Мәдениетте мәселе көп

Мыңжылдықтарға ұласқан тарихы бар Шымкент – мәдениеттің отаны. Қолөнері мен саудасы дамыған, бүгінде өзінің тарихи орнын сақтап қалған сирек қалалардың бірі саналады. 

Screenshot_27.jpg

Ол Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі ретінде танылып, ғасырлар бойы сауда, мәдениет және өркениет орталығы болған. Қала өзінің тарихи ескерткіштерімен, этникалық әртүрлілігімен және заманауи дамуымен ерекшеленеді. Археологиялық қазба жұмыстары қаланың  тарихи жасын 2200 жыл деп көрсетті. Алайда, сол бай тарихымыз бен мәдени мұрамызды қаншалықты бағалап, болашағын қалай бағдарлап жүрміз? Олай дейтініміз, қаладағы мәдениет нысандарының кейбірінің жайы әлі де көңіл құлазытарлық. Талай жылдық тарихы бар, театрлардың мәселесі өз алдына бір төбе. Мәдениет саласына жыл сайын бөлінетін қаражат көлемі ұлғайғанымен, шешімін таппаған мәселелер көп.  

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қатысты мәселелер қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысқан алқа отырысында талқыға салынды. Әуелі сынды басқарма басшысынан бастаған Сәрсен Құранбек біраз мәселені жіпке тізгендей ашып айтты.

– Алқа мәжілісі, тоқсанына бір рет, яғни, әр үш ай сайын ұйымдастырылуы керек болған. Алайда, басқарма басшысы театрлардың, басқа да мәдениет мекемелерінің қызметкерлері жазғы демалыста деген уәжімен есеп беру жиыны кейінге қалдырылыпты. Ал, тамыз айында тағы да ұйымдастырылмаған. Бұның барлығы жоспардың дұрыс түзілмегенін көрсетеді. Ал бұл бірінші кезекте, мәдениет басқармасының басшылығына жүктелетін міндет, – деді Сәрсен Абайұлы. 

Жалпы, мәдениет басқармасына 2024 жылға жоспарланған жалпы қаржы көлемі 13 миллиард 586 миллион 572 мың теңгені болса, 2024 жылдың 10 айына  кассалық шығыстар  9 миллиард 841 миллион 424 мың теңгені құрап отыр дейді Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді   дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, жалақы қорына және салық төлемдеріне 5 миллиард 431 миллион 263  мың теңге жұмсалса,  коммуналдық шығыстарға 272 миллион 014 мың теңге болыпты. Ал, мекемелерді күтіп ұстау және басқа да шығындарға 217 миллион 528 мың теңге. Театр қойылымдары мен мәдени көпшілік іс-шаралар өткізуге 136 миллион 698 мың теңге жұмсалыпты.  

Алқа жиналысында Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының актрисасы Мөлдір Мұратбекова ғимараттың күрделі жағдайда екенін жеткізді. «1939 жылы салынған театр ғимараты ешқандай әрлеуге келмейді. Қанша жамаса да, құздап  тұр. Сахнада өнер көрсеткен әртістер, аядай ғана жерде, өз кезегін күтіп тұрады. Ал ол жерде, түрлі электр сымдары тоғысып жатыр» деп мәселе көтерді.

Қашанда халықтың көңілінен шығу үшін өнерпаздардың сахналық костюмдері мен өнері үйлесім табуы тиіс екендігі белгілі. Одан бөлек, сахна перделері, қажетті құрал-жабдықтар яғни, музыкалық аппаратура жинақтары, проэкторлар, Led-экран, музыкалық аспаптар, жиһаздар жетіспеушілігі орын алған.  Бүгінде мәдениет саласы мекемелерінің қала мен аудандарда ұсынған бюджеттік өтінімдері қанағаттандырылмай қалуы үйреншікті әдетке айналғандай. Одан басқа таяуда ғана пайдалануға берілген аудандардағы мәдениет үйлерінде жылу әлі іске қосылмапты. «Шымқала кеші» атты бағдарламамен аудандарды аралаған әртістер де, көрерменде де дәл осы мәселенін айтады.  Ал, мәдениет ошақтарындағы қызметкерлер шалғай ауылдарға гастрольдік сапарларға шығуына, жылжымалы іс-шаралар ұйымдастыру кезінде тасымалдауға қажетті микроавтобустармен қамтамасыз ету мәселесі де түбегейлі шешілмеген. 

Мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Орынтаевтың есебі бойынша,  2024 жылға 15 мәдениет  объектілерін  жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда, «Шымкент қалалық опера және балет театры», «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві», «Шымкент қалалық өзбек драма театры» және «Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі»   ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары мен  жылу жүйесінің ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолдануға берілді. Алдағы уақытта, қалған мәдениет нысандар кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өтеді дейді. 

Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда басқармаға қарасты 22 мәдениет ұйымдары қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет көрсетуде. Оның ішінде 7 театр, 6 кітапхана, концерттік-көрме орталығы, «Шымкент концерт» концерттік ұйымы (филармония), Шымкент циркі, мемлекеттік архиві, Шымкент қалалық музейлер бірлестігі, салт-дәстүр орталығы, тіл орталығы, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы мен  зоологиялық саябағы жұмыс жасауда. Ондағы штат саны 2411 құрап отыр. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те театрларға қатысты олқылықтарды айтты. 

 – Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының сахнасында штангкеттің 33-і болса, оның 3-еуі ғана жұмыс істейді. Өзбек драма театрында штангкет деген аты бар, заты жоқ дүние. Қуыршақ театры оңтайланған ғимаратта отыр. Шымкент опера және балет театрының шатырын және жылуын биылғы жылы жөндеп болдық. Бұның бәрі бір жылда пайда болған жұмыстар емес, жылдар бойы қордаланған мәселелер. Жалпы, соңғы 6 жылда мәдениет мекемелеріне, соның ішінде театрларға бөлінген қаражат болмаған. Сондықтан, бүгінгі театр сахналары, техникалар осындай күйде. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қалыптастырған саясаты, ұстанған жолы, көрсеткен қолдауының арқасында мәдениетке көңіл айтарлықтай бөлініп отыр. Екінші кезекте, мәдениет өркендеген жерде, өнер өркендеген жерде біздің руханиятымыз биіктейді деп есептейтін Ғ.Әбдімәжитұлының қолдауымен үлкен істер атқарылуда. Мәселен, «Шымкент опера және балет» театры жөндеуден өтіп, ол жерге қосымша 15 штат бірлігі берілді. Ал, Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрына қосымша 10 штат бірлігі, «Өзбек» драма театрына қосымша 10 штат бірлігі берілді. Ал, Ж.Шанин театрының тарихын зерделеу барысында театрдың 90 жыл емес, 95 жыл толғанын анықтадық,-деді Сәрсен Абайұлы. 

2024 жылға 1 мәдениет нысанын салу жоспарланыпты.  Есепті кезеңде 4 мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары аяқталып, ғимараттың жиһаздармен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде екен. Мәдениет үйлерінің ғимараты 2 қабаттан тұрады, оның ішінде кітапхана, оқу және спортпен жаттығу  залы,  сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған санитарлық торап орнатылған. Абай ауданы, Көкбұлақ тұрғын алабындағы «Көкбұлақ клубы», қаржысы 378 млн 242 мың теңге, Қаратау ауданы, Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы «Қайнарбұлақ клубы»,  қаржысы 298 млн 217 мың теңге. Еңбекші ауданы, Базарқақпа тұрғын алабындағы «Қаратөбе клубы»,  қаржысы 305 млн 551 мың теңге. Қаратау ауданы, Өтеміс тұрғын алабындағы, «Өтеміс клубы», қаржысы 386 млн 369 мың теңге жұмсалған екен. 

Қазақ ақыны сықақшы Шона Смаханұлының, балалар жазушысы Б. Соқпақбаевтың 100 жылдығы арналған халықаралық конференция мен мерекелік кеші өткізілді.  Сонымен қатар, А. Пушкин атындағы әмбебап кітапханасының 125 жылдығы, көзі көрмейтін және көзі әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының 55 жылдығы, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының 10 жылдығы  аясында Халықаралық, республикалық конференциялар ұйымдастырылса Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының 10 жылдық мерейтойы аясында «Дарқан дала дәстүрі мен ойындары» этнофестивалі, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығы аясында Орталық Азия елдерінің ІХ халықаралық театр фестивалі өткізілді. Фестивальға Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзербайжан және Қазақстан театрлары қатысты,-деді Бауыржан Орынтаев. 

Ал, жоспар байынша алдағы уақытта, Республикалық ақындар айтысы, «Тәуелсіздік күніне» орай ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, Поляк, Ресей, Кеңес компазиторы, Қазақ Кеңес Социалистік Республикалар Одағының халық әртісі Александр Викторович Затаевичке 155 жыл толуына орай еске алу кеші өтеді. «Шыршаның басты шамын жағу» және «Жаңа жыл» мерекелік іс-шаралары жоспарланған. 

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 181 тарихи-мәдени мұра объектілері есепке алынған. Оның 123 монументті өнер құрылыстары болса, 58-і археологиялық, сәулеттік мәдени мұра нысандары. Аталған нысандардың 7-і республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілсе, 8-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Ал, Шымкент қаласында жалпы саны 123 ескерткіш болса, оның 3-еуінің ғана құжаты бар екен. Қалған 120-сының құжаты жоқ. 7-еуі ресми дерек бойынша 1990 жылға дейін салынса, қалғандары 1990 жылдан кейін салынған. 56 ескерткіштің қай жылдары салынғаны белгісіз екен. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.

Бұл ескерткіштер мәселесі бұл бағытта, бұл салада дұрыс жұмыс атқарылмағандығын көрсетеді. Осыған байланысты мәдениет басқармасы тарапынан 28 млн теңге қаржы бөлінді. Осы ескерткіштердің құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ, Ескерткіш тақталарының саны 90-нан асады. Ал, тек ресми дерек бойынша 30 тақтаның аты анықталған. Бұл мәселеде жыл соңына дейін аяқталуы тиіс,-деп тапсырма берді С.Құранбек. 

Бүгінде Шымкент заманауи мәдени мекемелерімен де танымал, Шымкент циркі – балалар мен ересектерді қуанышқа бөлейтін ерекше өнер ордасы. Опера және балет театры – классикалық өнерді бағалайтындарға арналған мәдени ошақ. Көркемсурет галереялары мен мұражайлар – қала тұрғындары мен қонақтарына өнер мен тарихқа саяхат жасайды. 

2020 жылы Шымкент "ТМД елдерінің мәдени астанасы" мәртебесіне ие болды. Бұл қалаға халықаралық деңгейде танымалдылық әкеліп, оның бай мәдени мұрасы мен заманауи жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік берді.

Шымкент – тек экономикалық және стратегиялық орталық қана емес, ол мәдениет пен өркениет тоғысқан ерекше қала. Оның тарихы мен мәдени мұрасы әрбір қазақстандық үшін мақтаныш көзі болып табылады. Шымкентті "мәдениет отаны" деп атау – оның көпқырлы байлығын мойындау. Дегенмен осылай деп мақтанғанмен, мәдениет саласында бұдан өзге де мәселелер аз емес. Ономастика, көше аттарын беру, тіпті, мемлекеттік марапаттардың өзінде олқылықтар анықталған. Зообақтың қызметкерлерінің мардымсыз жалақыға жұмыс істейтіндері де назардын тыс қалмады. Алқа мәжілісінің отырысында жан-жақты қамтылған мәселелер бойынша жауапты басқармаға нақты тапсырмалар берілгенімен, оның қашан және қалай шешілері алдағы уақыттың еншісінде...

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бақытжан Алдияр: «Өлеңді түсімде жазып, өңімде қағазға түсіремін»
  • Тіл тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы
  • Мәдениетте мәселе көп
  • Шымкент қалалық өзбек драма театры "Менің атым Қожа" повесін сахналады
  • Өзіне тән әлемі бар ақын: Бақытжан Алдияр 50 жаста
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер