Жақында А.Пушкин атындағы кітапханада Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың иегері Құрал Көмектің «Бағдарлы – Бағдаршам» атты шығармашылық кеші өтті.
Шараның мақсаты: Өлкемізден шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын жастарға насихаттай отырып, туған елге деген патриоттық сезімдерін ояту. Ақын Құрал Көмектің жақында тұсауы кесілген «Бағдаршам» атты жаңа кітабын таныстыру. Іс-шараны белгілі журналист Бахтияр Тайжан еркін форматта жүргізіп отырды. Кешке ақын-жазушылар, зиялы қауым, Жол-көлік колледжі мен Политехникалық колледждерінің ұстаздары мен студенттері, Б.Момышұлы атындағы полиция мектебінің оқушылары, қаламыздағы балабақша, мектеп ұстаздары қатысты.
Кеш барысында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар Қ.Көмек ақынның өлеңдері жүрек түкпірінен шыққан адамзат үнімен үндесіп жататындығы, ақынның бұл «Бағдаршам» атты кітабы болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарымызға арналған. Тұсаукесері ҚР Білім Министрлігінде өткізілген кітаптың тілі жеңіл балалар ұғымына лайықталып жазылған. Ойлы танымдық жыр жолдары балалардың бітім-болмысын рухани қалыптастыруда жас ұрпақты отан сүйгіштікке, елшілдікке баулуда атқаратын рөлі аса көкейкесті. Бұл – жалғыз балаларға ғана емес тәрбиешілерге, мұғалімдерге, ата-аналарға да арналған еңбек екендігін айтып өтті.
«Б.Момышұлы» атындағы полиция мектебінің оқушылары «Бауыржан Момышұлы» маршын хормен орындап, рухты оятқандай әсерде қалдырса, Жол-көлік колледжінің студенттері мен жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының жас шәкірттері ақынның Ел Тәуелсіздігі, Отан, туған жер туралы өлеңдерін оқып, қазақтың қара домбырысымен күмбірлеген күйі де тартылды. Сұрақ-жауап уақытында ақынмен ашық форматта сұхбат жүргізіліп, сиясы кеппеген өлеңдерін оқып, өскелең ұрпаққа ақыл, кеңестерін айтты.
«Шымкентте Құрал Көмек деген мықты ақын бар. Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты. «Дүние жүзі түріктерінің маршын» жазған. Рухшыл, сыршыл ақын.
Бірде әлем чемпионы, Токио олимпиадасы ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов екеуін полиция біліктілігін көтеру колледжіне шақырады.
Арқалы ақын өзінің әйгілі «Махамбет» жырын арқырап оқиды. Полицейлерге ұнап, ұзақ қол шапалақтайды. Сәкен де сөйлеп, қойылған сауалдарға жауап береді.
- Қызығы соңында болды,-дейді Құрекең, Құрал ақын. - Кездесу аяқталған соң полицейлер автограф ала бастады. Полиция мектебінің директоры су жаңа бокс қолғабына баласына қолтаңба алып жатыр.
Мені елеп жатқан ешкім жоқ. Сыртта қалып кеттім. Бәрі омартаға үймелеген бал арасындай Сәкенді қоршап алған. Олардың аяғы саябырсығанда Сәкен маған қарап, сөз сөйледі.
- Аға, өлеңіз жақсы екен. Махамбет атамыз жайлы тебіреніп жазыпсыз. Жаныма қатты қуат берді. Рұқсат болса, сіз маған афтограф беріңізші?
Күз көңіл болып отырған әлемім жаз күніндей жарқырап кетті. Әлемге әйгілі боксшы баламыз бәрін көз қиығымен байқап тұр екен.
Сәкеннен соң басқалары да маған жақындай бастады,-дейді ақын.
Тектілік деп міне, осыны айт. Сәкен Бибосынов өз салмағында дүние жүзіндегі ең жоғары санаттағы боксшы. Орта және алыс қашықтықта оны алатын шойын жұдырық жоқ. Жай оғындай жылдам. Аяқта жақсы ойнайды. Қос қолы қиғыр қылыштай қарсыласының ес-тұсын алады.
Амал не, әділетсіздікті аз көріп жүрген жоқ.
Сезімтал баланың жүрегін рухшыл ақынның отты жыры қатты тербесе керек. Қонағына жалғыз қойын сойып, жалғыз атын мінгізіп жіберетін қазақтың дархан көңіл, сақылығын кезінде репрессиямен келген тау халықтары мен неміс ұлтының өкілдері күні бүгінге дейін егіліп айтады.
Сәкен сол салқар даласындай құшағы кең Қазақтың бел баласы ғой. Әдепті, салт-дәстүрі берік ұстайтын кішіпейілдігі, ізеті бізді де сүсіндіреді» деп өз естелігімен бөлісті журналист.
Ақын Шымкент қаласында дүниеге келген. Оның «Бөрілерге гипотеза» атты жаңа жыр жинағы шыққан.
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Президент сыйлығының иегері, ақын Сабыр Адай Құралдың жырлары туралы: «Өлеңдері өзіндік өрнектерімен, Құрал ақынға тән бөлек стилімен ерекшеленеді. Өмірді өлеңмен оятқан ақын пәлсапасы да адамды ойландырмай қоймайды» дейді.
Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі, «Бір өлең – бір сурет» конкурсының, «Темірқазық түнгі кітапхана» әдеби клубтарының идеялық авторы. «Ой туындылар» фестивалінің бірінші деңгейдегі жүлдегері. 2013 жылы Түркияда «Мен даланың ұлымын» поэмасы Халықаралық Физули атындағы сыйлықты жеңіп алды. 2013 жылдың «Үздік ақыны» номинациясының иегері атанған.