Шымкенттік ақындар да қоғамдық тақырыптарға да ой қосып отырады

Қазіргі таңда ақын қыздардың шығармашылығы мен қоғамдық қызметі Шымкент қаласының мәдениетінде жаңа леп, серпіліс туғызып, әдебиеттің және өнердің дамуына септігін тигізіп жүр десек болады. 

Screenshot_59.jpg

Олардың адамгершілік, ізгілік, және рухани құндылықтарды дәріптеуі замандастары мен болашақ ұрпақ үшін үлгі. Міне, осындай ақын қзыдардың бірі, Шымкент қаласының тумасы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – Арайлым Мұраталиева. Ол «Ай-Зер» жыр жинағының авторы. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Шымкентте өткен «Күміс қалам» республикалық поэтикалық дуэлінің бас жүлде («Күміс қалам») иегері.

– Жақында ғана республикалық дуэльде топ жарып, «Күміс қалам» иегері атандыңыз. Құттықтаймыз! Аталған дуэльдің өзге жыр мүшәйраларынан не ерекшелігі бар?

– Рахмет! Мүшайралардың дәуірі өткен деп ойлаймын. Мүшайра мүмкін, енді шығып келе жатқан ақындар үшін керек шығар. Ал, дуэль мүшайрадан кейінгі саты болуы керек. Онда ақындардың бір-бірінің қарым-қабілетін байқай аласың.  Мүшайрада 10 жыл бұрынғы ескі өлеңін келесі бір мүшайраға қатыстырып, орын алып кете беретіндер бар. Ал, дуэль — жаңа өлеңдер жазуға қанаттандырады.

– Томас Стернз Элиот «Поэзия – қанның сияға айналуы» дейді. Сіз үшін поэзия – ...

– Поэзия — өмір, ал, өмір — жүректің әңгімесі.

– Ақын болмысын үш сөзбен сипаттап беріңізші.

– Тазалық. Талғам. Жауапкершілік.

– Өзіңіздің ақын болатыныңызға қашан көзіңіз жетті?

– Қаламды қолға алғаш 13 жасымда алдым. Бірақ, өлеңді өлең деп атауға болатындай етіп жазған кезім 17 жасым екен. Мектеп. Үзіліс уақытында сыртқа шыққанымда, аспан бұлттанып, түнеріп тұр екен. Сол сәт көңіл күйіме қатты әсер еткені есімде. Содан “Бүгін жаңбыр жауса екен…” деп басталатын өлеңімді жаздым. Жаздым деймін, өзі жазылды.

Ақын болатыныма көзім енді-енді жетіп жүр десем болатын шығар. Алайда, мен бала кезде анам мен әкемді өлеңге айырбастап алған адаммын. Содан кейін де, ақын болмасам ұят шығар…

– Жалпы кей ақындар өлеңде өзі байқамай, бәлкім саналы түрде псевдонмиін тауып алып жатады. Мысалы Е.Жүніс «Дүние күрсінгенде пайда болған ақын» дейміз. Сізді «Тағдыр ғылымдарының докторы» атануға не итермеледі? Түсінігіңіздегі тағдыр ұғымы қандай?

– Жер бетіндегі 8 млрд адам менің кеудемде өмір сүретін сияқты. Менің кеудемде тыныс алатындай, менің кеудемде шай ішетіндей, жылайтындай, күлетіндей…

Тіпті, иттердің көзіне қарағанда көңіліңе әсер ететін кездер болады. Сондай мұңлы, сондай аянышты… 

Адамдар — табиғаттың тағдыры, табиғаттың бағы да, соры да — мына біз. Оны жақсы көреміз, онсыз тұра алмаймыз, бірақ оны аялай білмейміз, үнін естімейміз, сырына үңілмейміз. Әйтпесе, оның да айтары көп шығар бізге…

Сосын бізде «Тағдырлы ақын» деген ұғым бар. Қызық естіледі. Тағдырсыз адам да, ақын да болмайды ғой. Айтпақшы, ақын да адамға жатады екен ғой. Сен мұғалімсің бе? Демек, ол сенің тағдырың. Надансың ба? Ол да тағдырың. Жалпы, тағдырсыз ешкім болмайды, болған да емес.

Менің тағдырым — өлең. Ал, өлең — жүректен тамған жас, кеудеме қоныстанған тағдырлардың көз жасы…

– «Менің тағдырым – өлең»... Керемет! Ал «өлеңнің тағдыры болады» дегенге сенесіз бе?

