Қазақ үшін сөзден киелі, сөзден асыл еш нәрсе жоқ! Бабаларымыз жығылғанды сөзбен көтеріп, жылағанды сөзбен жұбатқан. Сөз мағынасына терең бойлап, одан ғибрат алған.
Сөз құдіреті – кітапта. Көркем әдебиетте. Кітап – үйдің күллі әлемге ашулы тұрған терезе. Сондықтан да хакім Абай.
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып білуге», - деп бекер айтпаған.
Тағы бір ғұлама: «Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады»,- депті. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бұдан шықты, өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек ендігі сөсіз. Әр адамның рухани дүниесін сусындатып, эстетикалық құндылықтар мекені саналатын кітапхана –оқырмен мен кітап арасындағы алтын көпір. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», деп Ә. Кекілбаев айтқандай кітапсүйер қауымның қасиетті мекеніне айналған кітапхана әр адамның жүрегіне тыныштық пен білім нәрін себетіні рас. Осындай адамзат атаулысының ақы сұрамайтын алтын қазынасына айналған кітапханалардың бірі - А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы Қазақстандағы көне кітапханалардың біріне жатады. Ол 1899 жылы А.С.Пушкиннің 100 жылдық мерекесі қарсаңында өлкетанушы Н.С.Лыкошиннің қолдауымен ашылған екен. Бүгінде кітапхана Шымкент қаласының тұрғындарына кітапханалық бағытта жұмыс жасайтын мәдени-ағартушылық қызмет көрсететін, оқырмандардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ететін білім, ғылым, мәдениет орталығы болып саналады.
Бүгінгі оқырманға жан-жақты қызмет көрсететін Пушкин кітапханасының жаңа келбеті өте өзгеше. Галерея мен кітапхана коллаборациясы арқылы тұрғындарды өнерге, эстетикалық талғамға, мәдениеттілікке тәрбиелеуге бағытталған үлкен залда жергілікті суретшілерінің картиналар көрмесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Кітапхана аллеясындағы субұрқақ пен әткеншектер, кітапхана сыртындағы ұлы ақын Пушкин суретінің заманауи стильдегі графитимен салынған. Оқырмандардың еркін және жайлы кітап оқуына бар жағдай жасалған. Бұдан бөлек кітапханада күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырманның қалауын қанағаттандыратын мерзімді басылымдар да көптеп саналады. Сондай-ақ, қаламыздағы көптеген ақын, жазушыларымыздың мерейтой, мүшайралардың жоғары деңгейде өткізіліп, оқырман мен сүйікті автор арасында әдемі байланысты сақтап отырған да осы біздің кітапхана. Кітапхананың жалпы қоры 140 000 мыңға жуық. 2023 жылғы көрсеткіштер бойынша жылына 17500 ге жуық оқырманға қызмет көрсетіп, 170 мыңға жуық келушілерді қамтыды. Ал, кітап берілімі 270000 мыңнан асады. Кітапхананың жалпы штаты 78 құрайды, оның ішінде кітапханашылар саны – 46. Кітапханада 11 құрылымдық бөлімшелер мен оқырмандарға қызмет көрсететін оқу залы, абонемент, өнер залы, мерзімді басылымдар залы, шет тілі әдебиеттер бөлімі, көрме залы, кофехана т.б. жұмыс жасайды. 2023 жылы 184 іс – шара өткізілген.
Оқырманмен жұмыс жасай отырып, кітапқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру, оларға кітаптармен жұмыс жасай білуді үйрету сынды міндеттерден ауытқымай келе жатқан Пушкин кітапханасына биыл 125 жыл толып отыр. Оқу арқылы әлеуметтік құны бар, мәдениетті, рухани бай, жетілген, ағартушы адам қалыптастыруда еңбегі орасан біздің кітапханамыз Халықаралық «СӨЗ» әдеби фестивалі аясында «Әдебиет әлемді біріктіреді» поэзия-проза байқауы осымен 2 жылы өткізіп келеді. Байқаудың мақсаты оқуға деген қоғамдық қызығушылықты арттыру, Шымкент қаласының тұрғындарын кітап оқуға тарту, жастарды оқу мәдениетіне тәрбиелеуге бағытталған бұл байқауға қаладағы мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ әр түрлі қызмет саласының өкілдері және түрлі жастағы әдебиетке қызығушылық танытқан тұрғындар қатысты. Әдеби сайыс қазақ, орыс, ағылшын, және басқа тілдерде өткізілді. Сонымен қатар, кітапханадағы Америкалық бұрышы 2011 жылдың қыркүйек айында Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы мен ұлттық кітапханалардың бірлескен жобасы аясында Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен кітапхана арасында келісімшарт түзіліп, ашылған болатын. 2022 жылы 18 қазанда орталықтың қайта ашылу салтанатына АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайын Сэвидж арнайы келді.
«Бабасының жасағанын атасы, атасы жасаған істі әкесі, оны баласы, немересі жасай берсе, ол адамзат қауымы құрымайды», депті ұлы ойшыл Конфуций. Мұнан шықты, ұрпақтар сабақтастығы – үлттың ұйысуының негізгі шарты. Міне, біздің кітапханамыздың да талай жылды артқа тастап, ұрпақтар сабақтастығына, кітапсүйер қауымның талғамына қарай жаңарып, түрленіп қоғам өміріне белсене араласып келе жатқаны кітапханашылардың еңбегі екендігі сөзсіз. Қаламыздың тұрмыс тіршілігінен елеулі оқиғалардан тыс қалмаған кітапханамыздың мерейтойына ізгі тілектерді тілей отырып, кітапханашыларға жұмыстарына сәттілік, талмай еңбек пен берекет тілейміз
Зылиха Жантасова, ф.ғ.к.
Жазушы, Ж. Тәшенов атындағы университеті
«Тілдер және әдебиет» кафедрасының меңгерушісі