«Оңтүстікте мен білетін сұрапыл бір сары бала бар. Ол – Бақытжан Алдияр» депті Қадыр Мырза Әлі. Өлеңдері өктем, сыршыл, сол сұрапыл ақын Бақытжан Алдияр 50 жасқа толды.
Ақынның мерейтойы киелі Түркістаннан бастау алып, Шымкенттің төріне де жетті. Жақында бір сұхбатында «Шығармашылық кеш өткіземіз, оған өнерде жүрген елімізге белгілі азаматтар қатысады деп отырмын. Сондай-ақ қонақтардың ішінде Президент кеңесшісі, Мәжіліс, Сенат депутаттары да болады» деген еді. Сол айтқандай кешке ығай мен сығай жиналды. Сонау Астанадан Жанарбек Әшімжан келсе, Алматыдан қаламгерлер делегациясын Ұлықбек Есдәулет бастап келді. Шымкентте өзі ұстаз санайтын Ханбибі Есенқара апамыз бар. «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» демекші, мерейтойға қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, шаһар басшысы Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізді. Қазақтың салтыменен шапан жапты. Осылайша әдеби кешке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген танымал ақындар, жазушылар және әдебиетсүйер қауым шымқаланы жыр қалаға айналдырды.
Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім.
«Орыс тілі апайы» өлеңі. Ақын інілеріне шабыт берген, кейбіріне ғашықтықтың дәмін сездірген өлең.
Бақытжанның әр өлеңінен Қазығұрт тауының лебі еседі, ауылдың исі келеді. «Қазығұрт тауының баурайындағы мөлдір бұлақ сияқты ғажап лирикалық өлеңдері бар. Сол Қазығұрт тауының өзі сияқты рухты өлеңдері қаншама. Ең алдымен, Бақытжан – бәріміздің үнемі бір бүйіріміз бұрып тұратын кәдімгі нағыз қазақы ауылдың жыршысы. Оның ауылға деген сағынышы, махаббаты, балғын балалығына деген аңсары «Ауылға жазған арзулар» топтамасындағы жырларының әрбір шумағынан айқын сезіліп тұрады» деген еді рухани әкесі Мархабат Байғұт.
Мұңдарымды ақылдың
Мұхитына батырдым.
Көлеңкеге мен-дағы
Кіріп бара жатырмын...
Ешкімге жалтақтамаған, ешкімге бас имеген өлеңнің өмірі ұзақ. Еркін, ерке, мінезді ақын ғана өлмес өлеңдер жазары анық.
«Мінез мәселесі менде жетіп-артылатынын жасырмаймын» дейтін ақынның 20 жылдай жұмыссыз жүргенін тілге тиек еткен Хан апа, «Бақытжан қызмет қумады, осы қызмет Бақытжанды қуып жүр-ау деймін. Бақытжан айналайын, енді жұмысқа тұр» деп көпшілікті күлдірді. Ақынның мерейтойында әріптестері мен замандастары ақынның шығармашылығына жоғары баға беріп, өлеңдерін оқыды. Ақын Ұлықбек Есдәулет жыр арнаса, ақын, ғалым Аманкелді Кеңшілікұлы, ақынға 21 ғасырдың Пушкині деген баға берді.
"ХХІ ғасырға құбылыс болып енген ең талантты ақын – Бақытжан Алдияр! " Жаңа жасыңыз құтты болсын! Ізі мен сөзі бар өлеңдеріңіз көп болсын!