепкен кейіпкерлер, рок бағытындағы әуендер және ерекше декорация. Осының барлығы бір сахнада әдемі үйлесім тапты,-дейді Толқын Нұрбекова.

3,5 сағатқа созылған «Ұлпан» қойылымында қазақ халқының тыныс тіршілігін сипаттайтын жер дауы, жесір дауы, әменгерлік, барымташылық, қыз айттыру, қалың мал беру, жарлы мен жақсының күрес тақырыптары көтерілген. Бұл жолы өзгеше талғам мен көзқарас, ерекше коллаборация, қайталанбас образдар ұштасқан өнер туындысына, «әлемдік сахналарды мойындатын спектакль» деп баға берді көрермен.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Тіл тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы
  • Мәдениетте мәселе көп
  • Шымкент қалалық өзбек драма театры "Менің атым Қожа" повесін сахналады
  • Өзіне тән әлемі бар ақын: Бақытжан Алдияр 50 жаста
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер