Республикалық маңызы бар, еліміздің үшінші мегаполисі - экономикасы дамыған, потенциалы жоғары шаһардың бірі. Мұнда туризм, кәсіпкерлік,білім,мәдениет салалары айтарлықтай дамып келеді. Ауыл шаруашылық саласы бойынша да жеткен жетістігі аз емес.
Таяуда қаладағы Мәртөбе тұрғын алабында мемлекеттің қолдауымен сүт өнімдерін өңдейтін цех ашылды. Жобаға 300 млн теңге инвестиция тартылған. Аталмыш цехта күніне 20-25 тоннаға дейін сүт өңделуде. Өңделген сүттен 2,5 тонна ірімшік өнімінің голланд және моцарелла түрі шығарылады. Сұранысқа қарай брынза өнімі де өндіріледі. Басшылықтың айтуынша өнімдерге сұраныс артып келеді екен.
Кәсіпорын басшысы Полат Халаевтың айтуынша, алдағы уақытта өнім көлемін 35-40 тоннаға дейін арттырып, өнім түрін көбейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Мәртөбеден шығарылған сүт өнімдері еліміздің барлық аймақтарын толықтай қамтып отыр екен.
Жиырма бес жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Халаев» ЖК кәсіпорын сапа стандарты бойынша жұмыс істеп отыр. Сондықтан мұндағы өнімдердің сапасы да жоғары.