Әл Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында 10 қараша — Дүниежүзілік жастар күніне орай «Жарқын жастық – баянды болашақ» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараны кітапхана директорының орынбасары Алпысбаева Гүлмира Батырбайқызы ашып беріп, жастарды болашаққа деген сенімге, белсенділікке, мәдениетке, кітап оқуға шақыра отырып, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру жайында керемет дүниелер айтты.
Осынау «дөңгелек үстел» жиынына Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Әлжан Аружан Русланқызы, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ- нің жанынан құрылған «ALQA» әдеби бірлестігі мен белсенді жастар шақырылды.
Сонымен бірге аталмыш іс-шара барысында қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақпаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы талқыланды.
Жалпы Бердібек Соқпақбаев балалық жастық шағында қиындықты көп көріп өсті. Қазаққа белгілі қаламгер 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған. Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20 - дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б. Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Балалардың бал мінезін ішкі дүниесімен жақсы сезіне білген жазушы әрбір шығармасында өзі туып өскен Нарынқол таулы өңір табиғатының жанды суреттерін оқырманға үлкен шеберлікпен жеткізе білген. Б. Соқпақбаевтың әңгіме, повесть, романдары және пьесаларында балғын шаққа батыл саяхаттар жасап, таңдандырып, тамсантып, бал дәурен әсерлерінің қаймағын бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялдап, өмірдің өз болмысын тебірене толғайды. Егер оның шығармаларын оқысаңыз еріксіз езу тарттырып, кейде күрсінтіп терең ойға жетелей түседі. Сол кезде лезде кейіпкерлермен етене араласып, олар өзіңіз күнде көріп жүрген адамдардай Беркен, Қожа секілді кейіпкерлермен жадыңда жатталып қалары сөзсіз.
Өз кезегінде Жастар ресурстық орталығы өкілінің айтуынша бүгінгі таңда шаһарда қандай іс-шара болмасын белсенді жастардың қатысуынсыз өтпейді. Өйткені ерікті жастар түрлі ел өмірінде маңызды орын алатын іс-шараларды ұйымдастырушы ұйымдардың сенімді серігі мен таптырмас қолқанаты. Қазақ «жас келсе іске» деп осындайда айтса керек. Жастар қоғамда өте белсенді болса, онда мемлекет қолға алған барлық мақсаттар мен жоспарлар жылдам орындалған болады. Себебі әу бастан «жастар-қоғамның қозғаушы күші» деген қанатты сөз қалған.
Ендеше жастар өз Отанына сүйіспеншілігін, адалдығы мен махаббатын сыйласа мемлекет соған қарай оларға бар жағдайды жасауы міндет. «Ұлым дейтін ел болмаса елім дейтін ұл қайдан болсын» демей ме мұндайда. Сол айтқандай қазір мемлекет жастарды барынша қолдауға тырысып келеді.
Иә, жасыратыны жоқ тұтастай алғанда қоғамның қозғаушы күші жастарға мемлекет тарапынан көп жағдай жасалып жатыр. Бұл орайда бірінші кезекте оларды жұмыспен қамту маңызды. Жастарды тұрақты еңбекпен қамтамасыз ету бағытында түрлі бағдарламалар қолға алынды. Соның ішінде, мәселен дуальді оқыту жүйесін, «Дипломмен ауылға» жобаларын атауға болады.
Жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беру, олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесу қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында айтқан болатын. «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет. Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз»,– деген болатын Президент. Осы орайда Шымкент қаласында еліміздің жастар саясатын іске асыруда ілкімді істер жетерлік. Оның ішінде жоғарыда аталған мемлекеттік түрлі бағдарламаларды жастарға түсіндіру бойынша іс-шараларды атауға болады. Сонымен бірге жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де мегаполисте дұрыс жолға қойылған. Себебі жастың бойында қайнап жатқан бұла күш бар. Егер ол сол энергиясын тиімді жаққа жұмсамаса түрлі жаман әрекеттерге бой ұрып қалуы мүмкін. Сондықтан да жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі қоғамда өте өзекті саналады.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, қоғам қайраткері:
Жастарға ұлттық тәрбие берудің маңыздылығы жоғары
«Кез келген ата-ана ұл-қызының ақылды, өжет, парасат иесі болып өсуін қалайды. Қазақта «біреудің ала жібін аттама», «ұят болады» «обал болады» деген әдемі сөздер бар. Осы ұғымдарды балаға жас кезден сіңіре беру керек. Сонда ұл-қызда қазақы рух бойына сіңіп өседі. Өзіме келсем, жасым 13-ке толып, бірінші мүшел жасқа келгенімде әкем жанына отырғызып, «балам сен енді ер жеттің, он үш жас отау иесі деген» деп жәйлап аптасына бір немесе екі аптада бір рет құлағыма тәрбиелік сөздерді құя бастады. Маған сұрақтар қойып, менің ой-өрісімді дамытуға әрекеттер жасады. Сонда әкем айтушы еді: «балам жаман адам болмайды, өсе келе тәрбиесіне байланысты жаман атанады. Ертең өскенде қызметің көтеріліп басшылық қызметке кеп жатсаң қарамағыңдағы адамдарға қамқор бол. Олардың да бала-шағасы бар, соларды ойла» дейтін. Мен мұны айтып отырған себебім, әрбір ата-ана осылай ұл-қызымен ашық сөйлесіп, тәрбиесін беріп отырса, ол ертең олардың өмірлік ұстанымы, кредосы болып қалады. Жоғары оқу орнын бітіріп жолдамамен Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы жаңадан құрылған Абай совхозына бардым. Құрылыс шебері болып қызметке араластым. 3-4 айдан кейін дирекция мені совхоз құрылысының жетекшісі етіп тағайындады. Құырыста басшылық қызметте 13 жыл, аудандық атқару комитетінде 11 жыл істедім. 24 жыл ауданда басшылық қызмет істеп жүргенде бірде-бір адамды жұмыстан шығармауға тырыстым. Әсіресе құрылыста басшы боп жүргенде ашуға мініп кейде бір жұмысшыларды салғырттықтары үшін жұмыстан босатыңдар деп тапсырма беріп, кейін түнімен ойланып, оның да бала-шағасы бар ғой деп райымнан қайтып, таңертең шалғайдағы басқа құрылыс объектілеріне ауыстырып жіберетінмін. Айтқым келгені ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі өте жоғары. Менің жұмысшыларды жұмыстан шығармаған себебім, әкемнің айтқан өсиеттері үнемі жадымда тұратын.
Жалпы кез келген ұлттың өкілі өзінің ұлтын жоғары санайды. Шамасы ұлттық рух пен сана сонымен де биіктесе керек. Әкем жарықтық талай айтушы еді «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сосын Абай атамыздың «Адамның мінезін түзеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзін жиі айтатын. Содан соң әкемнің айтқандарының ішінде есімде қалғаны «қазақтар сөзге тоқтаған халық. Бір ауыз сөзбен-ақ елдің, жердің тағдырын шеше білген» деген сөздері еді. «Сондықтан балам сөйлеген кезде абайлап сөйле. Өйткені айтылған сөз – атылған оқ. Сөз айтылғанша сен оның егесісің, айтылған соң егесі бола алмайсыз. Болды ол сөз елге тарап кетеді. Сондықтан қай кезде де өзіңнің қазақ екеніңді ұмытпастан, өзіңнің сөзіңе еге бола біл. Ешуақытта сөйлеп отырған адамның сөзін бөлме. Қайта тыңдап отырып, сараптап содан ой түйе біл. Тіке сөйлемей, ойыңды астарлап жеткізуге тырыс. Өзіңді