Шымкент қалалық Әділет департаментінде Адам құқықтары жөніндегі өкілдің қатысуымен арнайы жиын өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Басқосуда ерекше бала тәрбиелеп отыған аналардың әлеуметтік қамтамасыз ету мен оңалту шараларына қатысты мәселелері талқыланды. Бұл мәселені жан-жақты зерделеу үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің қалалық филиалы басшысының орынбасары Т.Дауытов, психикалық денсаулық сақтау орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері және қоғам белсенділері арнайы шақырылған.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар 18 жастан кейін мүгедек жандар үшін ешқандай оңалту емі қаралмағанын, ІІ топтағы мүгедек баланың денсаулығына байланысты І топқа өткізу ісінде қиындық көптігін айтуда. Бұл мәселеге Төрехан Дауытов егер аналар баласына мүгедектік тағайындау қорытындысына келіспеген жағдайда еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің қалалық филиалына келіп, шағымын жеткізуге болатынын айтты.
–Мүгедектік тағайындау ең алдымен учаскелік дәрігердің бақылауымен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда жаңа қабылданған нормативке сәйкес, адами факторды болдырмау үшін мүгедектікті куәландыру сырттай, онлайн жүзеге асып жатыр. Ата-аналар мұнымен келіспеген жағдайда біздің мекемізге келіп өздерінің қарсылық шағымын жазбаша білдіруге болады. Біз осы арызды негізге алып, сараптамалық топ науқас баланың денсаулық жағдайын көзбе-көз көріп, куүландырады,- деді Т.Дауытов.
Ал, 18 жастан кейінгі мүгедек жандарды оңалтуы жайында әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының өкілі Раушан Сейдакпар жауап берді.
–18 жастан асқан аутизм, психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек жандарды толық стационарда оңалту үшін 2019 жылы 100 орындық орталық ашылған болатын. Қазір онда 70-тен аса науқас қызмет алып жатыр. Жартылай стационар бойынша басқарманың әлеуметтік қызметтер порталына 15 ата-анадан өтінім келіп тұр. Осындай қажеттілікке байланысты біз ұсыныс әзірлеп, бұл бағытта қызмет көрсететін орталық ашу үшін оның нормативтерін негізге алып, қала әкіміне ұсыныс берілді. Қазір №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан 30 орындық оңалту бөлімін ашу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді ол.