Шымкент қаласында айтулы тарихи оқиға болып өтті. Атап айтсақ, қаланың көне мәдени ошақтарының бірі саналатын А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхананың 125 жылдығына арналған "Кітапхана: Іздену. Жаңалық. Болашақ" Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Аталған шараға ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрағасы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы, директордың кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары А.Х. Юсупова, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының Электронды ресурстарды басқару қызметінің жетекшісі А.Жакупова, Ресей Федерациясының Алматыдағы консулы – Н.Сорокина, Өзбекстан республикасынан кітапхана өкілдері А.Абдукаримова, А.Хожекеева, Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының қоғамдық дипломатия маманы К.МакГрегор, Қазақстандағы АҚШ Бас консулдығының, «Америка бұрыштары» бағдарламасының үйлестірушісі Т.Сүлбаев, ID-Logic компаниясының коммерциялық директоры К.Бекеева және ID-Logic компаниясының Қазақстандағы ресми дистрибьютері Д.Накенов сонымен қатар Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов, Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілетті өкілі М.Әбдіәкімұлы, қоғам қайраткері Ш.Мырзахметов, М.Әуезов атындағы Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің ректоры Г.Сүгірбаева, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары М.Ондасынова, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері, кітапхана ардагерлері, журналистер, тарихшылар, ғалымдар, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасынан А.Нұрғали бастаған ұжым, Сайрам, Арыс, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандық кітапхана директорлары мен кітапханашылары, Шымкент қаласының ЖОО кітапхана меңгерушілері мен көпшілік кітапхана директорлары, жетекші мамандары қатысты.
Мерекелік іс – шара «Яссы» би ансамблінің «Мереке» биімен ашылып, қазақ ұлт аспаптар оркестірінің орындауында күйлер орындалды. Қонақтарды кітапхана қызметімен таныстырумен жалғасып Әл-Фараби, А.Науаи, Абай, А.Пушкин, А.Чехов және кітапхана ішінде түрлі локацияда А.Пушкиннің «Пиковая дама» шығармасындағы Герман және Лиза кейпіндегі персонаждар қарсы алды.
Конференцияның ашылуына Шымкент қаласы мәслихатының төраағасы Б.Нарымбетов қатысып, құттықтау сөзін жолдап, Шымкент қаласы әкімі Ғ.Сыздықбековтың құттықтау хатын кітапхана ұжымына табыстады.
Кітапхананың құрметті қонақтары сөз алып өздерінің ыстық лебізі мен құттықтауларын жеткізді. ⠀
ҚР Ұлттық кітапхана директоры, Қазақстандық кітапханалық одақ төрайымы Б.Оспанова кітапхананың мерейтойымен құттықтап, бірқатар әріптестерімізді «Қазақстанның құрметті кітапханашысы», «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілермен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Сонымен қатар, А.Жакупова ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызының құттықтау хатын табыстады.⠀
ҚР суретшілер Одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы А.Ахметов бастаған бір топ суретшілер кітапхана ұжымын құттықтап, директор Н.Романоваға Суретшілер Одағының 90 жылдық медалін тапсырды.
Конференцияның екінші бөлігі пленарлық отырыспен жалғасып, «Международное сотрудничество – важный приоритет интеграции Национальной библиотеки Республики Казахстан в мировое культурно – информационное пространство», «Цифрлық кеңістіктегі мәдени мұра: Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы» тақырыптарда баяндамалар оқылды. Өзбекстан Республикасынан және Түркістан облысынан келген әріптестеріміз өз кітапханаларының қызметімен, қызықты іс - тәжірибесімен алмасса, ID-Logic компаниясының өкілдері кітапхана саласына қажетті автоматтандырылған жаңа технологиялар мен жабдықтардың таныстырылымын жасады.
Конференцияның басты жаңалығы «Тарихпен үндескен кітапхана» атты үш тілде жарық көрген мерейлі кітаптың тұсау кесер рәсімі өтіп, кітапхана тарихы туралы деректі фильм көрсетілімі болып, белгілі өнер жұлдыздарының ән шашуы конференция қатысушыларына мерекелік көңіл күй сыйлады. Тарихи іс – шараға жергілікті БАҚ өкілдері ақпараттық қолдау көрсетті.
Жалпы мәдениет ошағында көптеген іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Мәселен А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының Шымкент қалалық филиалының қолдауымен осы жылы көктемде «СТИХиЯ Пушкина» атты шығармашылық жұмыстар байқауын өткізді. Байқау бес жас тобы бойынша өткізілді: 5-8 жас, 9-12 жас, 13-16 жас, 17-20 жас, 20-25 жас. Байқау үш кезеңнен тұрды:
1 - кезең: өтінімдерді және конкурстық жұмыстарды электрондық түрде іріктеу (15-20 сәуір аралығы) қабылдау: Жұмыстың түпнұсқаларын қабылдау.
2 – кезең: (21-27 сәуір аралығы) жіберілген материалдарды тексеру, кітапхананың Facebook желісіне жұмыстарды жүктеу, жіберілген жұмыстардың қазылар алқасының сараптамалық бағалауы, "Көрермендер көзайымы сыйлығы" номинациясы бойынша Facebook парақшасында дауыс беру, қорытынды көрме үшін үздік жұмыстарды іріктеу, марапаттау құжаттарын дайындау.
3 – кезең: Қорытынды, онда 2024 жылғы 4 мамырда Балалар шығармашылығы көрмесінің ашылуы және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Байқау басталғанда іріктеу кезеңіне жалпы саны 174 қатысушы өтінім берді.