№6 кітапхана бөлімшесі жазушы Ә. Нұрпейсовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Жүрегі толы жыр еді» тақырыбында әдеби кеш өткізді. «Авиценна» колледжінің студенттерімен өткен кеште жазушының өмір мен шығармалары талқыланды.
«Теңіздей толқыған қаламгер» кітап көрмесі ұйымдастырылып жазушының «Қан мен тер», «Курляндия», «Соңғы парыз» романдары насихатталды.
Жазушы шығармаларының ішінде «Курляндия» романының алтын өзегі – Есей Бержановтың басынан кешкен оқиғалары. Қаламгер Асыл Сұлтанғазының айтуынша ол шығарма басында сын садағына ілініп, «оқымысты» жолдасын оққа байлап, қалған барлаушы сарбаздарын жау жатағынан аман алып шығып, жай ғана аман алып шықпай немістің жас полковнигін тұтқындап әкеледі емес пе? Міне, содан кейінгі майдандағы өмір сорабы тіпті шытырман оқиғаларға ұласа түседі. Бірде, Курляндия жеріндегі бір ұрыста немістердің талай танкісін істен шығарған сарбаздарынан, майдандас достарынан айырылып, өзі хабарсыз кетеді. Ажалсыз достары мен жоғары шенділер өлдіге санайды. Алайда, немістер қоршап алған үйде жаны кеудесінен шықпаған кеңес жауынгері жалғыз Есей болғасын, жаулар оны тұтқындап, фельдмаршал Шернердің дәргейіне алып барады. Сонда мундиріне қолбасылық үздік жеңістерде беретін рыцарьлық кресін тікелей Гитлердің өзі қадаған Шернер «азиятты» ауыр азапқа тартып, "тіл" алмақшы болады.
Бұл тұрғыдан айта кету керек, Әбдіжәміл Нұрпейісов әу баста-ақ соғыс алаңында жауынгерлер зулаған оқтан, ажалдан емес, ең қорқатыны – жауға тұтқын болу екенін романда ерекше атап өткен. Міне, осынау ең тажалды дүниенің тырнағында қалған Есей жұмған аузын ашпай, ерлікпен ауыр жазаны бастан өткереді. Алайда, көрер жарығы болып, немістердің басқыншылығына, билеп-төстеп кеңес әскеріне қарсы айдап салуына зығырданы қайнаған латыш азаматтары бас көтеріп, тұтқындағы Есейді ажалдан арашалап қалады. Осылайша түнектен жарыққа шыққан кейіпкеріміздің өмірі ары қарай да шытырман дүниеге ұласа береді.
Латыш шалы Яннің үйінде емделіп, адам қатарына қосылған Есей бұл үйдегі жас құрақтай желкілдеп өскен Эрикаға ғашық болады. Үнсіз ұғысып, тілсіз тілек қосады. Дегенмен, оқ астында ожданын қорғап, Отаны үшін қан кешіп жүрген майданға қайта аттанып, қаруластарына қосылады. Ерлікке толы талай ұрыста андағайлап алға шығады. Жауды күйретіп, кейде шегіне ұрыс салады. Ерлік пен өрлікке толы сол ұрыстарды жазушы барынша шебер баяндаған, көркем түрде суреттей алғанын да осы арада айта кеткен жөн.
Романдағы әрбір кеңес жауынгерінің талайлы тағдыры, соғыс зардабын тартқан күллі халықтың тұрмыс-тіршілігі парасат биігінде айшықталған. Мәселен, алыста қалған жалғыз ұлынан хат-хабар алып тұратын Иванов пен зайыбы Зинаида Яковлевнаның майдандағы ерлі-зайыпты ғұмырына тоқталайық. Бұлардың ақ некелері «аяқасты» болады. Жаралы сарбаздарды адам қатарына қосып жүрген дәрігер Зинаида шенділердің ықтасын паналаған аяр Долгушовтың азғырынды ниетінің жетегіне еріп, Ивановтың арына сызат түсіреді. Сұрапыл соғыс үстінде ақ төсекте айызын қандырғысы келген Долгушовтың от құшағына жығылады. Сөйтіп, Курляндиядағы күллі Кеңес әскеріне аты шығып, Ивановтың жүрегіне өшпес жара, қаралы дақ салады.
Дегенмен, түптің-түбінде бұл жолының жаңсақ екенін ұғынып, өз тәнінен жерінген әйелдің ішкі жай-күйін, тебіренісін жазушы мөлдір жеткізе жазады. Сондағы, ең басты себеп, күйеуінің осынау соғыс кезінде бір сәт болсын, айына бір рет болсын зайыбына адам ретінде қарап, азаматтық көзқарас таныта алмауы десе, енді бірде Долгушовтың барынша шенді ретінде шікірейіп жүруі, Зинаидаға азаматтық жылуды, мейірімді барынша үйіп-төге білуінде екенін ымдайды. Осылайша, тіпті, біз ескермеген түрлі элементтер арқылы жазушы қиыс кеткен әйелді бір сәт күстана ойдан арашалап алады. Кейде, ар азабын тартқан сәттерін де ерекше шеберлікпен айшықтайды.
Расында, заманның зілмауыр қасіреті адамзаттың қос иығына түсіп тұрған шағындағы адамдардың жай-күйін, тіршілігі мен жақсылығын, жамандығы мен аярлығын біз бейбіт заманда тұрып сынай алмаспыз. Сөге алмаспыз. Өйткені ол замандағы әрбір оқиға мәжбүрліктен, шарасыздықтан орын алды емес пе?!
Зинаидамен жең ішінен байланыс орнатып, қалауын орындаған соң қазақ қызы Баянға көз тастаған Долгушовтай кейіпкер қай заманда болмасын бар. Алайда, арына берік болған, ақ жолдан адаспаған кейіпкерлер де көп-ақ. Соның бірі – Есей Бержанов.
Есейдің адамдық болмысы, азаматтық ұстанымы, батырлық қыры, айлакерлігі мен әбжілдігі романдағы әрбір оқиғада көрініс беріп отырған. Ол ерлігіне қарай өзі өскен Аралға, ауылына да барып, анасының мауқын басып қайтады. Сол жолы ауылда хат алысып тұратын Зағипаның да үйінде қонақта болады. Алайда, латыш шалдың жүрегін жаулаған қызы Эрикаға жолықпас бұрын ол Зағипадан суынып кеткен болатын. Оған себеп – Зағипаның сертке берік болмауы. Ауылдағы өзге жігітпен үміт қосып, ол азамат өзге бір қызбен отау құрған соң далада қалғандай болған Зағипаның амалсыз Есейге қайта айналып келуі батырдың намысына шоқ болып жабысады.
Осылайша, ол ибалы болса да серттен тайған қазақ қызына қарағанда, ақ жүрегі аңқылдаған латыш қызының сезіміне салмақпен қарайды. Латыш қызының күлімдеп түскен суретін өңіріндегі қалтасында тоздырып, ақыр-аяғында жау қолынан жусап қалған латыштықтардың қабіріндегі құлыптастан Эриканың есімін оқығанға дейін өз сертінде табандап қалады. Тіпті, орта жолда киліккен Зағипа мен Баянның да сезіміне үн қатпайды. Міне, осындай кейіпкерлер, азаматтар әрбір заманда бар-ақ. Бұлар қай уақытта болмасын өзінің азаматтығының асқақ тұғырынан көрініс беріп, тағылым тарататын тұлғалар деуге де толқытай негіз бар.
Жазушының өмірбаянына тоқталсақ, әдебиетпорталда айтылғандай, 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып жүрген суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
Ата-тегіне тоқталсақ, Арал маңын ежелден қоныс еткен. Жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі, Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеген. 1944 жылдың 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан.