Биліктен де биік тұлға

Жуырда А.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-лингвист Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Биліктен де биік тұлға» атты тарихи кеш өткізілді.

Screenshot_11.jpg

Кеш қонақтары қоғам қайраткері, заңгер – Аманжол Рахметов, жазушы, тіл жанашыры – Қабыл Дүйсенби, дін істері басқармасының басшысы – Бахтияр Өнербаев, қаламыздағы колледж студенттері мен ұстаздар. Модераторы философия ғылымының кандидаты Сәкен Мажинбеков жүргізді.

Кеш барысында Н.Оңдасыновтың өмір жолы мен қызметін, қазақ халқы үшін жасаған ерен еңбегімен таныстыру мақсатында «Нар тұлға» атты бейнебаян көрсетіліп, қонақтар маңызды да, тұшымды ойларын ортаға салып жастарға Н.Дәндібайұлының ел білмейтін қырларын жеткізді. Ақын Ә.Тәжібаевтің «Нұртас Оңдасынов» өлеңін Ө.Жәнібеков атындағы ОҚ педагогикалық университеті,Тарих және педагогика факультетінің 2 курс студенті Өсер Тұран айтса, ақын Сүндет Сейітов Т.Момбековтің «Салтанат» күйі домбырамен әуелесе, қазақ исімен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан қыл қобызбен Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін Қазыбек Әбдіманап орындап жастардың рухын оятқандай көңіл серпілтті.

Негізінде қазақтың біртуар ірі тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы тәртіпті өзінен бастады. Оның: Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» дегені бүгінгі және болашақ ұрпақтың да санасында тұратын өсиетті сөз. Тіпті айтулы тұлғаның ұлағатты сөздерін арнайы күнтізбе немесе басқа үлгіде заман талабына сай безендіріп, әрбір қызметкердің алдына қойып, я болмаса көзге түсер етіп іліп қойса дұрыс болар еді. Нұртас Дәндібайұлы ешкімнің ала жібін аттамады, мемлекет қамбасына қол салмады, ойлағаны халық қамы болды. Соғыстан соңғы қираған шаруашылық пен тұралаған тұрмысты тез арада аяғынан тік тұрғызуға ықпал етті. Өз өміріндегі жіберген қателіктерін де жасырмай жария еткенін білесіздер. Өз жазбаларында болашақ ұрпақты сақтандырған ол Әл-Фарабидің қағидасы үнемі есінде жүретінін айтады. Жалпы тіл, дәстүр, салт-сана туралы мақала жазғанда, ұлт ұрығынан дәнді жоғалтып алмасақ екен деген уайымнан жазатынын жасырмайды. Ұлт ұрығы – тілі, дәстүрі, салты, осыдан нәр алған адам ғана өз ұлтының өкілі бола алатынын айтады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мақтан ете айтқан естелігі де көпшілікке жақсы мәлім. Нұртас Дәндібайұлы: «Бірде Сирия мемлекетіне Кеңес Одағының делегация құрамында бардым. Мен Қазақстаннан, астанасы Алматы деп едім ешкім біліңкіремеді. Сосын туған жерім Түркістан, ондағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айттым. Сол-ақ екен, жапырлап келіп қолымды алып, үстімдегі киімімнің (ұзын ақ көйлек кигізіп қойған) етегін сүйіп, әбігер болды да қалды. Сөйтсем, бар ғұмырын суфизм ілімін уағыздауға арнаған, даналық ойлармен ұнаған Қожа Ахмет Ясауиды сириялықтар да жақсы біледі, әрі үлкен құрмет тұтады екен. Қожа Ахмет Ясауимен жерлес болғандығым үшін ғана табан астынан ең құрметті болып шыға келдім. Одан кейін барған жердің бәрінде маған ерекше көңіл бөлініп, құрмет жасалатын болды. Сол кезде сөздерімізде, тілде ұқсастықтың барлығын байқағанмын», дейді. Оңдасынов қазіргі Атырау мен Маңғыстау бірігіп, Гурьев облысы болып тұрған кезде сол облысты 8 жыл басқарды. Ақырында Хрущевтің қысымымен, мемлекеттік істе тәжірибесі молайған шағына қара­мастан-ақ, зейнеткерлікке жасы жет­песе де 58 жасында шығарып жібе­реді. Зейнеткерлікке шыққан соң Мәскеуде тұрды.

Мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті. Сталиндік репрессия мен Хрущевтің билігі жүрген алпысыншы жылдардың басына дейінгі аралықта уақыттың құлы болып қалу оңай еді де, халықтың ұлы болып қалу тым қиын еді. Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1937 жылдың соңына қарай бар-жоғы 34 жаста жоғарғы қызметтің жауапкершілігін арқалады. Оның есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені даусыз. Кешегі Кеңестер одағы кезеңінде ұлтымыздың, мемлекетіміздің қалыптасуына қ­а­жырлы еңбегімен сүбелі үлес қосқан аза­мат­тардың алдыңғы қатарында Нұртас Оңдасынов тұр. Деректерге көз жүгірт­сек, Нұртас Дәндібайұлы 1940-1953 жылдар аралығында Қазақ Республикасы Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдары халқымыздың күш-жігерін біріктіріп, дұшпанды жеңу жолында өз үлесін қосты. Қалаларда ондаған-жүздеген зауыт, фаб­рика салынып, олардың жұмыстары 2-3 маусымдық жүйеге ауыстырылып, жұмысшылар күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Ел басына түскен ауыртпашылықтан еңсесін тіктей алмай жатқан жылдары үкіметті басқарған қайраткер іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Алдымен сауатсыздықты жою ісіне белсене кірісті. Шалғай аудандарда мұғалімдер дайындайтын училищелер, облыс орталықтарында мұғалімдер даярлайтын курстар, облыс орталықтарында мұғалімдер институттарын ашуға айрық­ша мән берді. Еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, руханиятын дамытуға орасан зор үлес қосты. Сондай-ақ жария деректерде соғыстың ауыр кезеңдеріне қарамас­тан, халықтың рухын көтеру мақсатында Н.Оңдасыновтың төрағалығымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 95 және 100 жылдық мерейтойлры жоғары дәрежеде атап өтілгені айтылады. Оңдасыновтың қолдауымен көптеген қалада жоғары оқу орындары ашылған. Бір ғана Алматыда политехникалық, Қыздар педогогикалық инсти­ту­тының, Құрманғазы атындағы консерваторияның, медициналық, шет тілдері, дене шынықтыру инс­ти­туттарының іргетасы қаланды. Опера және балет театры­, облыстарда драма театрлары ашылып, филармония, ән-би ансамбльдерінің ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Қарағанды металлургиясын, Мойынты-Шу темір жолын, теріскейге теміржол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Елімізде тұңғыш рет Ғылым академиясының дербес құрылысына бірден-бір атсалысқан Нұртас Оңдасынов жаңа ғима­рат­тың салынуына қаражат қарас­тырып, іргетасы қаланғанда ырымдап «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп күміс ақша шаш­қаны белгілі. Қазақ Ғылым ака­де­миясына Қаныш Сәтбаевтың басшы болып келуіне себепші болды. Қаныш Имантайұлының газетке жарияланған мақаласындағы болашақ ғылымның сөз зерделеуі ұнап, жаңа ой-пікірлерін білуге, танысуға Мәскеуге шақырады. Кездесіп, пікір алысқаннан кейін, Кеңестер одағы Ғылым академиясының президенті ­В.Ко­ма­­ровқа алып барып: «Қазақ Ғылым академиясының болашақ президенті...» деп таныстырады. 1942 жылдың басында кенді Алтай, Лениногор, Риддерге іс-сапармен барған Н.Оңдасынов білімді, байсалды Дінмұхамед Қонаевты кездестіреді. Кейіннен Алматыға келіп, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырады. Өзін Оңдасынов шәкіртімін деп санайтын мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев өз кітабында: «Нұртас Оңдасыновтың мектебінен өттім. Сол кісіден алған тәжірибемнің арқасында осындай биікке жеттім» деп жазған. Нұртас Дәндібайұлының шарапатын көрген жандардың бірі – мүсінші Хакімжан Наурызбаев.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз дүрілдеп тұрған кезінде Қостанай облысы Ұзынкөл ауданына барған Нұртас Дәндібайұлы аудандық атқару комитеті төрағасының кабинетінде саз балшықтан жасалған Абай мен Жамбыл мүсінін, қой, ешкі, жылқы, түйе сияқты үй жануарларының бейнесін көреді. Оны кім жасағанын сұрастырады. Аудан басшысы 16 жастағы ат бағушы баланың жұмысы екенін айтады. Жасөспірімді шақырып сөйлескен Нұртас Дәндібайұлы оны оқуға жіберуді ойлайды. Алғашқыда отбасы жағдайын ойлап, көнбеген балаға мүсін деген өнердің үлкен түрі екенін, қазақта әзірше мүсінші жоғын, оқып, білім алса, үлкен өнер иесі болып кететінін түсіндіреді. Хакімжан Наурызбаевтың талантын танып, Алматыға алып келіп оқытады. Сол кезде соғыстың әсерінен Алматыға қоныс аударған үлкен суретші, мүсіншілермен таныстырады. Алматыдағы көркем сурет училищесіне орналастырады. Училищені бітірген соң Хакімжан Харьков көркем сурет институтына түсіп, Мухинаның жетекшілігімен оқиды. Осылайша, қазақтың тұңғыш мүсіншісіне қамқорлық жасайды. Сол Хакімжан Наруызбаев – елімізге танымал мүсінші, Алматы қаласындағы Абай ескерткішінің авторы», дейді ардагер ақсақал Жарылқасын Әзіретбергенов.

Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындау­шы қызметкер емес, халық мүд­десі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, оның осынау қайраткерлігі Хрущевке ұна­май, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке барыпты. Себебі Оңда­сынов тың игеру науқанындағы асыра сілтеуге ашық қарсы шыққан. Нұртас Дәндібайұлының зейнеткерлікке шық­қан­нан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәс­кеуге отбасылық жағдайына байла­нысты көшті деп жүр. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы билік­тің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен аластап қана қоймай, өз ортасынан, өз пікірлестерінен де алыс­татуға барынша күш салғанын бай­қауға болады. Қалай болғанда да елі­міз­дің көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­кері ретінде Нұртас Оңдасынов өне­гелі жолымен, елшілдік ұстанымымен таза тұлға тұжырымдамасын ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Биылғы мерейтой іс-шара­ларының мақсаты да – халқы үшін қалт­қы­сыз еңбек еткен ердің өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеп, үлгі ету.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер