Шымкент қаласында "Shymkent Marathon” ауқымды спорттық іс-шарасы биыл 6-шы рет өтті. Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы «Шымкент келбеті( басылымы хабарлады.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов барша қатысушыларға сәттілік тілеп, өз құттықтауын жеткізді.
—Іс-шараның басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын қалыптастыру. Елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, барлық жағдай жасалуда. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сайыста мықтылар жеңсін! — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жүгіру марафоны Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда мәресіне жетті. Сайысқа тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын әрбір тұрғын, спорт жанкүйерлері бақтарын сынады. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия және еліміздің басқа өңірлерінен, жалпы 60-тан астам қаладан қатысушылар тіркелді.
Жарыстың жалпы жүлде қоры - 14 млн теңгені құрады.
Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты.
Биыл 7 дистанция бойынша сайыстар өтті. Атап айтқанда, 5, 10, 21 және 42 шақырым және скандинавиялық жүрістен, сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және мүмкіндігі шектеулі балалалар арасында жеңімпаздар анықталды.
Сонымен, Шымкент марафонында 42 шақырымды 73 адам, 21 шақырымды 227 адам, 10 шақырымды 526, 5 шақырымды 1089 адам жүріп өткен.
Марафонның басты қашықтығы — 42 шақырым бойынша ерлер арасында Ержан Жанарстанов (18-29 жас), Павел Солодов (30-39 жас), Алмас Баймұхамедов (40-49 жас), Абдурашид Бахтиев (50-59 жас), Серік Сексембаев (60-69 жас) үздік шықса, әйелдер арасында Диана Айдосова (18-29 жас), Олеся Алексеева (30-39), Ольга Машинская (40-49 жас), Нелли Медведева (50-59 жас) топ жарды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов бұқаралық жүгіру сайысында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Жеңімпаздарға ақшалай және марафонның демеушісі "Эврика" сауда желісінің бағалы сыйлықтары табыс етілді.