– Сенем. Жалпы, сөздің киесі бар дегенге сенем. Жұмысқа қатысты болсын, басқа болсын, қандай да бір себепті жағдайлар болып қалғанда “Ауырып қалып ем” деген сияқты өтірік сылтауларды да айтуға қорқады екенмін. Дұрысы, шыныңды айту. 

Осыдан біраз жылдар бұрын бір өлең жазып ем. Өзім үнемі жымиып, күліп жүретініме байланысты “Күлер дейсің кім мәңгі, жылауым да мүмкін ғой” деген тармақтар ойға келді. Бірақ, ол ойымды параққа түсіруге қорықтым. Сосын, “Жылар дейсің кім мәңгі, күлуім де мүмкін ғой” деп өзгерттім. Өлеңнің де, сөздің де салмағы өзгеріп шыға келді. Және соған қуанамын. Бүгінде сол тармақ тағдырыма айналды.

– Жастар сыналып-сыналып сынға еті өліп кетті.  Әдеби ортада аға буын өкілдерінің іс-әрекеті, ой-пікірі, «қамқорлығы» едәуір маңызға ие болып кететін кездер болады. Осы туралы не айтар едіңіз?

– Сын айту үшін де аға буынның өзі барлық мағынасында таза болуы керек, кейде қамқорлық болып көрінген әрекеттері болашаққа жасалған қиянат болуы да мүмкін.

– Қиянат?

– Иә. Түрлі мысалы бар оның, бірі – әдеби байқауларда «бір звонокпен» орын алып кету деген нәрсе әлі де бар екенін бәрі біледі, біле тұра ешкім үндемейді. Оны жас ақын  қамқорлық деп ойлап қалуы мүмкін, адамды өтірікке сендіру - қиянат болмай не? Сосын, поэзия әлемінде ақын қыздар пайда бола бастаса, оларға кей ағалардың сексуалды обьект ретінде қарауы және олардың Арына дақ түсіруі — қиянат болмай не? Соған қарамастан, «Әдебиет — Ардың ісі» деп сөйлейді…

–  Өлең жынысқа бөліне ме?

– Әрине, бөлінбейді. Адамзатқа ортақ сезім, махаббат, күйзеліс, көз жасы, аспан, теңіз сияқты ұлы дүниелерде жыныс болушы ма еді? Біздің елде дәуірі біткелі жатқан мүшайралардың қай-қайсына қарасаңыз да, қыздар ең соңғы орынды алып жатады. Бұл — сексизм. Әдебиет әлеміне арылу керек дүниенің бірі осы. Қыздардың ақын болғанын қаламау немесе дарынын бағаламау — Жаратушыға қарсы болғанмен тең дүние.

– «Қоғамда өмір сүріп, қоғамнан тысқары бола алмайсың» дейді Ленин. Сізді қоғамдағы нендей мәселелер алаңдатады?

– Мен өмір сүретін қоғам  менің қоғамым емес сияқты. Жүйесіздік, шарасыздық, халықтың, оның ішінде әйелдердің сауатсыздығы алаңдатады. Былай қарап тұрсаң, жап-жақсы, тып-тыныш өмір сүріп жатқандай көрінеміз. Ал тереңіне үңілсең, іріп-шіріген бірнәрселер көрінеді әйтеуір…

– Көп ситуацияда байсалды қалпыңызды жоғалтпайтыныңызға өзім куәмін. Бұл туа бітті мінез бе, әлде эмоцияларыңызды өзге тәсілдер арқылы шығарасыз ба? 

– Туа біткен мінезім шығар, десек те,  бала кезімде ашық болдым. Өмірімдегі кейбір жағдайлардың әсерінен тұйықталып кеткен шығармын. Эмоциямның бәрі іште қалып қояды, кейде өлең болып шығып кететін сияқты.  Кейде жақын адамыңмен бірге ішкен жүзім шарабымен  шығаруға тура келетін кездер болады…

– Адам әлденеге сеніп өмір сүреді... Сіз неге сенесіз?

– Өзіме сенем. Өзімнің армандарыма сенем, болашағыма сенем…

– Сіз үшін «отбасы құндылықтары» деген не? Болашақ жарыңыздың бойында қандай қасиеттер міндетті түрде болу керек?

– Жар таңдау деген өте маңызды дүние ғой, және ол ақын қыз-жігіттер үшін өте қиын екенін түсініп келем. Менің болашақ жарым  адамзаттық деңгейде ойлана алуы керек, менімен тұрмыстық деңгейдегі ұсақ-түйек әңгіме емес,  парасат деңгейіндегі әңгіме айта алуы керек қой

– Ақындық – қанша жерден қасиетті дарын саналғанмен, мал табатын мамандық емес. Алдағы уақытта тағы қандай салаларда бой көрсетуіңіз мүмкін?

– Мектеп бітіретін жылдары мені Туризм саласы қызықтырды. Бірақ, Мәдениет саласына — Мәдени-тынығу жұмысы мамандығына оқуға түсіп кеттім. Ал, қазір үйлердің дизайн-интерьері қызықтырады, реті келіп жатса, оны да оқып алармын деген ой бар. Не нәрседен болсын тез жалығатыным бар, бұл өзі адам мінезінің қиындау бір бөлігі екен. Бір жағынан ізденісте жүру үшін де жақсы шығар. Жалпы, бір ғана қызығушылықпен тоқтап қалғым келмейді.

– Саяхаттағанды ұнататыныңызды, реті келсе, алыс-жақын мемлекеттерге сапарлатып тұратыныңызды білемін. Қай мемлекеттерде болып, қандай әсер алғаныңызды айтып өтіңізші...

– Менің белсенді қозғалыстағы өмірім, саяхатқа деген қызығушылығым бала кезде нағашы әжемнің мені той десе тойға, қонаққа шақырылса да өзімен бірге ертіп жүретінінен басталған болса керек. Қайда барса да мені жанынан қалдырмайтын. Содан болар, қазір үйде ұзақ отырып қалсам ішім пысады.

Басқа мемлекетке сапарым алғаш 2016 жылы Қытайдың Үрімжі қаласына барудан басталды. Кейін араға жылдар салып, тағы сол Қытайға, оның ішінде астанасы Пекин, Шанхай, Сиань, Ляньюнгань қалаларына жол түсті. 

Одан бөлек Грузия, Өзбекстан елдерінде болдым. Осы күзде Стамбулдың күзін көрсем бе деген ой тұр. Саяхаттауым керек деген елдердің тізімін жасап қойғам, алдағы уақытта ол жерлерге де барамын деп ойлап жүрмін. Халық көп баратын елдер аса қызық емес, мысалы, Дубай. Ол жерде болған сияқты сезінем өзімді. Қазақтар бара бермейтін Филиппин астанасы - Маниланы көргім келеді. Балиде (Индонезия) болғым келеді.  Лондонның жаңбырлы күнінде жаяу серуендегім келеді.

Ал, өз елімнің 10-ға жуық облыс-қалаларында болған екенмін. Әзірге...

– Шымкентте кішігірім орта пайда болды ғой. Сол ортадағы құрбы-құрдастарыңызбен не талқылайсыздар?

– Кейде мәнді, кейде мәнсіз әңгімелер айтылады. Әдебиет жайлы, фильм жайлы, кітап жайлы, адам жайлы, Құдай жайлы әңгімелер ғой сол. Қоғамда талқыланып жатқан тақырыптарға да ой қосып қоямыз.

– «Өз жүрегінің қалауымен өмір сүріп жатқандар аз шығар. Неге Жүрегін аямайды екен осы адамдар? Қайда қарасаң да стереотиптер, стандартталған ой-пікірлер. Ешкімнің, ештеңенің құлы болмай өмір сүруге болмас па екен?» дейтін өз сұрағыңызды өзіңізге қойғым кеп отыр...

– Неге болмасқа?! Бәрін де жасауға болады ғой. Өзіңіз ойлап қараңызшы, біз неге адамдардың қиялынан туған шеңберлердің ішінде өмір сүруіміз керек? Виктор Гюго “Кім болам десе, сол болу — ұлы адамның ісі, қолынан келгені болу — әр адамның ісі” дейді. Имам болғың келе ме, бол, ешбір дінді ұстанғың келмей ме, ұстанба, шашыңды өсіргің келмей ме, өсірме, қоңырауға жауап бергің келмей ме, жауап берме, тек қылмыс жасама! Жұрттың ойына еш агрессиясыз, мәдениетті түрде құл болмай өмір сүруді үйренуге болады.

Сұқбаттасқан С.Мергенбай

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық рух - өлеңдерінің негізі
  • «Ханбибінің биігі» жыр мүшайрасы мәресіне жетті
  • Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық кеші өтті
  • Шымкентте ҚХА жанындағы аналар кеңесінің 10 жылдығы аталып өтті
  • Шымкентте аналар мектебі ашылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер