Ұлт руханияты үшін қызмет еткен ардагерлермен кездесті

Жуырда А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында Ж. Шанин атындағы облыстық Академиялық Қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойына орай көрермен көңілінен ерекше орын алған керемет өнер иелерімен кездесу кеші өтті. 

Screenshot_14.jpg

Шараға ҚР еңбек сіңірген әртісі, Парасат және Барыс ордендерінің иегері, ОҚО құрметті азаматы, «Жұмат Шанин» төсбелгісінің иегері Сапарбай Өтемісұлы, ҚР мәдениет қайраткері, Шымкент қаласының құрметті азаматы Еркінбек Шымырқұлов, Театрдың абыз актрисасы ҚР мәдениет қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Ерен еңбегі үшін төсбелгісің иегері Айжан Жұмабекова, ҚР мәдениет қайраткері Алтын Айнабалаева, мұражай жетекшісі Қымбат Махамбетқызы қатысып өнер мен өмір жолдарын, театр тарихын әсерлі әңгімелеп көрермендерді ақпараттармен сусындатты.

Модератор мәдениет саласының үздігі әзіл-сықақ, сатира театрының актері Садық Тоқтарұлы кешті жүргізіп әнде орындап өнерін ортаға салды. Қасиетті қобызбен Бәйдібек Әбдіманаб Қорқыт күйін, Аққу күйлерін орындап қонақтарды керемет әсерге бөледі. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Жеңіл өнеркәсіп колледж студенттері, кітапханашылар қатысып жақсы шараның куәсі болды.

Осы жуырда ғана Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай мегаполисте Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі болған еді. Екі жылда бір өтетін бұл фестиваль еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің мәдени өміріндегі елеулі оқиға десе де болады. 6-11 қараша аралығында яғни 5 күн бойы Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан мен Қазақстанның таңдаулы театрлары Шымшаһарда өнер көрсетіп, шеберліктерін шыңдап, тәжірибе алмасты. 

Бұл іс-шара Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Ал фестивальді ұйымдастыруға тікелей атсалысқан М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры. Осы тоқсан бес жылдық мерейтойдың аясында мегаполистің өнерсүйер қауымы Әзірбайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры,  Өзбекстан «Дийдор» мемлекеттік жастар экспериментальды театр-студиясы, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Түркияның Алания қалалық театры, Самарқанд облыстық музыкалық драма театры мен Тукай атындағы «Әтнә» мемлекеттік татар драма театры сахналаған қойылымдарды тамашалай алды. 

Жоғарыда айтқанымыздай бауырлас, түркітілдес елдерден келген өнер ұжымдары 6-11 қараша күндері Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрының сахналарында С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр», Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет», Х.Ниязидің «Сайқымазақтардың ойыны», П.Сейидлидің «Киллерден телеграм», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ш.Айтматовтың  «Лувр үйрегі», Э.Хэменгуэйдің  «Шал мен теңіз», А.Навоидің «Ләйлі-Мәжнүн», сондай-ақ А.Гильязованың  «Қар астындағы қайнар бұлақ» туындыларын көрермен назарына ұсынды. 

Фестивальге шақырылған қонақтар арасында қазақ театр және кино өнерінің майталмандары Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұловтар қызыл кілемнің үстімен жүріп өтіп, қазақ театрының негізін салушы арыстардың бірі Жұмат Шаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, айтулы іс-шараның маңыздылығы мен театрдың адамзат руханиятындағы алатын орны туралы тебірене сөз қозғады. 

Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөз арнап, түркітілдес халықтар арасындағы мәдени байланыстың нығаюына фестивальдің берер пайдасы мол екенін жеткізді. 

«Құрметті өнер сүйер қауым, баршаңызды Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығымен құттықтаймын. Тоқсан бес жылда түрлі кезеңдерді бастан өткерген қалалық театр бүгінде мегаполистің ең асыл қазыналы мәдени ошақтардың біріне айналып отыр. Театр жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіру, тарихи сананы жаңғырту бағытында өте маңызды қызмет атқарып келеді. Біз Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың осы шаһарда қызмет атқарып, қалалық театрдың іргесін қалаған алғашқы тұлғалардың бірі болғанын мақтанышпен айтамыз» деді әкім.

Сондықтан да 95 жылдық тарихы бар өнер ордасының ардагерлеріне қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Оқырмандарға театр ардагерлерін таныстыру мақсатында жоғарыда аталған іс-шара ұйымдастырылды. Ұлттың руханияты үшін тер төккен азаматтарды халық білу керек. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер