Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының жаңа мекенжайда ашылу салтанаты өтті. Салтанатты кешке мәдениет өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана ардагерлері мен мекеме басшылары қатысты.
Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Ғалымжанұлының құттықтау сөзімен ашылған кеш шақырылған қонақтардың тілек-лебіздерімен ұштасты.
Ақын-жазушылар атынан сөз алған Н.Бегалыұлы, Х. Есенқарақызы және Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы М.Әбдәкімұлы кітапхананың әдебиетіміз бен мәдениетімізді танытудағы маңыздылығына тоқталып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Ән мен күй төгілген кеште «Саз» колледжі, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұстаздары мен студенттері, «Балдәурен» бағдарламасының жүргізушісі, жас әнші Жайлаубай Аяла, «Болашақ» мектебінің оқушысы Серікбай Бәйдібек әндерінен шашу шашылса, Шымкент қалалық опера және балет театрының бишілері мың бұрала биледі.
«Жас қаламгер» жас ақындар клубы мен «Сырлы сөз» үйірмесінің шәкірттері және №136 мектеп оқушылары әдеби композициясын ұйымдастырды.
Кеш соңы дастархан жайылып, әруақтарға құран бағышталып, зиялы қауым өкілдерінің тілек баталарына ұласты.
Оңтүстікке белгілі журналист қаламгер Әбдімәлік Ағыбай әлеуметтік желіде мынадай жазба қалдырды: «Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы 1978 жылдан бері мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына, жұмысшы жастарға қызмет етіп келеді. 180 мың кітап қоры бар рухани орталық қызметкерлерінің еліміздің ертеңі — жасөспірімдердің кітап оқуға құштарлығын арттырып, әдеби-мәдени ой өрісін ұштауда еңбектері ерекше.
Раушан БАБАЖАНҚЫЗЫ жетекшілік ететін қалалық жасөспірімдер кітапханасы жақында жаңа баспанаға көшіп, қоныс тойын тойлады. Жаңа жайдың ашылу салтанатына құтты болсын айтып келгендердің қарасы мол болды. Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Ғалымжанұлының құттықтауынан кейін сөз кезегі Оңтүстіктің абыз ақсақалы, ақын Нармахан Бегалыұлы мен Оңтүстіктің аңыз анасы, ақын Ханбибі Есенқарақызына берілді.
Кітапхана ұжымы мен қуанышқа жиналған кітапқұмар қауымды қоныс тоймен құттықтай келе Нармахан аға Бегалыұлы жақында ғана еліміздің Батыс өңірінде сапарда болып, сондағы көрген Ақтау қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейін, Атыраудағы Фариза Оңғарсынованың еңселі ескерткішін, Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы әдеби кешенін, Аралдағы Әбдіжәміл Нұрпейсов атындағы әдебиет үйін сөзіне тиек етіп, шырайлы Шымқаладан да Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов сынды қазақ әдебиетінің классиктері атынан сондай бір әдеби орталықтар ашып, еңселі ескерткіштерін тұрғызса құба-құп болар еді дегенді жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Шымкент қаласындағы өкілі Момбек Әбдіәкімұлы, тарихшы-ғалым Қайрат Анарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тарихшы-өлкетанушы Жақсылық Сыдықбаев, ұстаз-ақын Құрал Көмеков, талантты сазгер Нышан Төлегеновтер кітапхананың әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, бала тәрбиесіндегі маңыздылығына тоқтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Кітап — кітапхананың өзегі десек, оқырмандар кітапхананың діңгегі іспетті. Кеш соңы кең жайылған ақ дастарқанға ұласып, дастарқан басында келген қонақтар оқырман ретінде бір-бірімен ой бөлісіп, шер тарқатты. Зиялы қауым өкілдері тілек айтып, бата беріп, Арыстан арнайы ат арылтып келген қаламгер Тұйғынбек қажы Әлжігіт әруақтарға бағыштап құран оқыды. Тәлім-тәрбиесі мен өнегесі мол әрі жоғары деңгейде өткен салтанатты басқосудан көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарасты».
Кітапхана тарихына үңілсек 2003 жылы жастарға патриоттық тәрбие бергені үшін жасөспірімдер кітапханасына «Халық қаһарманы» Қ.Рысқұлбеков есімі берілді. Бүгінгі таңда жасөспірімдер кітапханасы жасөспірімдерге – 14 пен 29 жас аралығындағы оқушылар мен жұмысшы жастарға арнайы қызмет көрсететін республикада сақталып қалған 4 арнайы жасөспірімдер кітапханаларының бірі. Ғаламдық ақпараттандыру ғасырында жасөспірімдер кітапханасы түрлі гранттарды жеңіп алу үшін жобалар жасауға кірісті. Бұл жұмыстар өз нәтижесін берді. 2003 жылдың маусым айында жасөспірімдер кітапханасында Интернетті қоғамдық пайдалану пунктін ашу үшін АҚШ-тың Халықаралық Зерттеулер мен Алмасу Кеңесінің (IREX) грантына ие болды. Кітапхана қызметкерлері IATP Серіктестіктерінің Халықаралық конференциясына (2003 ж. 28-31 шілде), Тұрақты Даму бойынша болатын Республикалық семинарға (2004 ж. 5 тамыз, Шымкент қаласында; 2004 ж. 24-25 қыркүйекте, Өскемен қаласында) қатысуға грант жеңіп алды. Үш жыл бойында Орталық тегін Интернетке қосылуды қамтамасыз етті, Дербес Компьютерді қолдануды үйрету үшін тегін тренингтер жүргізді. Жасөспірімдер кітапханасы осы жоба шеңберінде 2005 жылы 1500 доллар көлемінде грант жеңіп, ол сомаға қосымша екі компьютер, сканер және принтер алды. Осы 2003 жылы ШҚЖК Сорос-Қазақстан Қорының Шымкент қаласындағы Ресурсты Орталығымен серіктестік туралы келісім-шартқа қол қойды. Сонымен қатар, Санкт-Петербургтің мәдениет және білім қоғамдық қорымен серіктестік туралы келісім-шартқа қол қойды. Қор кітапханаға талапкерлерге арналған оқулық, әдістемелік әдебиеттерді, Санкт-Петербург тарихы мен мәдениеті туралы әдебиеттерді берді. Көптеген мектеп оқушылары Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бұған ШҚЖК-ның да септігі тиді. 2007 жылы маусымда кітапхананың Интернет Орталығында Электронды Үкіметті Қоғамдық Пайдалану Пункті ашылды. Кітапханаға келушілердің әлеуметтік мәселелер бойынша түрлі ақпарат алуына, құжаттарды толтыруына, республикалық және жергілікті билік органдарының жұмыс барысымен таныс болып отыруына және т.б. мүмкіндігі бар. Кітапхананың шығармашылық бастамаларын, өзара қарым-қатынасты серіктестері қолдап және оны дамытып отырады.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 9 сәуірдегі №290 қаулысына сәйкес «Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.
Кітапханада сала бойынша әдебиеттер, мерзімді басылымдар мен ақпаратты электронды тасымалдаудан тұратын 176000 дана қор қалыптасқан. Жылына кітапхана 140000-ға жуық келушіге қызмет көрсетеді.
Мекемеде 26 жоғары білімді, өз ізін жетік меңгерген шығармашылық қызметкерлер жұмыс жасайды. Көп жылғы кітапхана саласындағы еңбектері бағаланып 7 кітапханашы Қазақстандық Кітапханалық Одақтың «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталған.
Кітапхана қызметін жаңашаландыру негізінде WEB-RABIS бағдарламасы орнатылып, электронды каталог құру жұмыстары жүргізілуде.
Оқырмандардың рухани зияткерлігін қалыптастыру, мәдени – танымдық көзқарасын және шығармашылық ынтасын арттыру мақсатында «Жақсымен өткен жарты сағат», «Айна», «Кел сырласайық, қыздар!» клубтары жұмыс жасайды.
Кітапхана аймақаралық және республикалық деңгейдегі кітап оқуды ілгерілетуге бағытталған мәдени-ағартушылық, конкурстық жобалардың белсенді қатысушысы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2022» республикалық фестиваль-конкурсына қатысып, «Үздік қалалық маңызы бар балалар және жасөспірімдер кітапханасы қызметкері» номинациясын кітапханашы Құндызай Елекеева жеңіп алды.
Мәдениет саласын дамытудағы еңбектері үшін кітапхана директоры Раушан Бабажанова «Қазақстанның көрнекті кітапханашылары» анықтамалық кітабы мен «Шымкент қаласының энциклопедиясы» кітаптарына енді.
Кітапхана оқырмандары түрлі республикалық байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуде. 2023 жылы жазушы Х.Есенжановтың 115 жылдығына орай жарияланған республикалық шығармашылық байқауда Дина Раманкулова «Сурет» жанры бойынша І орын, Дильназ Ұтмаханбет «Поэзия» жанры бойынша номинация иегері атанды.