«Ұлт жанының жанашыры»

Абай атындағы орталық кітапханада  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық - «Алтын күз»  және «Құрмет» ордендерінің иегері, «Қазақ үні» газеті ЖШС президенті, Парламент мәжілісінің депутаты, белгілі ақын, тіл жанашыры  Қазыбек Иса Жарылқасынұлымен кездесу кеші өтті. «Ұлт жанының жанашыры» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Screenshot_26.jpg

Кешті «Ақ жол» демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалының төраға орынбасары Босымбаев Даурен Әбдікәрімұлы жүргізді.

Іс-шараға Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту  және архивтер басқармаcының басшысы Орынтаев Бауыржан Орынбасарұлы, мәдениет мекемелерінің басшылары, кітапхана қызметкерлері,  белсенді оқырмандар қатысты.  

Ақынға кітапхана қызметкерлері ойларында жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды.  «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасындағы ерекшеліктер мен ұлттық мүдде және мемлекеттік тілді қорғауда қайрат көрсетіп жатқан істері туралы әңгімеледі.   Екі тілге бірдей жағдай жасау – екіжүзділік. Мемлекеттік тілді қорлатпау – мемлекет басшыларынан бастап, бәріміздің басты міндетіміз болуы керек екендігін айтып, кітапханашыларға арнап жазған «Кітапханада» өлеңін оқыды. Кітапхана қызметкерлері партия қатарына қабылданды. «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың «Полемическая экономика»,  «Ақ жол» демократиялық партиясының   саяси бағдарламасы, «Алаш: ұлттық идея, қозғалыс, партия және республика» кітаптарын кітапханаға сыйға берді. Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Жұманова Нұрила Серікбайқызы  кеш қонағына кітапханашылардың жағдайын, ұсыныстарын тыңдап,  кітапханаға берілген кітаптар үшін  алғыс білдірді.

Ақын Қазыбек Иса тек өлең жазып қана қоймайды, сонымен бірге, Парламент төрінде депутат ретінде көптеген маңызды мәселелер көтеріп, соның шешілу жолдарын талқылайды. Қоғам қайраткері әлеуметтік желіде де белсенді. Өзінің жеке өміріне, жалпы қоғамға қатысты жағдайлар, әр тақырыпқа байланысты оқиғалар туралы пікір білдіріп жазба қалдырып отырады. Сондай жазбалардың бірінде ақын өзінің әпкесі туралы сыр ақтарып, ой қозғапты.  

“Әпке” дегенде алдымен әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабектің елге белгілі “Әпке” драмасы еске түседі. Иә, бір үйдегі бар бауырын жеткіземін деп жүріп, бар бейнетті бастан өткізген “Әпке” образын керемет бейнелеген қазақ әдебиетінің классигі Дулат көкеміз.

Біз де бір үйде, Жарылқасын Исаұлы әулетінде он бала өстік. Анамыз Зейнеп екеуі әкеміздің жалғыз айлығымен он баланы асырап, оқытып, тәрбиелеп жеткізді.

Алдымызда екі әпкеміз Күләш пен Ғалия бізді, 7 інісін арқалап жүріп өсірді. Ұлдың үлкені мен болдым. Ортамызда бір қарындасымыз Қынаш та еркелеп өсті.

Мен 1979 жылы Алматыға ҚазПИ-дің көркемсурет факультетіне оқуға түстім. Сонда бүгін асқаралы 65 жасқа толып жатқан Ғалия әпкем маған жиі хат жазатын. Ол кезде қазіргідей мобильді телефон жоқ экранда бір-бірін көріп тұрып сөйлесе беретін. Хат деген ең қымбат сәлем жеткізуші еді… Сондықтан да кейбір хаттар кәдімгі шығармашылық еңбек болатын…

Сол ауылды сағынып жүрген студентке әпкесінен сарғайып жеткен ақпарақ хаттардың арасынан сарқұлақ, көкқұлақ 3 сомдық, 5 сомдық теңгелер шыға келетін. Ол заманда ашқұрсақ жүрген студентке 3 сомға кафеге, 5 сомға мейрамханаға баруға болатындай жағдай еді.

Мектепті үздік оқыған Ғалия өте бейнетқор болды. Жездеміз Бисерік аң қуалап жүргенде, ол балалары мен інілерін ертіп алып, жазда тал түсте ауылда мақта шабығын шабатын…

Сөйтіп жүріп төрт баланы өсіріп, жеткізді. Бүгінде Берік жиен бастаған ұлдары ұяда, қыздары қияда, бала-шағалы, нәсіптерін кәсіптерінен теріп жүр.

Ғалия, Туған күнің құтты болсын!

Төл мереке мол берекеге жалғаса берсін!

Шаңырақта шапағат пен шаттық шалқи берсін! 

Әрдайым көңілің келісті, өмірің жемісті де, жеңісті бола берсін!

Ойың шуақты, бойың қуатты бола бергей!

Жүзің жарқын күйде Жүзге жеткін!

Алла жар болып, Жұлдызың жарқырай берсін!

Әрқашан Ақ жол тілеймін!

Сенің мерейтойыңның арқасында маған ең үлкен олжа - “Әпкелерім” деген экспромт өлең жаздым.

ӘПКЕ

Аямаған бауырдан қолда барын,

Әпкелерім жайлы мен толғанамын.

Екі ер әпкем ешқашан білдірмеді,

Ағам менің алдымда болмағанын…

Кешегі өткен күндердің бәрі аңыздай.

Кетті әке-шешеміз данамыздай!

Жетілгенде жеті інің, әпкелерім,

Қуанғанын білеміз Анамыздай!

Бәріміз де бір үйдің баласы едік,

Атандырды әке мен ана сеніп.

Әпкелерін Төлеген жырлағандай,

Сендер дағы едіңдер тамаша елік.

Әпкеміздің тойында сөйле, тілім,

Шаршамайсың, алмайсың кейде тыным.

Бар өмірі еңбекпен өткен жандар,

Көрсе дейміз зейнетін бейнетінің!

Көрсетеді қамқор қыз бөлекше бой.

Әпке десе, баурайды бөлеп сені ой.

Артымыздан ерген қыз, қарындас та,

Әпкелері секілді ерекше ғой.

Қамқорлығы әпкенің ерге керек!

Қадірлісің біздерге сен де демек!

Әпкелерім неге бұл мықты десем,

Анамызға тартыпты ең керемет!

Бүгінгі күн тамаша, бізге ерек күн!

Ізгілікті әрдайым іздеп өткін.

Шаңыраққа шапағат төгіп Алла,

Жүзің жарқын күйіңде Жүзге жеткін!

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тоқыма тоқудың пайдасы мол
  • «Молда Мұсаның әдеби мұрасы»
  • Көрерменге ой салған «Ақ кеме» премьерасы
  • Көксерек әңгімесін талқылады
  • «Бір қала - бір кітап»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер