Президенттің «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында түзеу мекемелерінен босатылған жандарды қоғамға бейімдеу, оңалту, оларды қайта тәрбиелеу жайы айтылған. Осы орайда Шымкенттегі қатаң режимдегі ИЧ 167/2 колониясында «Оңалту түрмесі» жобасы қолға алынып жатыр. Мұнда аса ауыр қылмыс жасаған азаматтарды өмірге бейімдейтін болады. Мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия колонияда жазасын өтеп жатқандармен кездесіп, кеңес береді. Бостандыққа шыққан соң жұмыспен қамтылып, баспаналы болудың, денсаулығы сыр берсе тегін медициналық көмек алу жолдарын айтып береді. Тіпті мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсібін ашып, түтінін түзу шығаруға болатынын түсіндіреді. Тіпті туыстарымен қарым қатынасты түзетуді де үйретеміз деп отыр түрме басшылығы. «Біз «Оңалту түрмесі» жобасын дайындауға кірісіп кеттік. Негізгі мақсатымыз — бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, темір торда болғандарды қоғамға бейімдеу. Бұл жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік оңалту туралы ҚР Президентінің 2016 жылғы Жарлығымен бекітілген кешенді стратегиясының бір бөлігі»-дейді ИЧ 167/2 түзеу мекемесінің бастығының орынбасары Айбек Тәңірбергенов.