Шымкент қалалық өзбек драма театры "Менің атым Қожа" повесін сахналады

Биыл Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Жазушының "Менің атым Қожа" повесі қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы әлем әдебиетінде де өз орны бар туынды.

Screenshot_26.jpg

Ол оқырмандарға моральдық, мәдени және тәрбиелік мәні жоғары үлгі ұсынып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде саналады.

«Менің атым... Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін». Бұл Қожаның монологы. Сірә, қазіргі психологтар айтып жүрген балалық травма деген осы болар. Өз есімін қабылдамаудан басталған Қожаның мұңы жалғыз ат емес. Ауыр тағдыр, жетімдіктің дәмі, сол кездегі қазақтың әр отбасының басындағы ауыртпалықтар. 

Иә, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпаған ұлы туынды. «Менің атым – Қожа» фильмі – бірнеше ұрпақтың сүйікті картинасы ретінде жүрегімізден өз орын алған. Әлі күнге онымен тең келетін дүние шыға қоймады. 1963 жылы түсірілген фильм қазақ киносының алтын қорына енді. Бұл фильм арқылы шығарма тек қана Қазақстанда емес, шет елдерде де танымал болды. Фильм Канн кинофестивалінде арнайы жүлдеге ие болып, қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытты.

Ал, Шымкенттегі Өзбек драма театры ерледі. Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны саналатын "Менің атым Қожа" повесін сахналап, өнер сүйер қауымға ерекше тарту жасады. Бұл қойылым ұлттық әдеби мұра мен театр өнерінің тоғысқан тамаша үлгісіне айналды. Аталмыш спектакль қазақ баласының еркін бейнесін көрсететін, қайсар мінезді, балалық қиялға толы Қожаның қызықты іс-әрекеттерін суреттеп, сол арқылы қазақ тағдырын, өмірін, жетімдер мұңын көрсетті. 

— Биыл белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай қаламгердің көпке танымал «Менің атым Қожа» шығармасын таңдап алдық. Өйткені шығарманың өзбек тіліндегі нұсқасы біз Өзбекстаннан арнайы шақырған режиссер Сайфиддин Мелиевтің кітап қорында бар екен. Осы шығарманы сахналау ойында жүрген. Мюзикл жанрында қойылды. Қойылым барысында негізгі сюжетін өзгере қоймады. Спектакльде сол фильмдегі Қожаның сотқарлығы, сыныптасы Жанарға махаббат хатын жазуы,  Майқанова апайының сөмкесіне құрбақа салуы секілді эпизодтар енгізілді, – дейді Шымкент қалалық өзбек драма театрының директор міндетін атқарушы Рустамхан Сайтходжаев. 

Осы уақытқа дейін «Менің атым Қожаны» тек фильм ретінде тамашалап жүрдік. Шығарма – жасөспірімдердің арманы, қиялы, өмірге деген құлшынысы мен балалық шағының шынайы бейнесін суреттейтін туынды. Оның сахналық нұсқасы театр ұжымының шығармашылық шеберлігін, ерекше ізденісін және ұқыпты еңбегін көрсетті. Қожаны жақыннан сезінгендей болдық, бірге күліп, бірге жыладық. Қойылым барысында театр әртістері кейіпкерлердің бет-бейнесін және ішкі жан дүниесін ерекше суреттей алды. Актерлер мен режиссер осы аталған жайттардың бірін де өзгертпей, көрермендердің жүрегіне бірден жеткізе алды. Ал бұл тек кәсіби мамандардың қолынан келеді. 

– Спектакль жоғары деңгейде өтті. Бұл қойылымның ерекшелігі – ұлттар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, қазақ әдебиетінің жауһарын өзбек тілінде сөйлетуі. Өзбек театрының бұл бастамасы көрермендерді баурап қана қоймай, қазақ-өзбек халықтарының достығын, рухани ортақ құндылықтарын дәріптеуге зор үлес қосты деп білемін, – дейді Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы орынбасары Мөлдір Оңдасынова. 

Қойылымға қатысқан жазушы Құлбек Ергөбек те актерларға жоғары баға беріп, театр ұжымына ризашылығын білдірді. 

– Бердібек Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетінің классигі. Биылғы 100 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатыр. Бүгінгі қойылымды тамашалап риза болдым. Қазақ театрлары жасамағанды жасадыңыздар. Өзбек елінен келіп осындай керемет туынды қойған өзбекстандық театр қайраткеріне алғысымызды білдіремін. Тегіміз, тарихымыз бір халықтардың ынтымағы жараса, бірлікте дами берейік. Қазақ «өзбек өз ағам» деген сөзден жаңылған емес, ендігі жерде өзбек ағайындар да «қазақ көз ағам» деп айта жүретін болса құба-құб, – деді Құлбек Ергөбек. 

Әр театр маусымы – бұл жаңа тәжірибе, жаңа рөлдер, жаңа қойылымдар. 22-інші театр маусымы өнер ұжымы үшін белсенді, қарқынды және сәтті болып, осы маусымда театр сахнасы сүйікті көрермендерін көптеген жаңа қойылыммен қуантады деген сенімдеміз. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Тіл тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы
  • Мәдениетте мәселе көп
  • Шымкент қалалық өзбек драма театры "Менің атым Қожа" повесін сахналады
  • Өзіне тән әлемі бар ақын: Бақытжан Алдияр 50 жаста
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер