Ана – ұлттың ұйытқысы, тәрбие мен ізгіліктің бастау бұлағы. Қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік деңгейі ананың берген тәлімі мен өнегесіне тікелей байланысты. Ұрпақ тәрбиесінде ананың рөлі ерекше, себебі ол баланың алғашқы ұстазы, ұлт болашағының іргетасын қалаушы.
Бүгін қаламыздағы Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да Аналар мектебінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл жиын Шымкент қаласына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Аналар кеңесінің 10 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Осы жиынға Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанаи іс сапармен келіп, өңірдегі атқарылып жатқан істермен танысты. Сондай-ақ, бас қосуға қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Салтанатты жиын барысында Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсенкүл Боповаға арналған «Қызмет пен Құрмет» көрмесі, ұлттық құндылықтарға бағытталған үйірме жұмыстарының таныстырылымы болып,
-Аналар мектебі ұрпаққа қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, ұлттық дүниетанымын жеткізуге бағытталған. Әсіресе, отбасы құндылықтарын дәріптеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді тәлімді тәрбиенің негіздерін үйретеді. Қоғамда аналардың беделін арттырып, олардың әлеуметтік мәселелерге белсенді араласуына жағдай жасайды. Аналар мектебі арқылы әйелдер қауымы ел ішіндегі ынтымақты нығайтуға, қоғамда мәдениетті дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз. Мемлекет басшысы тапсырма берген бес кеселден қоғамды арылтатын да аналар, -деді өз сөзінде Назипа Ыдырысқызы.
Қонақтар университет ішіндегі психологиялық қолдау орталығы дайындаған «Жүйелі отбасылық психотерапиясы» тақырыбында психологиялық тренингке де қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Шараға қатысушылар «Күй құдіреті» атты мәдени іс-шарасын,ұлттық құндылықтар бойынша үйірменің жұмыстарының көрмесін тамашалады. Айта кетейік оқу орнында «Мұра» атты орталық жұмыс істейді, 14 үйірме біріккен. Олардың барлығы ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмысымен айналысып, қазақтың қол өнері мен салт-дәстүрін дәріптеп жүр.
-Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ – өңірдегі педагогикалық кадрларды даярлайтын беделді оқу орны. Университеттің білім алушыларының басым көпшілігі – болашақ аналар, қыз-келіншектер. Осыған байланысты «Аналар» мектебі арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап, жас ұрпаққа ұлттық педагогика негіздерін бойға сіңіру көзделуде, - дейді Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры, Шымкент қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Дәулетбекқызы.
Бұл шара ұлттық тәрбиенің мәнін ұлықтап, отбасылық құндылықтарды дамытуда ерекше рөл атқарады.
Аналар мектебі – ұлттық тәрбиенің берік іргетасы. Оның жұмысы болашақ ұрпақтың саналы, мәдениетті және рухани бай болып өсуіне жол ашады. Бұл мектеп тек отбасы мен қоғамды емес, тұтас ұлттың болашағын қалыптастыруға негіз болады.