Нартұлға

Жуырда Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120жыл толуына орай «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» атты еске алу кеші өтті. 

Screenshot_72.jpg

«Нартұлға» бейнебаянымен ашылған кешке М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің аға оқытушысы, магистр Ғ. Қасымхан, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназия кітапхана меңгерушісі Ж. Пиримкулова, А.П.Чехов атындағы №21 ЖОББМ директоры Қатира Жұмағұлқызы бастаған ұстаздар мен оқушылары қатысты.

Кеште аталмыш мектептің тарих пәнінің мұғалімі Н. Амангелдиева Алаш тұлғасы Н. Оңдасыновтың өмірі мен қайраткерлік істері бойынша кеңінен баяндап, презентация жасады. Жалпы кеш барысында мемлекет қайраткерінің ұлтжандылық, адалдық, іскерлік, тұлғалық болмысы айқындалып, басшылық қызметінде халқының бақытына айналғаны туралы толғана сыр шертілді.

Тарихшы, магистр Е. Асылбеков Н.Оңдасыновтың кеңестік кезеңде ел үшін, жер үшін күресі туралы тарихи деректерді сөйлетсе, магистр Ғ. Қасымхан қайраткердің Алаштың ұлы тұлғаларымен тығыз байланыста болғанын және оларды ұлттық мүдде біріктіргенін кеңінен тарата айтты.

Кеш барысында Н. Оңдасынов туралы өлеңдер оқылып, ән-биден шашу шашылды. Кішкентай өнерпаз Аяла Айдарқызының туған жер туралы әні, осы аталмыш мектеп оқушыларының «Қаражорға» биі мен С. Болатовтын оқуындағы «Нұртас аға» өлеңі жүректерге нұр ұялатып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Иә, Нұртас Оңдасынұлы шын мәнінде ұлтын жүрегімен сүйген дара тұлға.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының мәлімдеуінше нартұлғаның өзі жазып қалдырған өмірбаянында көрсетілгендей, Нұртас Оңдасынов 1904 жылғы 26 қазанда Түркістан жеріндегі Үшқайық  ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Туған анасы Жұмагүл оның 3-4 жасында қайтыс болып, екінші анасы Дәрігүлдің қолында тәрбиеленеді. Ол өте жақсы адам болған екен, сондықтан Нұртас туған анасы мен өгей анасының айырмашылығын білмей өседі. Оны бір күні анасы қолынан жетектеп, ауыл молдасына алып барып: «Мынау біздің кенжеміз… Баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі. Оған құран оқуын үйретіңіз», – деп өтініш жасайды. Бұл жағдай оның өмірінің алғашқы күрделі жағдайы ретінде жадында сақталады, өйткені сол алған білімі кейін зейнеткерлікке шыққан кезінде араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздіктерін жазуға нақты көмегін тигізеді. Бірнеше жыл өтісімен бірінші дүниежүзлік соғыс басталып кетіп, оған 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығына сәйкес жұмысқа жарайтын қазақ азаматтарының майданға қара жұмысқа алынуы ауылдың ауыр хал-жағдайын нашарлатып жіберді. Оның үстіне 1917 жылы қатты қуаңшылық болып, ауылдың халқы мен малын асырап келген егістіктер, шабындықтар мен жайылымдар шөлге айналды. Осындай жағымсыз құбылыстардың салдарынан тұрақты суармалы жері жоқ қазақтар адам айтқысыз жұтқа ұшырады, қара шыбындай қырылды. Нұртастың әкесі де бірнеше балаларымен, немерелерімен сол жұттың құрбаны болды. Жаппай ашаршылықтан тірі қалған адамдар жан-жаққа босып кетті. Нұртас та Ташкент қаласына басқалармен бірге көшіп барады.

Н. Оңдасыновтың жазбасы бойынша, оның балдаурен кезеңі қуанарлық жағдайда болмады. Балалық шағы жас кеңес үкіметінің құрылып жатқан тұсында, қоғамның бір формациядан екінші формацияға өтіп, халық ештеңені түсініп-біліп жатпаған өтпелі кезеңде өтті. Ақыр соңында солақай басшылықтың салдарынан халық аштыққа келіп ұрынды, ел күнкөріс, бір үзім нан үшін басы ауған жаққа босып кетті. «Кедей-шаруа үйінде дүниеге келген мен де сондай қиындықтың ортасында болдым. Жас шағымда әкем де, анам да, өгей анам Дәрігүл де қайтыс болды… Бірақ қанша аш-жалаңаш қалсам да мен ешкімге алақан жаймадым. Өз еңбегіме, өзіме сендім. Ауылда егін ектік, мал бақтық, кейіннен Ташкент ауып, өзбектерге жалданып, не керек, өз нанымды өзім тауып жеп жүрдім. Осындай тәрбиеден шыққандықтан ба, әлде, қанағатшылдығым ба, білмеймін кейіннен қаншама лауазымды жұмыс істесем де, мүмкіндігімді пайдаланып қалайын деп, дүние-мүлік, қымбат заттар жинауға құмарланбадым», – дейді Нұрекең сол естелігінде.

