Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес «Тіл тазалығы – ұлт мәдениетінің айнасы» семинарын ұйымдастырып өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оның тазалығын сақтау және қоғамда қазақ тілінің мәртебесін арттыру болды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің фискалдық (кассалық) чектерді «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шығаруын қамтамасыз ету мақсатында түбіртектерді, «фискалдық чектерді» қазақ тілінде басып шығаруға кедергі келтіретін себептерді анықтау және бұл проблемаларды тиімді шешу жолдарын қарастыру болды.
Семинарға тіл жанашырлары, білім беру және мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым мен жастар қатысты. Шара барысында мемлекеттік тілдің дамуы мен оның қолданылуындағы өзекті мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары ұсынылды.
Семинарды аша отырып, ұйымдастырушылар қазақ тілінің ұлттық мәдениеттегі орны ерекше екенін атап өтті. «Тіл – ұлттың жаны, рухани құндылықтардың негізі. Оның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың міндеті», – деді іс-шараның модераторы.
Қазіргі қазақ тілінің тұрмыстық және ресми қолданыстағы жағдайы, тілге шет тілдерден енген сөздердің ықпалы және олардың орынды қолданылуы, жастар арасында мемлекеттік тілдің насихатталуы және оның мәртебесін көтеру мәселелері көпшілікті алаңдатады.
Семинар барысында қатысушыларға қазақ тілін дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен жаңа жобалар таныстырылды. Сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттау арқылы тіл тазалығын сақтаудың маңыздылығы айтылды.
– СК 166 бабына сәйкес, ҚР аумағында қолма-қол есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын мiндеттi түрде қолданыла отырып жүзеге асырылуы тиіс, яғни, аталған тәртіп сақталмаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 3 тармағына сәйкес, бірінші рет орын алған жағдайда «Ескерту» түрінде әкімшілік шара көріледі. Егерде бір жыл ішінде қайталанған жағдайда, Осы баптың 4 тармақшасымен кіші кәсіпкерлік субъектілеріне-20, орта-30, ірі-40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Гүланар Қалдыбаева.
Тұтынушының талабы бойынша Қазақ тіліндегі түбіртекті беру мүмкіншілігі болмаған жағдайда, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабына сәйкес, ескерту жасауға әкеп соғады. Ал егерде бір жыл ішінде қайталанған жағдайда шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне-5, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне -10, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 25 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу көзделгендігін ескерте отырып, аталған бапты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 729 бабында көзделгендей тек, тікелей жергілікті атқарушы органдарынан яғни, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы тарапынан жүзеге асырылатындығын хабарлайды.
Семинар барысында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы, Шымкент қаласының кірістер департаментінің бөлім басшысы, «Сервиз плюс» ЖШС-ның менеджерлері кәсіпкерлердің фискалдық (кассалық) чектерді «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына сәйкес шығаруын қамтамасыз ету бойынша баяндамасымен бөлісті.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда ісқағазды мемлекеттік тілде ресімдеу, хат-хабарларды мемлекеттік тілде жіберу бірқалыпқа түсті деуге болады. Дегенмен, мемлекеттік емес мекемелерде, ұйымдарда, шағын және орта бизнес, банк, қаржы, сауда, құрылыс, өндіріс жүйелерінде іс жүргізуді толықтай мемлекеттік тілде жүргізіп отырмыз деп айта алмаймыз. Бұл жүйеде біраз жұмыстар жүргізуге тура келері сөзсіз.
Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде және басқармаға халыққа қызмет көрсету орындарында, оның ішінде нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезіндегі құжаттарды рәсімдеуде, сауда нүктелеріндегі бақылау-касса машиналарында, тұтынушылық қызметтерге арналған терминалдарда, кинотеатр субтитрлерінде, газ пайдалану, өрт сөндіру, санитариялық-эпидемиологиялық саласы актілерінде тіл туралы заңнама талаптарының орындалмай отырғандығы туралы шағымдар көптеп түсуде.
Басқарманың құзыреттілігіне сәйкес тек тіл туралы заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектеледі. Алайда қоғам бізді жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан осы ретте, әр басқарма, департамент басшылары өздеріне қарасты салаларында тіл туралы заңнама талаптарының орындалуын бақылауға алып, тек хат жолдап қойып отырмай, бір үстел басында отырып мәселені бірлесіп шешуі керек. Мемлекеттік тілімізді қолдануда жіберіп отырған кемшін тұстарымыздың бірі, ол – сыртқы жарнама тілі. Бүгінде сыртқы жарнамалардың көбеюі ол – нарық заманының заңдылығы екені даусыз. Дегенмен, осы жарнамаларда мемлекеттік тілдің қолданылуында тіл туралы заңнамалардың сақталмау фактілері жиі орын алуда.
– Салық кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер деректерді есепке алу және беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдану арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл тәртіпті сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, сатушылардың немесе қызмет көрсетушілердің тұтынушының өтініші бойынша қазақ тілінде түбіртек беруге мүмкіндігі болмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес алдымен ескерту жасалады. Бұзушылық жыл бойы қайталанса, кәсіпкерлік субъектілеріне айыппұл салынады, – дейді Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Еркінбек Ағибаев.
Іс-шара соңында қатысушылар мемлекеттік тілдің тазалығы мен мәртебесін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасау қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.