Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі «ULTTYQ SPORT FEST» дін мен дәстүр ұлттық ойындарына арналған имамдар арасында спартакиада ұйымдастырылды.
Аталмыш игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, Шымкент қаласы дін істер басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев, Мұсабек Ақтамберді, дінтанушы Мұхамеджан Естеміров, Ахметжан Керімбек, Ербол Қалшабек, Талғат Дәрібаев арнайы қатысып, спортпен шұғылдану пайғамбарымыздың (с.а.с.) құп көрген сүннеті екендігін айтып, ғылыми һәм діни тұрығыдан әрі қарай дамыту туралы айтты.
Өз кезегінде турнирге қатысушылар 7 түрлі ойын түрлерінен сайысқа түсті. Атап айтқанда; кір тасын көтеру, асық ойыны, ләнгі тебу, арқан тарту, садақ ату, қол күрес, футбол ойындары. Ойындарға төрелік еткен елге белгілі әрі тәжірибелі Абылай Мақсұт, Мақсат Әбдікерімов (садақшы), Мирас Қарабаевтар төрелік етті. Ойын нәтижесі бойынша бірінші орын иегері «Қаратау» аудан командасы иеленді (Жылқы). Ал екінші орынды «Әл Фараби» аудан командасы алды (Ірі қара мал). Үшінші орынға «Тұран» аудан командасы иеленді (Қошқар). Ынталандыру сыйлығына «Абай» және «Еңбекші» аудан командалары ие болды(Тоқты).
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы «ULTTYQ SPORT FEST» дін мен дәстүр ұлттық ойындарына арналған имамдар арасында спартакиадасына демеушілік еткен азаматтарға алғыс айтып, ризалық білдірді.
Шаһардың бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша спартакиаданың негізгі мақсаты – дін мен дәстүр тағылымдары бірге салауатты өмір салтын қалыптастыру, көнеден кележатқан ұлттық ойындарымызды (тоғыз құмалақ, арқан тарту, асық ойы, ләнгі тебу, шекем тас ойыны, кір тасын көтеру, көкпар ойындары, бәйге, садақ ату, қол күрес т.б.) ғылыми тұрғыдан қарастырып, өткізу.
Жалпы айта кетсек, жуырда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен діни басқармадан жаңа бағыт «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылып, бүгінде елге пайдалы болып, өз жемісін беріп келеді. Сонымен бірге Шымкентте өткен «ULTTYQ SPORT FEST» спартакиадасы бас мүфтидің осы аталған бағдарлық баяндамасына орай «Дін мен дәстүр» және «Ізгі қоғам» бағыты аясында Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын әрі қарай насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Мәселен «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам» шеңберінде Шымкент қаласындағы Абдурахман Махсуми қажы мешітінде Курбанова Наргиза ұстаздың жетекшілігімен қазақ халқының дәстүрлерін дәріптейтін ерекше «Бесікке салу» іс-шарасы өтті. Бұл салтанатты рәсімді мешіттің имамы ашып, жаңа туылған нәрестенің құлағына азан айтып, жақсылық тілектерін білдірді. Шараға қазақ, өзбек, түрік ұлттарынан құралған шәкірттер өз ұлттық киімдерін киіп келіп, дәстүрлі бесікке салу салтының барлық жолдарын көрсетті.
Іс-шара барысында қатысушыларға ата-бабамыздан қалған ақиқа рәсімі туралы мағлұматтар беріліп, рухани дұғалар оқылды. Бесік жыры әуелеп, жанға жылу ұялатқан дәстүрлі әндер орындалды. Шашу шашылып, мерекенің құрметіне ауызашарға құрмалар таратылды. Шара соңында барлық шәкірттерге сертификаттар табысталып, білімдерін шыңдау мақсатында сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылды. Жамағат бұл ойынға белсене қатысып, сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтарға ие болып қуанышқа бөленді. Іс-шара көрермендерге тамаша әсер қалдырып, дәстүрлеріміздің мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте дәріптеді.
Сонымен бірге шаһарымыздың Еңбекші ауданы «Қарабастау» мешітінде ҚМДБ-ның «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы орай үздік шәкірттер арасында қалалық деңгейде Құран жарысы өтті.
Жарысқа Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, қалалық Құран секторынің жетекшісі Ерман Бекбауов, Еңбекші аудан бас имамы Ербосын Орын, Берік Сейтаев арнайы қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы жарысқа іріктеуден өткен 25 қари қатысты. Жарысқа елімізге белгілі қари ұстаз Ерсін Әміре, Ықылас Майлан, Кәлімжан қари Юлдашев қари-ұстаздарымыз төрелік етті.
Қатысушылар жарысқа түсіп, жарыс нәтижесі бойынша:
І-орын: Амантай Мұхаммедюсуф
ІІ-орын: Ілияс Алихан
ІІІ-орын: Біләл Тухтаев және көрермен көзайымы аталымы бойынша Халид Ділмұратов, ең жас қатысушы аталымы бойынша Әбубәкір Рахматұлы ие болды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыста жүлдегерлерге алғыс хат пен қаржылай сыйлықтар табысталды.