Абай атындағы орталық кітапханада Қазақстанның Құрметті журналисі Слам Нұрмағамбетұлының 75 жылдық мерейтойына арналған кездесу кеші өтті. Кешті Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Атанбек Наурыз жүргізіп, оңтүстіктегі қаламгерлердің қалжыңынан викториналық сұрақтар қойды. Іс
-шараға Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілдігінің төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы¬ғының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы Момбек Әбдәкімұлы, ардагер журналист Суханберді Оразалыұлы, жазушы, драматург, Қазақстанның Құрметті журналисі Захардин Қыстаубайұлы, сатирик жазушы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы¬ғының лауреаты Сабырбек Олжабай, фантаст жазушы Сарманбай Исақ, жазушы-журналист Тұңғышбай Төрегелдиев, журналист Ербол Ерментаев, Еркебек Ордабекұлы, Исмаилбек Шалабаев, М.Әуезов атындағы ОҚУ және Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ студенттері, көпшілік оқырмандар қатысты. Кеш қонақтары қаламгердің саналы ғұмырын журналистикаға арнағанын, журналистік жолын Сайрам аудандық «Еңбек туы» газетінде аудармашылықтан бастап, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілшіліктен редактордың орынбасары қызметін атқарғаны туралы әңгімеледі. Зейнеткерлікке шыққасын облыстық қаржы басқармасының жанынан шығатын «Қаржы» экономикалық газетіне қатар басшылық жасап, директор-бас редактор қызметін атқаруда.
Кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Қапқа буылған тұтқын», «Өмір өрнектері», «Әйел исі», «Қаламгерлер қалжыңы» көркем-әдеби, «Дәрісіз емделу» атты халықтық медицина тақырыбына жазған кітаптарынан оқырмандар үзінділер оқыды.
Журналист Слам Нұрмағамбетұлы ұзақ жылдар бұрынғы Оңтүстік Қазақстан қазіргі Түркістан облысының бас басылымы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Журналист қарашаңырақ басылым туралы жылы естеліктер айтып отырады. Сонымен бірге қоғамның айнасы–журналист болған соң елдегі түрлі оқиғаларға байланысты пікір білдіріп жүреді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзі талайлардың көңіл түкпіріндегі ой-орманды қозғап, жаңаша көзқарас қалыптастырып кетті. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталатын Президент тұжырымдамасын мен де астын сызып отырып мұқият оқып шықтым-дейді ол . – Бұл жолы да Мемлекет басшысы аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керектігін атап кетті. Ол сонымен қатар, отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұру керектігін еске салып өтті.
Ел Президентінің тағы бір баса көңіл бөлген мәселесі – мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру жөніндегі ой-пікірлері. «Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз» дей келе, қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру керек екенін айтты. «Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді» деген Президент сөзіне толық қосыламын.
Талас жоқ, Мемлекет басшысы мәселені мемлекеттік деңгейде, кең ауқымда қозғап отыр. Бұл – халқымыздың ертеңін, болашағын ойлағандықтан, жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге ұсыну үшін жасалынған қам-қаракеттер. Бұл орайда Президенттің әрбір қадамын қолдаумен қатар, қуануымыз да керек. Қарап отырсаңыз, қаншама ұлы тұлғаларымыздың есімдері жаңғырғалы тұр. Оның үстіне осы марапатты алған адам қалай да өзі сыйлығының иегері болған тұлғаны қадірлеп, қастерлеп өтері сөзсіз ғой. Оның ұрпақтары да «біздің әкеміз не шешеміз мемлекеттің мынадай марапатын алған» деп берілген наградаға ілтипатпен қарайды. Аты берілген орденнің сырына терең үңіледі. Сол тұлғадай болуға ұмтылады.
Осы үрдіс облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде де бұрыннан сабақтасып келеді. Айталық, жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары күні, басқа да айтулы мерекелерде журналистер арасында түрлі байқаулар өтеді. Газетті ұзақ жыл басқарған әрі соңына өшпестей із қалдырған алдыңғы толқын ағалар атында жүлделер беру үрдіске айналған. Айталық, Әмірсейіт Әлиев, Әсет Тілеукеев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Кәрім Үкібаев, Байдулла Қонысбеков, Анар Бәкірова, тағы басқа да жампоз журналистер атындағы жүлделер жыл сайын тағайындалып, олар өз иелерін тауып жатады. Сонда марапат иелерінің бал-бұл жанған жүздерін көріп, іштей бір аяулы сезімге бөленеміз. Әріптестеріміз жоғарыда аты аталған кісілердің тәлім-тәрбиелерін көрді, алақандарының жылуын сезінді. Бір кездері «солардай болсам-ау» деп армандаған да шығар. Міне, тап солардай бола алмаса да өзі үлгі тұтқан адамның атындағы марапатқа ие болды. Ол төсбелгі болып кеудесіне тағылды не Мақтау граматосы болып төріне ілінді. Жұмысынан келгенде, отбасымен бірге отырғанда «мына кісіні пір тұтушы едім, сол адамның атындағы марапатқа ие болдым» деп шаттанбай ма? Сол кісідей болуға талпынбай ма? Міне, адамдарға шабыт беру, жігерлендіру деп осыны айтса керек.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі күні осылар есіме түсті. Иә, бағалы бастама қашан да өміршең. «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұжымының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан игілікті, өнегелі істер мұнымен де шектелмейді. Айталық, «Жақсылар, дастан айтайын...» атты мектеп оқушылары арасындағы батырлар жырын жатқа айтудан өткізіп келе жатқан байқауының өзі неге тұрады? Бұл жастарды батылдыққа, отансүйгіштікке, есте сақтау қабілетін дамытуға ғана септігін тигізіп қоймайды, сондай-ақ, оларды шешендікке де баулиды.
Түптеп келгенде, жақсы үрдістердің жалғастығы қашан да баянды да тұғырлы. Ойды ой сабақтайды. Жақсы сөз – жан жылуы. Мемлекет басшысының сөзінен қорытып, айтайын дегенім осылар еді.