ешқашан біреуден жоғары санама. Кім біледі ол сенен де ақылды болуы мүмкін. Ұлтымыздың ең зор байлығы ол оның тіл шеберлігі. Соны жақсылап пайдалан. Ойыңды тұдырымдап жеткізуді үйрен. Ол үшін кітапты көп оқы. Қариялардың айтқан әңгімесін ұғып тыңдай біл. Мен қазақпын деген мақтаныш ой сенің көкірегіңде тұру керек» деуші еді. Сондықтан балаға тәрбие берген кезде сен ұлы халықтың ұланысың, уәжге тұрған ұлттың баласысың деп құлағына құя беру керек. Мен жоғары қызметтерде жүргенімде балаға мектеп жасынан бастап оқитын пәніне қазақ халқының қасиетін үйрететін жақсы мінездерін ендіру қажеттігін айтқан болатынмын. Әлі де бұл ойымнан айныған жоқпын. Намысқой, сөзге тұратын, тілге шешен, қонақжай, досқа адал осы секілді толып жатқан қазақы қасиетті оқып үйрететін арнайы пән ойлап тауып, соны бастауыш сыныптан бастап оқушыларға оқыту қажет. Бала неғұрлым жастайынан тәрбие алып өссе, оның ертеңгі күні нәтижесі де жақсы болады. Менің түсінігімде әрбір ұлт өзінің ұрпағының адал боп өсуін қалайды. Оның бір мысалы кішкентай кезімізде ауылдың қара шалдары «балам, біреудің ала жібін аттама» деп көп айтып отырушы еді жарықтықтар. Осы сөз қарап отырсақ адалдыққа апарады екен. Яғни біреудің затына, мүлкіне қол сұқпа, көз алартпа деген сөз ғой. Кезінде кеңестік құрылыста өмір сүрдік. Кейін нарықтық экономика келді. Әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі болу үшін де осы құрылымға көштік. Бір кездері мен 8 жылдай «Жібек жолы» әмбебап тауар биржасы деп аталатын басқарманы басқарғам. Сол кезде өзіміздің тікелей міндетімізден бөлек бір-бірін алдап соққан қазақ кәсіпкерлерін жарастырып, келістірумен уақытымзы кетіретінбіз. Оған дүниетаным, көзқарасымыз ол кезде әлі дайын болмағандықтан солай болған шығар деп ойлаймын. Сол уақыттарда Ұлыбританияның әйгілі Ливерпуль биржасында іс-тәжірибе тағылымдамасынан өттім. Оларда іскер азаматтардың кодексі 8 баптан тұратын. Соның ішінде ең бірінші бапта іскер азаматтар адал болу керек деп жазылған екен. Мемлекет алға басу үшін бірінші кезекте азаматтары адал болу керек. Бұрын қазақ халқы өте адал болған. Баяғы кезде қазақтың үйлерінде құлып деген болмайтын. Дүниелері қараусыз жата беретін. Өйткені ұрлайтын адам аз, себебі адамдардың көбісі адал еді. Рас барымташылық деген болды. Бірақ оны ата-балаларымыз дүниеге қарқ болайын деген мақсатпен емес, ерегісу, егесу пиғылында жасайтын. Бір ауыл немесе ру екінші жақтпен ашық айқаса алмағандықтан осылай ерегесіп малын барымталап айдап әкетіп қалатын. Сосын қазақтардың арасында сот, прокурор, полиция деген болмады. Себебі қазақтай әділетті, адал халық әлемде жоқ десек қателеспейміз. Билер айтқан сөзге құлақ асқан. Билер мемлекеттік тұрғыда бір заңдық күштік құрылым болмаса да солардың шешкен төрелігіне риза болысқан. Сондықтан адалдықтың ең жарқын көрінісі қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінде, рухында жатыр. Сол үшін қазақтың нақылдарын үйрететін мектеп бағдарламасында арнайы сабақ болуы керек. Өйткені жас кезінде тыңдаған нәрсесін бала ешқашан ұмытпайды. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» деп атам қазақ бір ауыз сөзбен ысырапшылдықтың жаман екенін сипаттап беріп кеткен. Бұл ысырапшылдыққа бар ма деген сөз. Бұрын ауылдың шалдары айтып отыратын: былай жұдырықтай жұмылып қатып қалма, тақыр жерге мал бітпейді, алақандай ашылып шашылып кетпе, дүниең төгіліп қалады. Соның ортасын ұстан» деп алақанын жартылай жұмып көрсететін. Менің өзбектен достарым көп болды. Солардың дәстүрінің ұнаған бір жері тойда сорпаны кесеге жарым-жартылай құйып әкеледі. Сонда тойға келген адам бәрін таусытып ішіп қояды. Ал бізде кесені толтырып береді. Ол ішілмей жартысы қалып кетеді. Сондықтан ысырап мәселесінде дәл бүгінгі күні алдымен тойлардағы аста-төк тамақтардан бастау керек».
Шымкент