Ол Ташкентте алдымен жүн зауытына, содан кейін Ташкент темір жолының қыш зауытына қатардағы жұмысшы болып орналасады. Сөйтіп жүргенінде оған Ташкентте жетім балаларға арналған мектептер ашылыпты деген хабар жетеді. Нұртас 1920 жылдың тамыз айында солардың бірі №14 мектеп-интернатқа барып, оқуға түседі. Кейін белгілі болғандай, бұл интернаттар Ғани Мұратбаев бастаған сол кездегі зиялы жастардың күшімен ұйымдастырылған екен. Сол интернаттың түлектері орыс тілінен тұңғыш сабақты Ғани Мұратбаевтың өзінен алады. Нұртас 1921 жылдың сәуір айында Ғани Мұратбаев ұйымдастырған комсомол ұйымына мүшелікке қабылданады.

Ғани Мұратбаев ашқан интернаттар жетім балалар үшін жасалған үлкен қамқорлық болатын, өйткені онда мемлекет өзі оқытады, өзі тамақтандырады, өзі киіндіреді. Ал олардың жататын жері кеше ғана көшеде қайыр сұрап, вокзалда ұйықтап жүрген балалар үшін нағызы жұмақ сияқты болатын.

Мектеп-интернатты тамамдағаннан кейін 1923-1927 жылдар аралығында Нұртас Ташкент Орман шаруашылығы техникумында білім алған. 1927-1930 жылдары Қызылорда, Жамбыл және Шымкент қалаларында Су шаруашылығы мекемесінің қызметкері болды. Жас кезінен алғыр, зерек жас жігіт 1930-1934 жылдары Ташкенттегі Орта Азия университетіне қарасты Ирригация институтында оқиды. Ал 1934-1938 жылдары Қазақ Орман шаруашылығы басқармасында орынбасар, кейінірек басшылық қызмет атқарған. Ол қызмет бабымен өрлеп, 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетіне төраға болып тағайындалады. Онда Қазақстан Коммунистік партиясы облыстық комитетінің бюро мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясының II съезіне делегат болып сайланады. Сөйтіп, сол облыста алты ай қызмет жасап жүрген уақытында іскерлігі мен жаңашылдығын, талантын таныған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н. А. Скворцов 1938 жылдың шілде айында оны Үкімет төрағалығына (Совнарком) тағайындауға ұсынады.

Нәтижесінде, 1938 жылғы шілде айында Нұртас Оңдасынов Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшелігіне өтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Қазақ КСР Үкіметінің (Халық Комиссарлар Кеңесінің, кейін Министрлер Кеңесінің) төрағасы болып тағайындалады. Бұл қызметті ол 1951 жылдың қазан айына дейін атқарады. 1951-1953 жылдар аралығында Мәскеудегі Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жанындағы Жоғары Партия мектебінің тыңдаушысы болады. 1954 жылғы наурыз айында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының (Төралқасының) төрағасы болып сайланады.

Бұл қызметтен қалың бұқараға жақынырақ жерге сұранып, кейінгі жеті жыл (1955-1962) өмірін Гурьевте (Атырауда) өткізеді. Онда екі жыл Халық депутаттары Облыстық Кеңесінің төрағасы, бес жыл Қазақстан КП Облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерінде болып, зейнеткерлікке шығады. Сөйтіп, Нұрекеңнің 25 жылдай өмірі кеңестік-партия қызметінде өтеді. 25 жыл (1938-1963) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 18 жыл (1940-1958) КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесі палатасы төрағасының орынбасары (1946-1950), КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы (Төралқасы) төрағасының орынбасары (1954-1958) болып қызмет атқарады. Ол осы аталған қызметтерді атқара жүріп, 26 жыл (1938-1964) Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің және 14 жыл (1938-1951) оның бюро мүшесі, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының XVIII, XXII, XXIII съездері мен оның  XVIII конференциясының делегаты, 13 жыл (1939-1952) Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланады. Осы жылдары үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық рух - өлеңдерінің негізі
  • «Ханбибінің биігі» жыр мүшайрасы мәресіне жетті
  • Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық кеші өтті
  • Шымкентте ҚХА жанындағы аналар кеңесінің 10 жылдығы аталып өтті
  • Шымкентте аналар мектебі ашылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер