Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шымкент қаласының басты жетістіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Басқосуға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт, М. Әуезов атындағы ОҚУ проректоры Сәкен Мәжiнбеков, қалалық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева, «Азаматтық Альянс» ҚБ төрағасы Жұмағали Бiлiсбеков, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан, ҚР Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыров, «Қаратау дәстүрлі өнер» мектебінің директоры Біржан Байтуов, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева қатысты.
Алқалы жиында сөз алған Шыңғыс Жұмабекұлы Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы мемлекеттік құрылыстағы тарихи серпілісінің, әртараптандырылған нарықтық экономиканы құруда үшінші мегаполистің алар орны ерекше екенін жеткізді. Қала халқының 52 пайызы егемендік алған 30 жылдың ішінде дүниеге келгенін және шаһар тұрғындарының орташа жасы 28-ді құрағанын айтты. Сондай-ақ, айтулы жылды шаһарда кең көлемде мерекелеу барысын атап өтті.
– Егемендік алғалы елімізде көптеген ауқымды жобалар атқарылып, соның жемісін көріп келеміз. Осы жетістіктердің ішінде Шымкент қаласы мен жұртшылығының алатын үлесі едәуір. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде қамту мақсатында басқармалар мен аудан әкімдіктерінен ұсыныстар жинақталып, әр айға арнайы атаулар берілген. Бұл ретте биыл бірінші жартыжылдықта қала бойынша Тәуелсіздігімізді ұлықтаған 175 іс-шара өткізілді. Оның ішінде республикалық 74 ауқымды іс-шараға 45 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табатыны сөзсіз, - деді Шыңғыс Мұқан.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Шымшаһарда атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді талқылады. Сонымен қатар, «Туған қала» атты бейнероликті тамашалады.