Театр - өнер ордасы

Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай, театр актерлерімен кездесу кеші өтті. Іс-шараға Айжан Жұмабекова, Раушан Салова, Еркінбек Шымырқұлов, Ақжарқын Нұртазина, Қымбат Молдиева, М.Әуезов  атындағы ОҚУ  «Мәдениет және өнер» факультетінің студенттері мен көпшілік оқырмандар қатысты. 

Screenshot_23.jpg

Қонақтар алғашқы театрлық маусым 1929 жылдан басталғанын, 1972  жылы театрға тұңғыш режиссер, драматург, қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің есімі берілгенін,  алғашқы құрамы мен режиссерлері, театр репертуары, жеткен жетістіктері туралы әңгімеледі. 

Айта кету керек 2024 жылдың 6-11 қараша аралығында Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған Орталық Азия, түркітілдес мемлекеттер мен Қазақстанның кәсіби театр ұжымдары қатысатын ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ IX ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ өткен болатын

Дәстүрлі түрде 9-шы рет өткен бұл Орталық Азия елдері театрларының  Халықаралық фестивалінің құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігі болды.

Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан,Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстан театрлары қатысып, үздік шығармаларын сахналанды. Сонымен қатар, театрдың 95 жылдық тарихынан хабар беретін кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. 

Фестиваль аясында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында 7-10 қараша аралығында «Шеберлік сабақтары» өткізілді. 

Нақты айтқанда, өтінім білдірген театр мамандары «Режиссура» бағыты бойынша арнайы шақырылған ресейлік театр режиссері, Е. Б. Вахтангов атындағы театрдың режиссері, «Алтын масканың» бірнеше дүркін иегері – Юрий Бутусовтың, «Актердің сахналық үні» бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Театр өнері факультеті, Сахна тілі кафедрасының доценті, ҚР Мәдениет саласының үздігі – Айгүл Наремгенованың, «Театр ісін ұйымдастыру (менеджмент)» бағыты бойынша театртанушы, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театрының (оперетта) директоры – Бури Ганиевтің шеберлік сабақтарына қатысты.

Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбектің айтуынша 95 жылдық мекрейтойын атап өткен Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры еліміздегі ең алғашқы "Кәсіби мамандар театры" болғанымен тарих бетіне алтын әріппен жазылып қала бермек. 

"Кәсіби маман" сөзі бүгінде қалыпты жайтқа айналғанымен, өткен ғасыр басында тың мамандықтың "тұңғышы" болу екінің-біріне бұйырмаған бақыт болатын. Жұмат Шанин - қазақ театрының негізін қалаған реформаторы болса, Халел Шәженов – ресейдің мойындалған әйгілі оқу орнында режиссер дипломын алған қазақтан шыққан алғашқы қарлығаш болып қазақ театрының тарихына енді.

«Х.Шаженов 1908 жылы 25 наурызда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Алғашқы кездері өзінің туған аулында мұғалімдік қызмет атқарған Халелдің 1932 – 34 жылдары ҚазПИ-дің тіл-әдебиеті факультетінде оқып жүрген кезінде әдеби іс-шараларды басқарып, кішігірім сахналық қойылымдарға қатысып, театр өнеріне деген қызығушылығы оянады. Табиғи шыншыл ойынымен театр мамандарының назарына іліккен Х.Шаженовке 1936 жылы Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік сахна өнері техникумінің қазақ студиясынан білім алуға аттанғалы тұрған алғашқы өнер қарлығаштарының тобын бастап баруды тапсырады. Аттары әлемге әйгілі театр тарландары В.В.Меркурьев пен И.В.Мейерхольдтан білімін ұштап жүріп алғашқы тырнақалды қойылымдарын кәсіби деңгеймен ойнай бастаған қазақ жастары 1937 жылы «Мазасыз қонақ», «Ұрылар» спектакльдерімен өздерінің шығармашылық қабілетін байқау мақсатында Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларын аралап, ұстаздарының назарына ілігеді. 

Керемет түр-келбетімен, ашқы дауысымен, сахналық таза тілімен, музыкалық-ритмдік, пластикалық ерекшелігімен Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» драмасында мансапқордың өктемшілдігі мен күш-қайратын актерлік шеберлігімен нанымды жеткізген Х.Шаженовтің билікте үстем болуды армандайтын, өз мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын, қаймықпайтын жігерлі де ерікті Президентті нәшіне жеткізе білгені жайында қатарласы Малғаджар Жүсіпов:"...Өз көрсетілген типтерін театрымыздың актерлері: Төкебаев, Шәженов, Дүйсеков, Абдуллина, Бөкеева, Сейтхожина, Сыздықов, Бәйкенов, Қасенов секілді қаулап өсіп келе жатқан таланты бар екенін көрсете білгенінде сөз жоқ. Бұлардың соңғы 6 айдың ішінде-ақ актерлікке бейімді, шеберлік көрсеткендігі байқалып та отыр. Бұл ролдерді меңгеріп алуда театрдың жас артистеріне үлкен алғыс айтамыз"./Малғаджар Жүсіпов. "Шиллер пьесасындағы типтер". 1936 жыл/- деп қалам тартады» деді С.Қасымбек.                           

Ленинградта оқып жүріп, Оңтүстіктен аттанған бір топ жастардың арасындағы жас актриса Жұмабике Серікбаевамен отау құрған Х.Шәженов жайлы Қазақстанның халық артисі Әмина Өмірзақова өз естелігінде; «Пойыз бірінші Алматыға жеткенде, аңырап жылап қоя бердім. Халел Шаженов деген жетекшіміз бар еді. Ол мені бауырына басып, көз жасымды сүртіп, қанаттандырып қояды. Туған ағамдай болып отырған ол, Бикешке (Қаз.Халық артисі Жұмабике Серікбаева) қырындай бастаған...» - деп естелік айтады. (Түркістан газеті, «Адамгершілік – бәрінен биік мұрат» Е.Кәпқызы)

Студияда оқып жүрген  қазақ жастары, өздерінің өнерге даген ынтызарлығын К.Гальдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясын ойнау кезінде дәлелдеп үлгереді. Х.Шаженов, табиғат сыйлаған талантымен қоса адами опалы қасиетімен дараланған тұлға екендігі жайында; «Халел, ештеңеден қорықпайтын өжет еді. 1937-ші жылы бізбен бірге актерлік шеберлігін шыңдап жатқан Мусинді (Хадиша Бөкееваның алғашқы күйеуі)қылышынан қаны сорғалаған НКВД сұраққа алады. Мусин, Ленинградтағы қазақ Алаш комитетінің жиналысына жиі барады екен. Ел шетінде жүрсе де НКВД-дан қаймықпаған Халел Шаженов, жанкештілікпен Мусиннің саясатқа еш қатысы жоқтығын дәлелдеп, қамаудан аман алып қалғанымен, екі актерді НКВД қармағынан аман алып қала алмағанына өкінумен өтті. Қалғандарын елге аман-есен жеткізді" деп еске алған өмірлік жары Жұмабике Серікбаева екеуінің тұңғышы Мэлс, Ленинградта дүниеге келеді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер