Шымкен пен Сайрам іргесі көне замандарда қаланған шаһарлардың бірі есептеледі. Сансыз баптардың мекені саналатын Сайрамда әулиелі орындар көп. Мұнда жыл бойына әр қиырдан келген зияратшылардан үзілген емес.
Шымкентте туристер жиі келетін тарихи-киелі орындардың бірі Мариям ана кесенесі. Аталған кесене Сайрам елді мекенінде орналасқан. Қабірстанға кіреберіс оң қапталда мешіт, одан соң қабірстан бар. Екеуі де Мәриям ана атымен аталады. Бибі Мәриям ана атымен аталатын жазбалар мен ел аузындағы әңгімелерде екі түрлі дерек бар. Бірінде – мұнда Хаммад қажының қызы Бибі Мәриям жерленген дейді. Ол жастайынан құлшылыққа бой ұрып, шариғат заңдарын мүлтіксіз орындап өткен екен. 760-770 жылдары Сайрам, Түркістан аумағына исламды тарату мақсатымен Ысқақ бабаның бастауымен Абдал-Әзіз баб, Түкті Шашты Әзіз баб әскері келеді. Солардың ішінде Мариям ана болады. Пайғамбар Мариям анаға батасын беріпті. Ол әйелдерді намаз оқуға үйретуге көмектескен. Мариям ананың емшілік қасиеті де болған. Теріскей өңіріндегі құдіреті күшті, ең жасы үлкен әулие әйел – Гауһар ана бибі Мәриямның түсіне еніп «Пәктік пен тазалық, әділдік пен ақиқатты сақтаушы пір ретінде елге таныласың» деп аян беріп, жарылқаған екен. Мариям ана кесенесі зияратшылар үзілмейтін, Шымкент қаласындағы туристік нысандардың бірі саналады.
Сайрам мыңдаған жылдық тарихы бар Қазақстандағы көне қала. Мұнда түркі әлемінің пірі есептелетін Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келген. Сайрамда бүгінде оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың кесенелері бар.